Бұқараның борышы кешіріледі
Бұқараның борышы кешіріледі
346
оқылды

Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуын­ша, осы жылдың соңына дейін 300 мыңнан астам жұмыссыздар, фрилансерлер жұмыспен қам­туға жәрдемдесу шараларына тартылады, «Бастау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» бағдар­ла­малары аясында қысқамерзімді кәсіптік оқытудан өтеді.

Өз ісін ашқысы келетіндерге жеңілдікті несие мен гранттар беруге үлкен көңіл бөлінеді. Халықтың осал топтарына атаулы әлеуметтік көмек беру тиімділігін арттыру көзделген.

– Үкімет пен Ұлттық банктің маңызды міндеті – баспана қолжетімділігін арттыру. Осы мақсатта аз қамтылғандарға ұсы­нылатын арендалық тұрғын үй көлемі 2 есе ұлғайтылады: жы­лына 20 мың пәтерге жеткі­зіледі. Ал жұмыс істейтін жастар­ға ар­налған баспана көлемі 3 есе­ге – жылына 1 мыңнан 3 мыңға дейін өсіріледі, – деді Ә.Смайылов.

Барлық өңірде аз қамтылған отбасылардың балаларын әлеу­меттік қолдау шаралары жүйе­лендіріледі: оған ыстық тамақ бе­ру, тегін жол ақысы, мектепке қажетті заттармен қамтамасыз ету кіреді. 1 қыркүйектен бастап аз қам­тылған және көпбалалы отба­сылардағы жастарға қосым­ша 5 мың нысаналы білім грант­тары бөлінеді. 1 қыркүйекте кол­­ледж­дерде жұмысшы маман­дықтарына оқитын 123 мың жастың шә­кіртақылары 30%-ға көбейтіледі.

– Осы шаралар халықтың тұрмыс сапасы мен әлеуметтік көңіл күйінің жақсаруына жаңа серпін береді, – деп түйді Әлихан Смайылов. Оның мәліметінше, борыш жүктемесін азайту арқы­лы мемлекет 500 мың қазақ­стандықтың қаржылық жағда­йын жақсартады.

Вице-премьер Гүлшара Әбді­қалықова кепілсіз тұтынушылық несиелері бар азаматтардың бар­лығының бірдей кредиті кеші­рілмейтінін, бұл шара тек белгілі бір санаттарға ғана қатысты екенін ескертті.

– Көмек көрсетілетін тұлға­лар санатына көпбалалы отба­сылар; асыраушысынан айырыл­ған отбасылар; мүгедек балалары бар отбасылар; 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедек адамды тәрбиелеп отырған отбасылар; АӘК алатындар; жетім балалар; ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, 29 жасқа де­йінгі ата-ананың қамқорлығын­сыз қалған балалар жатады. Бұ­лардың барлығы деректер база­сында бар. Енді сол база бойын­ша банктермен бірге бұлардың несиесінің бар-жоғын қараймыз. Алдын ала деректер бойынша мемлекет көмегіне аса мұқтаж әрі несиелері бар азаматтар саны 443 мыңды құрайды, – деді
Г.Әбдіқалықова.

Ол осы қаржылай көмекті көрсету кезінде несиенің қандай мақсатта алынғанына қатысты ешқандай да тексеріс жүргізіл­мейтінін қосты.