«Көшің көлікті болсын!» деп бата береді қазақ. Қазақ жерінде ат қолға үйретілгелі бері кез келген мемлекеттің экономикасы көліксіз табысты дами алмайтыны, көші қарқынды ілгерілемейтіні мәлім болды. Көліксіз өнеркәсіп кәсіпорындары қалыпты жұмыс істей алмасы, жабдықтау мен жеткізілімдер жүзеге аспасы, өңіраралық сауда алға баспасы анық. Ал жақсы жолдарсыз көліктің де адымы ашылмайды.
Жаңа экономикалық аудандар мен кен орындарын игеруде де автокөлік жолдарының маңызы үлкен. Онсыз мемлекеттің қорғаныс қабілеті де қамтамасыз етілмейді. Осылайша, автожолдардың ахуалы белгілі бір шамада мемлекеттің өркениетінің деңгейін білдіреді. Мамандардың айтуынша, автожолдардың даму қарқыны елдің экономикалық өсу серпініне сәйкес болуға тиіс.
2019 жылғы автомобиль жолдарының сапасы бойынша мемлекеттер рейтингінде (Quality of roads) Қазақстан 138 елдің ішінде 115-ші орынға орналасты.
Биылғы жылы да бірнеше жыл қатарынан Біріккен Араб Әмірліктері көшбасшы атанды. «Ондыққа» сондай-ақ Сингапур, Швейцария, Гонконг, Нидерланды, Жапония, Франция, Португалия, Австрия және АҚШ кірді. Бұлардың басым көпшілігі жер аумағы шағын мемлекеттер.
Ал Қазақстандағы жолдардың сапасын сарапшылар Моңғолия, Уганда, Эфиопиядағыдан да төмен бағалады.
Посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер де рейтингтің соңғы жағына жайғасты. Мәселен, Ресей 114-ші орында тұр. Тек Армения ғана жоғарырақ, 85-ші орынға тұрақтады. Мамандардың байламынша, әлемдегі ең нашар жолдар Гаити, Конго және Мауританияда екен.
Айта кету керек, Дүниежүзілік экономикалық форум жыл сайын әлемдегі экономиканың жай-күйі туралы төл баяндамасы аясында төрткүл дүниедегі тәуелсіз елдер жолдарының сапасы туралы деректер жинайды. Ол жаһандық бәсекеге қабілеттілікке (Global Competitiveness Report) ықпал ететін көрсеткіштердің бірі саналады. Бұл ретте сарапшылар бір елдің бүкіл аумағындағы жол жабынғысының сапасына ортақ баға береді.
Әйтсе де, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың дерегінше, «Бәсекеге қабілеттілік жаһандық индексінде» автомобиль жолдары жағдайының рейтингі статистикалық көрсеткіштері бойынша Қазақстан 59-шы орында. Сонымен бірге, ол «арнайы сауалнама тәсіліне сәйкес, халықтың жергілікті жолдардың жағдайына қанағаттану деңгейі бойынша Қазақстан небары 106-шы орында тұрғанын» растады.
Қазақстанда автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы шамамен 146 мың шақырымнан асады. Әйткенмен, соның 96 мың шақырымы ғана ортақ пайдалануға берілген автокөлік жолдарының желісі саналады. Оның үлкен бөлігі жөндеу мен қалпына келтіруді қажет етеді.
– Республика жолдарының үлкен бөлігі кеңес кезінде, өткен ғасырдың 60-80 жылдарында сол замандағы нормативтік талаптарға сәйкес жобаланып, салынған. Алайда Кеңес Одағында автомобильдің әр бірлігіне түсетін жүктеме 6 тоннадан аспайтын деңгейде бекітілетін. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 8–10 тоннаға дейін өсті. 2005 жылдан бері еліміздегі жол құрылысы мен реконструкция 13 тоннаға дейінгі жүктеме есебімен жүргізілуде. Қазақстан арқылы өтетін барлық халықаралық дәлізде жол сапасы І-ІІ техникалық санаттан төмен емес, – дейді экономист ғалым Мира Көшімова.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан 12,5 мың шақырым автожолды жаңадан төседі және реконструкциялады. Жүзеге асырылуы тамамдалуға таяған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында да біраз жұмыс атқарылды.
Бүгінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елдегі жолдарды жақсарту бойынша ел Президенті қойған міндетті іске асыруға кірісуде.
– Біздің ведомство сайлауалды бағдарламаны іске асыруда екі бағыт бойынша жауапты болып белгіленді: бұлар – «Қолжетімді баспана» және «Бірінші класты инфрақұрылым». 2019 жылдың соңына дейін біз 2020-2025 жылдарға арналған үш негізгі мемлекеттік бағдарламаны, атап айтқанда, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және Индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын әзірлеп, қабылдауға тиіспіз. Қазір барлық үш бағдарлама дайын және келісу сатысына шықты, – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р.Скляр.
Оның мәліметінше, жаңа «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында шамамен 7 мың шақырым жолды қайта жаңарту жоспарлануда.
Посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер де рейтингтің соңғы жағына жайғасты. Мәселен, Ресей 114-ші орында тұр. Тек Армения ғана жоғарырақ, 85-ші орынға тұрақтады. Мамандардың байламынша, әлемдегі ең нашар жолдар Гаити, Конго және Мауританияда екен.
Бұдан бөлек 11 мың шақырым республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеу қарастырылған.
– Жергілікті маңызы бар 35 мың шақырым автожолға барлық жұмыс түрлері, яғни жөндеу, құрылыс және реконструкция жүргізілетін болады. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 100%-ға дейін, ал дәл осындай жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 95%-ға дейін жетеді, – дейді министр Р.Скляр.
Министрліктің дерегінше, жергілікті желілердегі жолдарға республикалық және жергілікті бюджеттен тең негізде 150 миллиард теңгеден астам қаржы арна тартатын.