Елорда да арыспен бірге...
Елорда да арыспен бірге...
312
оқылды

Мемлекеттік органдардың, қалалық ме­кемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері біркүндік жалақысын жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға аударды.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов көмек ұдайы жалғасатынын да айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету және қаланы қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов құрылыс бригадасымен бірге бүгін Арыс қаласына барады.

– Түркістандық әріптестерімен бірге қираған тұрғын үйлер басқа да ғимараттарды, инфрақұрылымдық нысандарды қалпына келтіруге көмектеседі. Онда уақытша шатыр орнатып, инженерлер бірден іске кірісті. Халықтың бірлігі осындай қиын сәттерде танылады. Еліміздің әрбір азаматы Арыс қаласының тұрғындарына алаңдаушылық білдіріп отыр. Өз кезегінде астаналықтар зардап шеккендерге көмек көрсетуден шет қалмайды, – деді Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ ол мемлекеттік органдардың, қалалық мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері Арыс қаласының зардап шеккен тұрғындарына біркүндік жалақысын, яғни, жалпы сомасы 200 миллион теңге аудар­ды. Елордада «Арыс, біз біргеміз!» атты жал­пы республикалық акция аясында зардап шеккендер үшін гуманитарлық көмек қабыл­дайтын 5 пункт ашылды. Үш күн ішін­де елор­да тұрғындары мен кәсіпкерлерінен 120 тон­наға жуық тауар жиналып, «Нұр-Сұл­тан қаласы Арыспен бірге» жүк керуені жіберілді.

29 маусымда Нұр-Сұлтанға балалардың алғашқы тобы келеді. Кішкентай туристерге арналған бағдарлама мұқият ойластырылған. Экскурсияларда балалар бас қаланың көрікті жерлерімен танысып, концерттерді тамаша­лайды. Біз балаларды қажетті заттармен, киіммен және мектепке қажет құралдармен қамтамасыз етеміз.

Қалалық жастар ұйымдарының өкілдері Арыс қаласында зардап шеккендерге қолдау көрсету акциясын өткізді. Акция аясында қан тапсырып, одан жиналған қаражат мұқтаж тұрғындарға жіберілді. «Қазақстан медицина жастары» қоғамдық ұйымы зардап шеккен тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін медициналық оқу орындарының студенттері мен медицина қызметкерлері арасынан еріктілерді жинауда. Қазіргі уақытта 50-ге жуық ерікті Арыс қала­сында көмек көрсетіп жүр.

Сондай-ақ елордада Арыс қаласының 500 баласы үшін жазғы демалыс өткізуді қолға алды. Оларға елорданың көрікті жерлеріне саяхаттар, концерттік бағдарла­малар өткі­зіледі. Балалар үймен, қажетті заттармен, киіммен, мектепке қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Елордалық кәсіпкерлер, түрлі мекеменің ұжымдары мен қала тұрғындары Арыс тұр­ғындары үшін 120 тоннадан астам гумани­тарлық көмек жинады.