«Батырдың көп мұратына жете алмай, жас күнінде қуаты қайнап, долданып өлгенінен моласы тұрған биіктің бауырынан боран, ызғар айықпайтын болған екен» дейтін еді ғой «Қорғансыздың күніндегі» қариялар Күшікбайдың жайын айтқанда... Желі толассыз уілдеген сол биіктің бауырында түк болмағандай ағып жатқан Күшікбайдың бұлағының суы – бал, емге шипа, дертке дауа деседі. Қорғансызға да, менменсінгенге де барын аямаған бұл бұлақ талай тарихтың куәсі. Бұлақ басына қонған жұрттың тарқатар сыры да көп шығар-ау! Сол әңгіменің ішіндегі ең мұңдысы, ең қатыгезі, жүрегіңе зіл батпан жүк тастар ең ауыры – қорғансыз Ғазизаның бетбақтана соққан боранның жұлқылауымен әке бейітіне зар еңірей, дедектей бет алған оқиғасы емес пе? Ғазизаның зары мен запыраны оқырманға «Қорғансыздың күні» болып жетті. Ғазизаның қайғысы мен қорлығы Мұхтар Әуезов қаламының қуаты арқылы ұмытылмастай болып жүректерге жазылды. «Ғазиза оқиғасы осы маңда өткен» деген сөзді естігенде, маусымның жылы күніне қарамай-ақ арқамызды бір аяздың қарып өткені де бұрынғының удай өкініші жүрегімізге жеткенінен шығар. «Ғазизаның да, әкесі Жақыптың да зираты осы маңда, қаралы, қорғансыз үйдің орны да әнеу бір жерде», – дейді жолбастаушымыз, Абай аудандық ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлан Сағадиев. Ел қорғайтын шағында арғы әлемге жүзін бұрған Күшікбайдың аңсар-арманын да, аппақ ары зорлықпен тапталған бейкүнә Ғазизаның шырқыраған үнін де баяғыдан естіп алып, бүгінгі бізге жеткізіп тұрғандай, маусымда соққан ызғырық жел сыздана соғып тұр еді...
Ғазиза жүзін жуған, бәлкім, осы маңнан өтіп бара жатып Абай шөлін қандырған мөлдір су ендігінің таңдайына түскеніне назырқанбас деп үміттендік те, судан біз де дәм таттық. Талай дертті емдеп жазғанымен, Ғазизаның қорланған жүрегіне шипа бола алмағанына әлі күнге өкіне ме, тас бұлақтың суы мұп-мұздай қалпында жылға болып ағып, топыраққа сіңіп жоғалады екен. Адамға емес, далаға нәр бергенді жөн санайтын-ақ шығар. Оны енді судың сырын білгеннен сұрамасақ, біздің тәпсірлеп беруге шамамыз келмеді...
«Осы асуда Абайдың айнымас досы әрі шәкірті Көкбай да дүниеден көшкен» дейді жолбасшымыз. Абай ауылына дәл сол тұстан қадам бастық. Семейден бергі ұзын жол ендігі қысқара түскендей. Себебі, жан-жақтан Абайға, Абайдың айналасына қатысы бар белгілер жылы ұшырай бастады. Алыстан Шыңғыстау мұнартады. Орда тауын да жолда қалдырдық. Тау жаққа қимай-қимай көз тастадық. Себебі, ол маң – Абай мен Шүкіманның (Әйгерім) кездескен құтты мекені. Тоғжанына қолы жетпеген шерлі Абайдың жүрегін қайта жылытқан Әйгерімдей арудың төркін жұрты. Ақынның 175 жылдық мерейтойына орай, ел-жұрттың құрмет тұта тоқтап өтер орталыққа айналуы үшін Абайдың кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақта біраз жұмыс қолға алынатыны жайлы сүйінші хабарды да жолай естідік. Енді сәл жүрсек, Қарауыл қол бұлғайды. Көк дөнен көңілдің ырқына бағынсақ, Жидебай мен Қарауылға ұшып-ақ жеткелі тұрған біз Күшікбай бұлағының басындағы мына шумақпен келесі әңгімемізге көшпекпіз...
Қара Ертіс пен
Қарауылдың арасы,
Жеткізбейтін
Сарыарқаның даласы.
Осы жолмен жүріп өтті қаншама,
Абайды іздеп алты
Алаштың баласы!
Жол үстінде
Абайды іздеген жан түсер даңғайыр жол жөндеуден өтіп жатыр екен. «Алдағы жылы ақынның 175 жылдық мерейтойын кең ауқымда атап өту керегі жайлы президент Қасымжомарт Тоқаевтың Жарлығы күллі елдің айбынын одан ары биіктете түсті», – дейді жолбасшымыз Ұлан. Не нәрседен де еңсесі көтеріліп, жақсылық көре білетін ауыл елдегі ағайын Абай тойын өз тойындай көріп, Абай мерейін өз мерейіне балайтыны жүрекке жылы тигенін несіне жасырайық? Ал жөнделіп жатқан жолдың жайына келсек, оның қалыпқа келуіне, бейнелеп айтсақ, «қарға адым» ғана жер қалды деп отыр бұл өлкенің үлкендері. Соны медет тұтып, үлкен жолдан қиыстау қалып, қол бұлғаған елдімекенге бұрылдық. Бұйығып жатқан Бөрілі ауылы – Абайдың жолын көркем тілмен кестелеген Мұхтар Әуезовтің туған жері. Бір замандарда бөрі жортқан мекен болған соң, соның атын иеленіпті. «Қазір де бөрінің бәрі құрып бітті дей алмаймыз, алайда күннен күнге саны азайып келе жатқанын да айта кету керек», – дейді музей қызметкері ауыл атын еншілеген ит-құстың жайына тоқталып.
Иә, Мұхаңның әке-шешесі Омархан мен Нұржамалдың мәңгілік мекеніне таяу маңда бала Мұхтар өскен, ер жеткен, жары Райханды келін етіп түсірген қарашаңырақты – ескі жұртты аңдайсыз. Мұхаңның кіндік қаны тамған кіші отанында қаламгер жайлы естелік ұшан-теңіз. «Еңлік–Кебек», «Бәйбіше – Тоқал», «Сыбанның моласында» сияқты тырнақалды шығармалары да дәл осы шаңырақта дүниеге келген екен. Бұл жер 1987 жылдан Мұхтар Әуезовтің музей-үйі деп аталады. Мұхтардың айналасын, өскен ортасын таныстырып өткен музей қызметкері бұл маң талай тарихты қойнына бүгіп қалған киелі орда екенін айтады. Қаламгерді аңсаған жұрт іздеп келер орында өлке тарихына қатысты, Мұхаңның жеке өміріне байланысы бар түпдеректер молынан сақталған екен. Қаламгердің алақанының табы қалған, сыры сақталған, жүрегін тербеген құнды заттардың әрқайсысын аялай сипап өткің келеді. Қай-қайсысына да көзіңді ұзақ қадап тұрып, өз жүрегіңе сіңіріп алсам дейсің. Мұхаңның өзіне, ата-әжесіне, әке-шешесіне қатысы көп жәдігерлердің әрқайсысы да біз үшін айрықша қымбат екенін шын жүрегіңмен сезінесің, ұғынасың. Жазушының әр жылдары жазған хаттары, оның өміріне қатысты жайттар да музей-үйдің әр бөлмесінде жайнап тұр. Ұлы Мұратқа, кейін Кәмен Оразалинге Мұратты табыстап жазған хатына үңілесің де, қаламгердің әкелік мейіріне бас иесің. Мұхаңа аяулы дүние бізге де қадірлі. Музей-үйдің ішін аралап жүріп, қаламгерге қатысты әр жәдігерге құрметпен бас иесің...
«Абай жолы» романында «Ералы жазығындағы кішкене төбе» деп суреттелетін алаңқайда Еңлік – Кебек мазары тып-тыныш қана мүлгіп тұр. Қос ғашықты жазалаған жер ешбір қан төгілмегендей, мөлдір көздің аясынан тамған жасты жұтпағандай, моп-момақан қалпында. Сайраған құс пен шырылдаған шегіртке ғана баяғының мұңды да мөлдір махаббатынан жеткен шерлі әнді айтқысы келе ме, бір тынбайды. Бұл жерде де көптің аяғы үзілмейтіндей көрінді. Бетімізді сипап, орнымыздан тұра бергенімізде, өзге бір жандар құлпытас маңына тізе бүгіп, құран аятын оқи бастады. Бұл кезде бізден бұрын бет сипап кеткендер құлпытасқа таяу жерде тұрған ескерткіш жанында суретке түсіп жүр еді...
Тарих куәгерлері айтады: 1917 жылы, маусым айында Абайдың немересі Ақыш ұзатылады да, Әйгерімнің киіз үйінде Абай ұрпақтарының қатысуымен қазақ даласындағы тұңғыш қойылым, Мұхтар Әуезовтің қаламынан шыққан туынды – «Еңлік – Кебек» сахналанады. Әйгерімнің киіз үйі де осы Ералы жазығында тігілген еді...