Арыстағы әскери арсенал басқа жаққа көшіріледі
Арыстағы әскери арсенал басқа жаққа көшіріледі
254
оқылды

Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен халықтың жай-күйімен танысуға ҚР Премьер-министрі А.Мамин арнайы келді.

Премьер-министр облыс басшысы Ө.Шөкеевпен бірге снарядтан зақым келген тұрғын үйлер мен 4 қабатты қалалық аурухананы, халыққа қызмет көрсету орталығын және Көктем шағынауданындағы И.Журба атындағы орта мектепті аралап, ғимараттардың жай-күйімен танысты.

Сонымен қатар, күні кеше үйлеріне оралған арыстықтармен сөйлесіп, оларға тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.

Содан кейін Премьер-министр Арыс қаласына берілуі тиіс көмекті талқылау мақсатында үкіметтік комиссия отырысына қатысты.

Жиналыста Асқар Мамин Арыста тұратын әрбір тұрғынға, яғни 44 781 азаматқа Үкіметтен 100 мың теңгеден берілетінін айтты.

Сондай-ақ, қала 1 ай көлемінде толық жөндеуден өтетінін жеткізді. Бұдан өзге, арыстық кәсіпкерлерге 1 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие берілетін болды. 

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Арыс қаласында жаңа аурухана салынып, 4 мыңнан астам бала жазғы демалысқа баратынын баяндады. Ең бастысы, қаладағы әскери арсенал 2 аптада басқа аймаққа көшірілетіні жөнінде шешім қабылданды.