Алайда қазақтың басынан бостан заман ауып, бодандық кезең туғанда бұл аманаттың орындалуына тоспа қойылды. Мына бір ғана мәлімет көп жайттан хабар береді: 1937 жылы қабылданған Қазақ КСР-інің тұңғыш Конституциясында қоршаған ортаның қорғау туралы бір де бір бап болмаған. Кеңес тұсындағы кейінгі конституцияда бұл үрдіс жалғасты.
Мұның мәні мен астары да мәлім еді. Қазақ жерінде ауыр өнеркәсіптің ірі зауыт-кәсіпорындарын орналастыру, кен орындарын игеру кезінде бүкілодақтық ведомстволар республиканың экологиялық тазалығын сақтауға еш қамқорлық танытпады. Керісінше, қоршаған ортаға зияны көп, тоза бастаған технологиялар кеңінен пайдаланылды. Қалаларда экологияны қорғаудың, өнеркәсіптік улы қалдықтарды жоюдың және қайта өңдеудің кешенді шаралары қарастырылмады.
Бірақ бұл табиғатпен біте қайнасқан ұлтымызға келген нәубеттің басы ғана екен. Американы әскери салада артта қалдыруды мақсат еткен Сталиннің қолдауымен, 1946 жылдың 14 қарашасында КСРО Министрлер кабинетінің қаулысы негізінде әлемдегі ең алып сынақ алаңы – Семей ядролық полигоны құрылды. Полигон әрекет еткен жылдары 343 жерасты, сондай-ақ 200 жерүсті және әуедегі жарылыстар жүзеге асырылған.
40 жыл бойы жүргізілген ядролық қару-жарақ сынақтары адамдарға алапат қасірет әкелді, қоршаған ортаға орны толмас зардабын тигізді. Халық арасында сырқат пен өлім-жітімнің күрт өсуіне соқтырды. Тек Семей өңірі ғана емес, полигонмен жапсарлас жатқан Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары экологиялық апат аймағы деп танылды. Ғалымдардың айтуынша, ядролық жарылыстар салдарлары кейінгі ұрпақтарда да көрініс табуы ықтимал.
Бұдан кейін 1954 жылы бастау алған Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны да экономикалық, әлеуметтік-демографиялық кесапаттары сыртында табиғатқа зор соққы болып тиді. Көрсеткіш қуалау кесірінен алқаптар түгіл, тіпті қорымдар, тарихи-мәдени құндылығы бар аумақтар, тау етегіне дейін түрен салынып, аяусыз жыртылды.
Бастапқыдағы жоспар үш есе аз болғанына қарамастан, 1954-1961 жылдары 40 миллионнан астам гектар жердің топырағы асты-үстіне түсіріліп, аударып тасталды. Экологиялық теңгерімді бұзу ауыр залалға әкелді. Қазақ жері құнарынан айырылып, шөл басу үдерісі үдеді. 1960 жылға қарай тек республикамыздың солтүстігінің өзінде 9 миллион гектардың топырағы жел эрозиясына ұшырап, құнарын жоғалтты. Бұл бүкіл Францияның ауыл шаруашылығы аумағына тең. Жерді терең жырту ақыр соңында түгін тартсаң майы шығатын жерлердің құрылымын нашарлатты.
Тың көтеру жылдарында бірде-бір қорық жаңадан ашылмады. Керісінше, қолданыстағыларының біразы жабылды, ал олардың аймағына түрен салынды. 60-жылдары Ұлы дала үстінде ұйытқыған құмды дауылдар да апаттық сипат алды.
Топырақтану ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының дерегінше, жерді ұтымсыз өңдеу және өнеркәсіптік ластау нәтижесінде, Қазақстан аумағының 66 пайызы шөлейттенуге душар болды.
Кеңес Одағының орталық министрліктері ҚазКСР-інің қоршаған ортаны қорғауға деген мұқтаждықтары мен мүдделерін елемеу тұрмақ, қасақана аяқасты етті, республика басшылығына бұл бағытта кешенді жұмыс жүргізуге көпе-көрнеу кедергі жасады.
Каспий жақтағы Азғыр полигонының, қаптаған әскери сынақ алаңдарының, аспанды тескен «Байқоңыр» ғарыш айлағының да экологиялық зияны зор болды.
Арал проблемасын бүкіл әлем біледі. Судың ысырап етілуі, теңізді толтырар дариялардың тиімсіз пайдаланылуы, суару жүйелеріне арналған бөгендер құрылысында стратегиялық шешімдердің ойластырылмай қабылдануы, директивті жоспарлау ақыры теңіз табанының 27 мың шаршы шақырымға жалаңаштануына, судың 65 пайызға азаюына әкелді. Құрғаған Арал шаң мен тұзы аралас дауылдар туатын ошаққа айналды. Бұл гепатит, туберкулез секілді індеттерді ушықтырды, ал өңірдегі қатерлі ісік ауруларының саны одақтық көрсеткіштен 15 есеге асып түсті.
Қазақстан егемендікке қол жеткізіп, дербес даму жолына түскеннен кейін ғана бұл түйткілді мәселелердің түйінін тарқату мүмкін болды.
Жақында, 21 маусымда елордада өткен «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздік жылдары Қазақстан қоршаған ортаны қорғау үшін теңдессіз шаралар қабылдағанын еске салды. Тұңғыш Президенттің ең алғашқы шешімдерінің бірі – Семей ядролық полигонын жабуға қатысты болды. Елімізді орасан зор экологиялық апатқа ұшыратқан осы ядролық сынақ полигонын жабу үшін ауқымды жұмыстар атқарылды. Мұны Елбасы Кеңес Одағының әскери-өнеркәсіптік кешенінің үзілді-кесілді қарсылығына қарамастан, бұл істі ілгерілетті.
Мемлекетіміз Арал теңізінің солтүстік бөлігін құтқару үшін нақты шаралар қабылдады. Аралды құтқару халықаралық қорының белсенді атсалысуымен орталықазиялық осы теңіз бассейнін дамытуға бағытталған үш бағдарлама жүзеге асырылды. Соның арқасында Аралдың төңірегіндегі халықтың тұрмысы жақсарды. Жергілікті тұрғындар осы өңірден көшіп кетпей, тұрақтап қала бастады. Мұнда балық шаруашылығы қалпына келтірілді. Бүгінде Еуропа одағына жыл сайын экспортқа шығарылатын балық көлемі 8 мың тоннадан асады.
Әрине, шешімін күткен проблемалар аз емес. Профессор Г.Жәңгірованың мәліметінше, әлемдік экологиялық рейтингке сәйкес, Қазақстан «экологиялық апат аймағына» жатқызылған. Мұндай елдерде қоршаған ортаның жай-күйінің нашарлауы өзінің шырқау шегіне жетті деп есептеледі және ары қарай ушықса, жергілікті халықтың физикалық және генетикалық денсаулығына, жануарлар мен өсімдік әлемінің түрлік құрамына тікелей қауіп төнеді.
«Республикамыздағы өңірлердің біразында экологиялық ахуал қолайсыз ғана емес, тіпті апаттық сипатта. Қоршаған ортаны ластайтын және табиғи жүйелердің деградациясын тудыратын негізгі себептер қатарында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, автокөлік және басқа да антропогенді факторлар бар», – дейді ғалым.
Заманауи ұлттық экологиялық саясатта дүниежүзіндегі климаттың өзгеруі секілді әлемдік қауіп-қатерлердің ықпалы да ескерілуге тиісті. Өйткені өзге ғаламшар болса бір сәрі, біздің планетада жүріп жатқан табиғи зұлматтар Қазақстан аумағына да әсер етеді. Мамандардың байламынша, жаһандық жылыну – қазірдің өзінде мұзтаулардың еруі, мұхит суы деңгейінің көтерілуі, жерлердің шөлейттенуі мен шөлге айналуы үдерісінің жеделдеуі, қуаңшылықтың ұзаққа созылуы секілді салмақты табиғи апаттарға түрткі болуда. Бұл жағдайда келешекте Қазақстанның оңтүстігіндегі көптеген елдімекендер қуатты су тасқындары астында қалуы, ал еліміздің орталығы, солтүстігі және батысы ұзақ қуаңшылыққа килігуі ғажап емес. Оқиғаның осылай өрбуінің ықтимал сценарийлері еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен экологиясы арасында тығыз байланыс барын паш етеді.
Сол себептен бұл сала мемлекеттік деңгейдегі басымдық ретінде белгіленіп отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге зор мән берді.
– Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл халі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Сондықтан елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа Экологиялық кодекс қабылдау керек, – деп тапсырды Мемлекет басшысы Үкіметке.
Адам үшін дені-қарнының саулығы басты байлық саналса, әр мемлекет үшін де табиғат – басты қазына болып есептеледі. Себебі, экологиясы әбден ластанған, ит байласа тұрғысыз жерде қуатты мемлекет құрылмайды.