Жаңа жобалар игілігін беруде. Мәселен, партияның Қызылорда облыстық филиалының бастамасымен облыс дамуының салаларын цифрландыру аясында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында коммуналдық қызметтерді қосуға, техникалық шарттарды беру бойынша геоақпараттық онлайн сервис іске қосылған. Мұнда кәсіпкерлерге бір терезе қағидасы бойынша, 40-тан астам қызмет түрлері тегін көрсетіледі. Кәсіпті жаңадан бастаған азаматтар үшін инженерлік коммуникацияларға қажетті құжаттарды уақыт жоғалтпай, бір жерден электронды түрде алуға жағдай жасап отыр. Жоба аясында Сыр өңірі алғаш рет жер телімдеріне онлайн аукцион өткізіп, оған 100-ден астам азамат қатысқан. «Геоақпараттық онлайн сервис жобасы» республика бойынша үлгілі жоба ретінде танылып, Елбасынан оң бағасын алды.
Nur Otan партиясы «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында өз қызметін сандық жүйеге көшіріп қана қоймай, еліміздегі ІТ саласын дамытуды да қолға алды. Ол үшін ІТ орталықтар мен ІТ-сыныптар ашып, тегін білім алуға мүмкіндіктер жасап отыр. Өңірде ІТ мамандар даярлау партиялық жобасы аясында Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана базасында оқырман, соның ішінде жастармен іскерлік жүздесу мен шеберлік сабақтарын өткізуге бағытталған IT парк алаңы, коуоркинг орталығы мен Book кафесі қарқынды жұмыс істеуде. Коуоркинг орталықтары өңірдің барлық ауданында ашылып, жастарға қызмет етуде.
Қызылорда облысында партияның «Бірыңғай онлайн кітапхана – Білім орталықтары» жобасы шеңберінде кітап қорын электронды форматқа көшіру жұмыстары қарқынды қолға алынған. Қазір өңірдегі 209 мемлекеттік кітапхананың 129-ы интернет жүйесіне қосылса, оның 70 пайызы – ауылдық кітапханалар. Бүгінде бұл кітапханалар заманауи жабдықтармен жабдықталып, оқырмандар, соның ішінде жастардың барлық қажетті іскерлік кездесулері мен шеберлік сабақтарын өткізуге ыңғайлы қарым-қатынас орталығына айналса, ІТ технологияларды қолдану арқылы балалардың білім алуына қолжетімділікті арттыру бағытында 20 ІТ сыныптар ашылып, бүгінде 5 406 бала тегін білім алуда. Жоба аясында жас ұрпақтың жаңа технологияны меңгеруіне облыс бюджетінен 60 млн теңге қаржы бөлініп, IT-IMAQORDA атты балалар технопаркі де іске қосылған. Мұнда жас жеткіншектердің ақпараттық-техникалық бағытта шығармашылығын дамыту мақсатында 12 жаңа кабинет ашылып, 150-дей өрен жаңа саланы игеруге талаптануда. Білім мен ізденістің нәтижесінде ғылыми жаңалықтарды бағындыруға талпынған балалар шығармашылығына еріксіз бас иесің. Атап айталық, ізденімпаз оқушы Раушанбек Бейбарыс авиация саласы бойынша квадракопты дрон құрастыру арқылы республикалық өнертап-қыштар сайысында І орын иеленген.
– Бұл түрлі қызмет атқарады. Әзірге 2,5 келі жүкті тасымалдай алады. Әсіресе, почтальон қызметін атқаруға қолайлы. Сонымен қатар фото, видео түсіруге де пайдалануға болады, – дейді Раушанбек Бейбарыс.
Өңірде жастардың сапалы білім алуына, ғылыммен айналысуына барлық жағдай жасалған. Осы орайда он жеті аймақтың ішінде білім саласына ең көп қаржы бөліп отырған Қызылорда облысы екенін атап өткен жөн. Себебі, Сыр өңірінің балалары шетінен талантты, өнерлі. Соңғы екі жылда мектеп бітірген түлектердің 97 пайызы жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алуда. 500-ден аса түлек Мәскеу мен Санкт-Петербордың маңдайалды оқу орындарында оқып жатыр. 900-дей көпбалалы отбасылардың ұл-қызы облыс әкімінің грантымен жаңа мамандықтарды игеруде. Мұнан бөлек, Сыр елінен 4 500 жас «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алуда. Олар ел ертеңі жаңа мамандықты игеріп, ел дамуына үлес қосады.