Қоңыраудан қашқан қазақтар...

Қоңыраудан қашқан қазақтар...

Қалай десек те, қарыздың салмағы ауыр. Қайтарымы қиын. Ілкіде қазақ қарызға қалай қара­ды? Қазақта қарыз алысу, берісу бұрыннан болған әдет. Әу баста ауылы аралас, қойы қоралас адам­дар мал берісіп, алысуды бір-біріне қарыз санамаған. Ал нарық заманында бұл қарыз банктегі несиемен, мемлекетке төлейтін салықпен өлшене бастады. Бұрын­да да ақшалай қарыз алу аз болған. Қазіргі кездегі тауарлық несие сияқты, мал-мүлікпен саудаласып, сонымен есептескен. Қыздың қалыңмалы да малмен өтелген. Қандай малды қарызға алса, дәл сол жастағы малды қай­тар­ған. Ал қарыз беру ауызша рәсімделіп, ант су ішумен бекітіл­ген. «Уәде – құдайдың бір аты» дейтін қазақ, берген сертін жұт­па­ған. Егер кешіксе, үстеме ақы­сына қой мен сиыр, қозылы сау­лық, бұзаулы сиыр берген.

Қарыз жағы шариғатта қалай? Ол мұсылман үшін рұқсат етілген игі іс. Мұсылмандардың бір-бірі­нен қарыз сұрауына болады. Бірақ қарыз беруші қарыз алу­шы­ның ол ақшаны теріс істерге жұмсайтынын біле тұра, қарыз берсе – харам. Сондықтан қарыз­ды мұқтаж жандарға, отбасын асырауға, жақсы істерге беру керек. Ал үстіне өсім қосып, пайызы­мен қарыз беруге де, алуға да тыйым салынған. Егер адам­ның қарызды қайтаруға жағдайы жоқ болса, шамасы келмесе, ол қарызды кешкен жөн. Себебі қарыз беру – сауапты іс болып саналады. Алайда қазір ауыл-ауылдың өзінде «процентке ақша беруді» кәсіп етіп алғандар көп.

Сол қарызды деніміз кейде саналы түрде, кейде амалсыз жағдайда алып жүрміз. Аз уақыт бұрын ғана Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы екінші деңгейлі банктерде жеке тұлғаларға тиесілі қарыздың жалпы сомасы 6 трил­лион теңгеге жуықтағанын айт­қан еді. Несие алған 2 миллион адам қарызын қайтара алмай отыр. Қайта­рыл­­маған несиелер­дің сомасы 3 триллион теңгеге жеткен.

Ал бас банкир Ерболат Досаев­тың сө­зі­не сенсек, қазір елімізде 670 000 адам кредитін төлей алмай жүр. Жеке тұлға­лар­дың жалпы қары­зы – 6 триллион емес, 4 трил­лион 100 миллиард теңге. Бұл – ресми статистиканың мәлі­ме­ті.

«Оның ішінде біздің ипотека­мыз, кепілсіз несиелер мен авто­не­сиелер бар. 2017-2018 жылдар­дың ішінде банктер берген осын­дай несиелердің сомасы 47 па­йыз­ға көтерілді. Бірақ бүгінде не­сиені төлемеген адамдардың саны 2 миллион емес, 670 000 адам біздің кредиттік бюромызда тұр», – деді Е.Досаев Сенат оты­ры­сында.

Еліміздегі еңбекке жарамды 8,5 миллион азаматтың 2 мил­лион­ға жуығы қарызын қайтара алмай жүр. Бұл – бармақ шайна­та­тын жайт. Жалпы, 5 миллион­нан астам адамның банкке бере­шегі бар. Демек, несие алушы­лардың қарасы көп деген сөз. Бұрын несиенің үстеме пайызы жоғары болатын. Сон­дық­тан несие алушылардың да қатары сирек еді. Ал қазір банк­тердің несиелік жүйесі өзгерді. Жеңіл­де­тілген түрлі бағыт бойын­ша халықтың қызығу­шылығын тудырып отыр. Бірақ банк бәрі­бір өз ұпайын артты­ру­ға жұмыс істейтінін қара­пайым халықтың бірі білсе, бірі біле бермейді.

Осы арада несие қандай мақ­сатта жұмсалады деген сұрақтың қойылуы заңды. Расында да, ел кепілмен, кепілсіз алған қарызын қайда жұмсайды? Бір басында бірнеше кредиті барлар ше? Олар жан бағу үшін қарыз алды ма? Әлде қосымша керек-жарағына жеткізе алмай отыр ма? Оның да жауабы дайын. Зерттеулердің нәти­жесі бойынша алынған қарыз­дың 85 пайызы мақсатсыз жұмсалады екен. Яғни, қымбат көлік, той-думан мен өлім-жітім, қымбат тондарға жұмсалады. Төрт жыл бұрын әйгілі украиндық «Орел и Решка» бағдарламасы Алматыға арнайы түсіріліммен келді. Сондағы жүргізушінің «Қазақ­тар сән-салтанатты ұната­ды. Бір қызығы, бұл қаланың тұрғындары басында үйі жоқ, пәтерді жалдап тұрса да, несиеге қымбат көлік мінгенді ұнатады» деген кекесін сипатта­ма­сы әлі күнге дейін есімізде.

Бірақ қазір намысты ойла­май­мыз. Өзіміз айтқандай, «қа­рыз­ды күлдіріп келтіріп, жы­ла­тып қайтарып жүрген» жайы­мыз бар...

 

Түйін:

 

Қоңыраудан қашу дегеннен шығады, қарыздың кесірінен таныс емес нөмірді көтермейтін күйге жеттік.

Мүмкін, бұл – сіздің өміріңізді жаңа арнаға бұратын жағымды жаңалығы бар қоңырау шығар.

Мүмкін, дәл сол сәтте сіздің көмегіңіз өте жақын адамыңызға керек болған шығар.

Мүмкін...

Қоңыраудан қашанғы қашамыз?