Samruk-KazynaTrust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен «Отандастар» қоры бірлесіп өткізген жобаның екінші маусымының ерекшелігі – бұл жолы саяхатқа Қазақстаннан жырақ тұратын қазақ диаспорасының балалары барады. Сонымен қатар олардың арасында 17 мамыр мен 15 маусым аралығында ұйымдастырылған шығармашылық байқаудың жеңімпаздары да бар.
Саяхаттың алғашқы күні Назарбаев университетінде экскурсия ұйымдастырылды. Олар ЕХРО – 2017 көрмесінің аумағында серуендеп, «Нұр-Әлемді» аралады. Балалардың көбі елордаға алғаш рет келіпті. Қырғызстаннан елордаға алғаш рет келген Эльдар Гапаров тарихи Отанының географиясы мен көрікті орындарын аралауды тағатсыздана күткенін айтады.
– Нұр-Сұлтан қаласына бірінші рет келіп тұрмын. Мұнда осынша биік және жаңа ғимараттар болатынын және басқа елдерден келген жаңа достар табамын деп ойламадым. ЕХРО аумағында өткен экскурсия кезінде қазақтың ежелгі дәстүрлерімен таныстым. Салт-дәстүрді білсем де, кейбіреулері жайлы алғаш рет осында естідім, – деді Эльдар Гапаров.