Білімі мен біліктілігі арқасында ауыл шаруашылығын өрге сүйреген жан
Білімі мен біліктілігі арқасында ауыл шаруашылығын өрге сүйреген жан
356
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 1 миллион 700 мыңдай жеке қосалқы шаруашылық барын, ауылдағы кооперациялық желіні дамыту арқылы олардың жағдайын жақсартуға назар аударған болатын.  Мамырдың аяғында  өткен Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының басшысы А. Есімов Ақмола облысы, Ақкөл ауданында «Кооператив құру арқылы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру» жобасының сәтті жүзеге асып жатқанынан хабардар етті. Ауылшаруашылығы Министрлігі мен облыс әкімдерін осы жобамен танысып, өз пікірлері мен ұсыныстарын айтуға үндеді. Бұл жобаның идеясы: Ақмола облысы, Ақкөл ауданындағы белді шаруашылықтардың бірі «Қара найза» қожалығының  бастамасымен Азат ауылының тұрғындарын кооперацияға біріктіру еді. Шаруалардың, әсіресе жеке қосалқы шаруашылықтардың басын біріктіру көптен шешімін күткен күрмеуі күрделі мәселелердің бірі еді. Осы тұрғыдан, ел игілігін ойлаған игі қадам, бар жауапкершілікті мойнына алған «Қара найза» қожалығының батылдығы ауыл тұрғындарының басын біріктіруге мұрындық болды.  Бүгінгі таңда,  ауыл тұрғындары осы бастаманың игілігін өз қажеттеріне жаратуда. Өріске шыққан малдың күйі жақсарып, бордақылауға қойылған малдардан табыс артты, ал тұрғындардың ауладағы малдарын қараудан қолдары босап, қосымша табыс көздерін іздестіруге мүмкіндіктері  ашылды.  Осы бастаманың авторы да, жүзеге асырушысы да кезінде Ауыл шаруашылығы Министрі болған, қоғам қайраткері Төлеухан Мұратханұлы Нұрқиянов. Төлеухан - ауыл шаруашылығы Қазақстан егемендік алғалы еліміздің ауылшаруашылығы саласын дамытуға мол үлес қосып жүргендердің бірі – Нұрқиянов Төлеухан Мұратханұлы. Ұстанымы орнықты, сөзі дуалы осы бір жанның адамгершілігі, қайраткерлігі және іскерлігі хақында айтылар жарасымды әңгіме көп. Ширек ғасырдан астам қасында қызмет атқарған жылдары менің байқағаным  азаматтық ұстанымына берік, орамды ойлар айтатын білімпаздығы, мәселені жөнімен қисынына келтіретін алғырлығы, істің күрмеуін таба білетін тапқырлығы бар азамат. Әсілі, бағасын білгенге бұл аз байлық емес. Демек, қайраткер тұлғаның сындарлы еңбегін, терең тағылымы мен ұлағатын тереңірек талдау байлықтың көзін ашқанмен бірдей болар. Тәлімін көрген, тәрбиесін алған азамат жайлы мақала жазу, әрине, жауапкершілігі зор жұмыс. Өйткені, адамды тауыса танып-білу мүмкін емес. Өзің құрмет тұтқан адам жайлы жасаған байламдарыммен өзгелер келіспеуі де мүмкін. Мемлекеттік қызметтер атқарған қайраткер туралы пікір айтатын «сен кім едің?» деген сауалда туындайды. Дегенмен, қол астында қызмет атқарған кезімде көргенімді жазып, білетінімді неге айтпасқа?! Көкейге түйгенімді жүректен екшеп, ақылмен өлшеп жазуға бел будым. Төлеухан Мұратханұлы Нұрқиянов қайраткерге лайық парасатты іс атқарып, азаматқа жарасатын абыройлы ғұмыр кешіп келе жатқан жандардың бірі. Болмысы биязы, бітімі келісті, сөзі байсалды, мінезі байыпты, қызмет атқарған жерінде ортасына сыйлы, ұжымына беделді азамат. Ауылшаруашылығы саласының өркендеуіне бек мүдделі тұлға. Бұл қайраткердің қысқа да, нұсқа сипаттамасы. Біздің таныстығымыз сонау 1993 жылдан бастау алады. Мәскеуден ғылым кандидаттығын қорғап келіп, Талдықорған облысында жаңадан құрылған ғылыми-зерттеу институтына қызметке орналастым. Осы кезеңнен бері менің еңбек жолыма зор ықпалы тиген қамқоршы азамат, қайраткерлігі мен адамгершілігі қайнаса біткен басшылардың бірі  Нұрқиянов Төлеухан Мұратханұлы болды. Қазақстан егемендік алған осы жылдары облыстағы ауылшаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға және науқанды жұмыстарды дер кезінде аяқтауға облыстық мекемелер жаппай жұмылдырылатын еді. Институтта қызмет атқарып жүрген кезімде облыстық деңгейде атқарылатын осындай науқандық жұмыстарға жас маман ретінде белсене ат салыстым. Талдықорған облысында қалыптасқан басшыларының осындай бастамасы тәлімі зор тәсілдеме екен. Қоғамдық жұмыстың арқасында  облыстағы мекемелердің басшылары және белді қызметкерлері бір-бірімізбен тығыз қарым-қатынаста болды. Әр саладағы мамандар өзара араласып, облыста, тіпті республикадағы болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып, ақпар алмасып тұратынбыз. Осындай ұйымдастыру жұмыстарының  ұйтқысы Төлеухан Мұратханұлы еді. Бұл кісіге тән зеректік облыстық мекемелердің басшыларының барлығының аты-жөнін ғана емес, білікті қызметкерлердің баршасын жатқа білетін. 1994 жылы алғаш рет республикамызда өндіріс пен ғылымды ұштастыру мәселесі бойынша Қазақ ауылшаруашылық Академиясы мен облыстық жергілікті атқару органдары бірлесіп агроөнеркәсіп кешені ғылыми-өндірістік Орталықтарын құру бастамасы қолға алынған еді. Осы бастаманы алғашқылардың бірі болып қолдаған Талдықорған облысы болды. Облыс әкімі Серік Шаяхметұлы Ахымбеков ғылыми адам болғандықтан, сол кезеңде социалистік тұрпаттағы экономиканы нарықтық жолға бейімдеу мақсатында және «Мемлекеттік меншіктен алу мен жекешелендіру» ұлттық бағдарламасын жүзеге асыру жолында үлкен ұйымдастыру жұмыстарын іске асырды. Осы істің басы-қасында әкімнің орынбасары Нұрқиянов Төлеухан ағамыз жүрді. Екі іскер басшының қолдауымен Талдықорған облысында ғылыми-өндірістік орталық құрылды. Орталықтың мақсаттарының бір парасы жекешелендіру мәселелерінің бағыт-бағдарын айқындап, шаруашылықтарға кеңес беріп, осы істің ел игілігіне жарауына барынша ықпал ету болатын. Осы лауазымға мені ұсынған Нұрқиянов болды. Қоғамдық жұмыстан бастау алған таныстығымыз, осылай қызметтік жұмысқа ұласып кетті. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, облыс әкімі қойған мақсат ауылшаруашылығы саласындағы нысандардың жұмыстарын саралап, мемлекеттік меншік иелігінен алу жолдары мен оларды оңтайлы жекешелендіру тәсілдерін замана талабына сай жүргізу еді. Осы бір күрмеуі күрделі істі жүзеге асыру қарама-қайшылыққа толы мүдделерді бір бағытта тоғыстыруды талап етті. Осы сын сағаттарда, облыс аумағындағы ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу мен ұқсату кәсіпорындарын барынша сақтап қалу, олардың тауар өндірушілермен қарым-қатынасын нарықтық талаптарға сәйкес жаңаша қалыптастыру, әр өңірдің шаруашылықтарын ерекшеліктеріне орай жекешелендіру жолындағы Төлеухан Мұратханұлының қажырлы еңбегі туған еліне деген, сеніп тапсырылған қызметіне деген адалдығын көрсетті. Шаруашылықтарды жекешелендіру, яғни ұжымның мүлкі мен жерін үлестіріп беру Үкімет қаулысымен анықталғанмен, әр шаруашылықтың ерекшелігіне орай ұтымды шешім табу үшін білім ғана емес, біліктілік пен тапқырлық керек болды және бұл әуре-сарсаңы көп шаруа еді. Өкінішке орай,  кейде өз мүдделерін жоғары қоятын ұжым мүшелері мен өзгелердің пікіріне құлақ аспайтын басшы азаматтардың әрекеттері оңтайлы шешім қабылдауға тұсау болып жатты. Осы кезеңде Нұрқияновтың басшылығымен облыстық мекемелердің қызметкерлері арасынан іріктеліп алынған мамандардан топ құрылып, олар өздеріне бекітілген ауданда жекешелендіру мәселелері бойынша түсіндіру және шаруаларға кеңес беру жұмыстарын жүргізді. Осындай жиын топта Төлеухан аға елдің сауалдарына білікті жауап беріп, кейбір басшылардың пікіріне қайшы келетін мәселелерді бұғып қалмай, ашығын айтып, жекешелендіру науқанының ақсамай барша жұрттың игілігіне  айналуына бар ерік-жігерін жұмсады. Осы тұста нағыз ерліктің, қайсарлықтың, адалдықтың үлгісін көрсетті. Жекешелендіру мәселесіне қатысты ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстары тікелей Төлеухан Мұратханұлының қатысуымен іске асырылып жатты. Ең маңыздысы, осы мәселе әкімшілік, яғни биліктің ықпалымен емес, Төкеңнің білімділігімен, көрегенділігімен және жеке басының беделімен ешбір дау-дамайсыз ойдағыдай өтіп жатты. Шаруашылық пен өңдеу саласы және ұжым мүдделері арасындағы кейбір алшақтықтарды орнымен орайластырып, жөнімен орнына келтіріп, істің ушығып кетпеуіне жол бермейтін көрегенділік әркімге бұйыра бермейтін қасиет. Уытты сөздерімен, алғырлығымен сынауға келген адамдарды райынан қайтарып, даукес адамдардың арынын басып, істің оңтайлы шешімін табатын іскер қабілетімен танылды. Мемлекеттік мүддені көздеген қайраткер ретінде «қолдағы барын жоғалтпай, нәрін молайтыңдар» деген ұстанымға арқа сүйеді. Комсомолда басшылық қызметте жинаған тәжірибесі болар, облыстық деңгейдегі өндірістік мәселелерді жүйелі түрде, кешенді сипатта қарастыратын. Облыстағы озық шаруашылықтарды жекешелендіру барысында, тәжірибелі әрі беделді басшылардың болмысын тап басып тану, елдің ахуалын байқау, осы арқылы ел мүддесі мен басшы талаптарын шендестіре отырып қисынды қоныммен, дә­лелді тұжырыммен саралап бітім айту – Төлеухан ағаға тән мәнер болатын. Мүдделі тараптарды алаламай, жақынын да жара­ламай, бәріне бірдей әділдікпен қарау ұстанымы арқасында облыс деңгейінде айна­ласына абыройлы, жақындарына сыйлы болды. Осы орайда, алғырлығы, іскерлігі мен әділдігі өз алдына, ұстанымына да тұрақтылық пен тұтастық сай екенін атап өтудің қисыны келіп тұр. Кейіндері республикалық деңгейде Ауылшаруашылығы Министрлігі жүйесінде қызмет атқарған кезеңдерінде ұстанымының тұрақтылығына тәнті болдым. Ауылшаруашылығы министрлігіне қызметке осы кісінің шақыруымен ауысып келген едім. Қызмет бабында ол кісінің қаракеттерінен байқағаным, ой сабақтастығы, пікір жалғастығы әлі үзілмеген.  Қажырлы еңбек пен тынымсыз ізденістің арқасында ой-өрісі толысып, тұщымды ой, тұжырымды шешім, дәйекті байлам айтуға төселгені көзге ұрып тұрды. «Тау шыңына шыққан адамның, биікке бойы үйренеді, ал тау бөктерінде жүрген адам сол шыңға өрлеп шықсам деген ізгі тілекпен биікке ұмтылады» деген тәмсіл бар. Мен де, Төкеңнің өнегесін үлгі тұтып, тәлімін алып, тәрбиесін бойыма сіңірдім. Осындайда, ақыл-ойы жүйрік, білімі ұшан теңіз, жан дүниесі таза, батылдық пен даналықты бойына сіңіре білген, парасаты мен мәдениеті қатар өрілген Төлеухан Мұратханұлымен жолықтырған тағдырға ризамын. Қызмет бабымен Талдықорған облысында басталған ара-қатынасымыз осылай жарастығын тапқан сыйластыққа ұласып кетті. Талдықорған облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған жылдары әріптестері іскерлігін, біліктілігін, күрмеуі күрделі мәселеде істің түйінін әділдікпен және көрегенділікпен үйлестіре білетін парасаттылығы мен мәдениеттілігіне ерекше құрметпен қарайтын. Оқығаны, санасына тоқығаны көп, өмірден көргенінен көңіліне түйгені мол, зерделі, кеудесі ізгілікке толы жан екенін сөзімен де, ісімен де көрсетті. Еңбекжандылығы, ізденгіштігі, сөзге құлақ аса білуі бекзат болмысын толықтырып тұратын.  Өмір сүрудегі өзіндік дара жолы мен берік ұстанған қағидасы да ерекше. Облыстық әкімдік қызметкерлері, жекешелендіру науқанына қатысы бар барша ұйымдар ұжымы Төлеухан Мұратханұлының білімі мен біліктілігіне, іске терең бойлайтын қабілеті мен әділдігіне бас иетін. Республикалық деңгейде еңбектерімен абыройға ие болған, Одаққа танымал озық шаруашылық басшыларының барлығы дерлік Төлеухан Мұратханұлын ерекше құрметтейтін, көбіне шаруашылық мәселелері бойынша ақыл-кеңес алатын. Солардың бір парасы: Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаева, Кеңестік колхоздар Одағы кеңесінің мүшесі Ыбрайымжан Қожахметов, ауылшаруашылығының белді, әрі беделді ұйымдастырушысы Көшкінбай Жанатов және басқалары. Көркем мінезімен, сыпайы жүріс тұрысымен, әдеп инабатымен әріптестері арасында, жалпы облыс деңгейінде өте сыйлы болды.  Сол себепті де арамыздағы сыйластықтың жібі әлі жалғасып келеді. Жақсы адамдардың бойында өмірге деген ерекше құлшыныс, ісіне жауапкершілік, жақсыларға жақын жүру, адамдармен сыйласа білу сияқты адами қасиеттер басым болады. Мұндай адамдардың халқы үшін аянбай еңбек етіп, тер төгетіні баршаға белгілі. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген ұстанымға сай адаммен сөй­лес­кенде ерекше бір зейін-зер­демен, ықылас танытып, жақын тарта әңгі­мелесетін сәттерінде ішкі жан дүниесінің шынайылығы адамды өзіне баурап алады. «Ырыс жұғады, ақыл ауы­сады» дегендей Төлеухан Мұратханұлының осы болмы­сының қалыптасуы өмірінде қызметтес болған жақсы-жайсаңдардың шарапаты, солардың ақыл-кеңесі болар.  Мен сыйлайтын Төкең «Сый­ластықтан артық қымбатың болмас» деген сөзді өмірлік қағидасына айнал­ды­ра білген дана адам. Астанаға келген соң, сонау Талдықорған өңірінде өзім қол астында қызмет атқарған Серік Шаяхметұлы Ахымбеков бастаған бір топ жерлестер әлі де қарым-қатынастарын жалғастырып, сыйластықпен араласады екен. Осы жиын топтарда Төкеңнің Серік ағаға деген ыстық ықыласына қарап, «болар елдің баласы бірін-бірі батыр» дейді деген осы екен деген ой түйдім. Кез келген азаматтың өмі­р жолында ерекше орын алатын адам болады. Менің республикалық деңгейдегі қызметтерге араласуыма ықпал еткен, өз бойындағы жақсы қасиеттерімен менің ойымды да, бойымды да түзеуіме мұрындық болған – менің ұстазым Төкең.  Қызмет бабымен жақсы-жайсаңдардың бар асыл қасиеттерін бойына жинай отырып, артынан ілесіп келе жатқан жастарды да тәрбиелей білген Төлеухан ағаның өнегелі өмірі мені де өрге жетеледі. Талдықорған өңірінде қызметтес болғаннан бері қанатымның бекуіне, рухани толысуыма, іскерлік қабілеттің ұшталуына әрдайым қамқоршы болған  азаматтық адамгершілігі зор, аузында дуасы бар Төкеңнің өмірі мен үшін өрелі өнеге. Төкеңнің ақыл-кеңесі, әрине, өнегелі өмірі, бетімнен қақпай белімді буғаны, менің таным-түйсігімнің ұшталуына, талға­мы­мның та­разылануына зор әсер етті.  Басшымын деп бел­ден баспайтын сыпайы мінезі, не­гіз­гі жұмыс­тар­ды үйлестіруді және шығармашылық ізденісті уысынан шығармай, өзінің тәлімді тәжірибесіне сүйеніп, ақыл-кеңесін қызметкерлердің санасына сіңіре білу қабілеті Төкеңе тән жақсы қасиеттерің бірі. Төкеңнің азаматтық тұғырын сомдаған жеке дара қолтаңбасының бір парасы осы қасиет деп пайымдаймын. Ауылшаруашылығы саласының, оның ішінде малшаруашылығының заман талабына сай өркендеуіне Төлеухан Мұратханұлы Нұрқияновтай еңбек сіңіріп, үлес қосқан адамдар, әрине, бар.  Дегенмен, ауылшаруашылығының нарық экономикасына бет бұру жолындағы Төкеңнің батыл да, қажырлы еңбегі, ұстанымын дәлелдей алатын күрескерлігі Ауылшаруашылығы Министрлігі қызметкерлерінің көңілінде сақталып қалар өнеге деп санаймын. Толысқан білімі, болмысынан бойына дарыған қабілеті, өмір тәжірибесімен шыңдалған іскерлігі Министрліктің бәсі мен беделін көтермесе, түсірмегені белгілі. Асыра бағалаудан аулақпын, Төлеухан Мұратханұлы еліміз егемендік алған тұста ауылшаруашылығы кешенінің малшаруашылығы саласында  бедерлі із қалдырған белді де беделді, қайраткер азаматтарының алғы тобына кіретініне кәміл сенемін. Егемендік алғаннан бері ауылшаруашылығы саласында атқарылған қыруар істердің ішінде малшаруашылығының дамуына мұрындық болған заңнамалық тетіктердің барлығы дерлік Төкеңнің басшылығымен іске асты. Егемендік алып, экономикамызды нарықтық қатынастарға бағыттауда, экономика субъектілерінің қарым-қатынасын реттейтін заңнамалық негіздерді жүйелеуде, әрине, білім мен біліктілік және өмірлік тәжірибе өте зәру болды. Уақыт талабына орай, «бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші Төкеңе осы кезеңде осы істердің тізгінін қолына алуына мүмкіндік берілді.  Осы жауапты миссияны Төлеухан Мұратханұлы абыроймен атқарып шықты. Осы тұста «Ветеринария туралы», «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы»  заңдар әзірленіп, қабылданды. Бұл заңдар сол кезеңде қабылданған қыруар құжаттардың бір парасы. Осы заңдардың толыққанды жүзеге асуына қажет заң аясындағы барлық құқықтық қағидалар, ережелер әзірленіп, іске асты.  Осы кезеңде мені тәнті еткен Төкеңнің ерекше зеректігі еді, сонау 1996 жылы Америка құрылығына барып нарықтық экономика бойынша оқып келген дәрістерін ұмытпай, осы білімін еліміздің ауылшаруашылығын нарық жолына бағыттауға оңтайлы қолдана алды. Төлеухан Мұратханұлының білімі мен біліктілігі өз алдына, жаңалыққа деген құштарлығы, жаңашылдыққа деген ынтызарлығы ерекше азамат. Жаңашылдыққа деген ынтызарлығын сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан білемін... Ол кезде республикадағы экономикалық ахуалдың жай-күйі бәрімізге белгілі, облыстық деңгейде көктемгі егін егу мен күзгі егін орағы науқандарын өткізу жырға айналатын. Осы кезеңде Төкең ел құлағына әлі сіңіспеген форвардтық, фьючерстік мәмілелер ұстанымдарын өндіріске енгізіп, қаржыға қаталаған шаруашылықтардың күрделі мәселелерін шешуде жаңашылдық танытты. Республика бойынша барлық облыста қолдан ұрықтандыру мекемелері тоқырауға ұшырап, тозып жатқанда, Талдықорған облысында қолдан ұрықтандыру мекемесі «Асыл» жұмысын жандандырып, ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесе отырып, жергілікті мал тұқымдарын өсіруді жаңаша ұйымдастыруды бастап кетті. Бүгін күнде республика аясында тек екі мал асылдандыру мекемесі жұмыс істеп жатыр, біреуі Талдықорғандағы «Асыл» мал асылдандыру орталығы, екіншісі республикалық мал асылдандыру Орталығы «Асыл түлік» мекемесі. Екі мекеменің де жұмысын жандандыруға мұрындық болған Төкең болатын. Осы орайда, Төкеңе тән ұлтжандылықты атап өткен жөн. Ұлтжандылық ең алдымен ана тілінен басталатынын ескерсек, Төкең ана тілін де еркін меңгерген жан. Сөзге де шешен, ұтымды сөз қолдану алғырлығымен ұғымға сіңімді, санаға жұғымды тұжырымдауларымен өзіндік қолтаңбасын сомдаған қызметкер. Кейбір теке-тірес кезінде астарлы сөздермен істің дұрыс бағыт алуына төте жол тауып кететін тапқырлық қасиеті де бар. Ең бастысы өзінің еліне деген сүйіспеншілігімен қатар, ұлттық құндылықтарды әспеттеу арқылы Отанымыздың қуатты мемлекет болып, өзіндік сара жолмен дамуын күйттеген жауапкершілігі зор азамат. Төкең жаһандану үрдісіне ілескен мемлекетіміздің өз ерекшелігіне сай жүйе жасау керек екеніне табандылықпен еңбек еткен азаматтардың сапынан табылады. Мал шаруашылығы саласында өзгелердің жүйесін саралай отырып, ол сүрлеуді қайталамай, өз жолымызды табуға ұмтылды. Сырттан келген жөн-жосық пен технологиялардың барлығы бізді тікелей жетістікке жеткізе алмайтынын жақсы түсінген қызметкерлердің бірі болды. Шетелден келген технологияны жете түсінбесең, оны енгізгеннен қойыртпақ дүние туатыны белгілі, ол қойыртпақта шаруалар адаспай қайтсін?   Осындай бастамаларымен дабыра жасаған азаматтардың жеткен жетістіктері қайда?  Әттең, осындайда Абай  айтқан елдің сиқын кетірген әрекеттер белең алғаны көңілге кірбің түсіреді. Республикалық деңгейде замана желісіне орай, нарық талабы ескеріліп, мал шаруашылығы бойынша көптеген жаңа көзқарастар өндіріске жол тартты. Солардың бір парасы: құс шаруашылығы бойынша асыл тұқымды «Астана құс» шаруашылығы болса, ірі қара саласында республикалық мал асылдандыру Орталығы «Асыл түлік» мекемесі болды. «Асыл түлік» қоғамы кеңестік дәуірден кейінгі кезеңде ұрықты тоңазытудың жаңа технологиясын /франциялық «IMV» фирмасының тәсілі/ енгізіп,  жас бұқашықтарды ұрпағының сапасы бойынша бағалаудың қазақстандық жолын жасап, геномдық технология әзірлемелері негізінде бұқашықтардың санатын ерте жастан анықтау сияқты бірқатар жаңа технологияларды жүзеге асырды. Кез келген жаңашылдық көп күмән тудыратыны белгілі, осындайда жаңашылдықты жаны қалайтын Төкең осы бастамаларды тікелей қолдап, тұмсықтыға шоқыттырмады.  Осы тұста қой шаруашылығы бойынша селекциялық-генетикалық Орталықтар құру бастамасы, ауылшаруашылығы малдары мен өсімдіктерінің және микроорганизмдердің тектік қорының /генофонд/ Ұлттық Орталығын құру сияқты отандық ғалымдардың жетістіктерін дәріптейтін және ғылыми жұмыстарына серпін беретін жаңа ұстанымдарын қолдап, барынша көмек көрсетті. Әттең, бүгінгі таңда мал шаруашылығы саласының  кібіртіктеп, өндірімді іс атқара алмай жатқанына кейбір бастамалардың аяқсыз қалуы да себеп болды. Мал шаруашылығы саласындағы ең ауқымды жұмыстардың бірі - бұл кең ауқымды селекция ұстанымдарына сүйене отырып, мал шаруашылығын дамыту жолдары мен демеу тетіктерін бірегей тұжырымдама аясында шендестіре отырып, бір мақсатқа бағыттау бағдарламасы болды. Осы бағдарлама аясында мал шаруашылығының дамуына қажет барлық мемлекеттік демеулер мен қолдаулар, селекциялық жұмыстар мен мал азықтандыру мәселелерін ғылыми қамтамасыз ету және басқа да жұмысты жандандыратын қосымша тетіктер бір жүйеге тоғыстырылды.  Осы тұста мал басының есебін дәйекті жүргізу және мал асылдандыру жұмысын жандандыру бағытында «кең ауқымды селекцияның ақпараттық-сараптау жүйесі» әзірленді. Бүгінгі таңда бұл жүйе «мал шаруашылығындағы ақпараттық-сараптау жүйесі» деген атпен жұмысын жалғастырып келеді. Атауы анықтап тұрғандай бұл жүйе мал басының есебін ала отырып, сол малдың туғаннан бастап, шаруашылықтың есебінен шыққанға дейінгі /өледі, етке өтеді, сатылады және т.б./ деректерін жинақтап, сол ақпараттарды сараптай отырып малдың санатын /асыл тұқымды мал, тауарлы мал, сойыс малы, т.б./ белгілеп, республикалық деңгейде мал басының есебін жүргізуді және мал асылдандыру жұмыстарын автоматтандыруды жүзеге асыруға бағытталды. Осындай ауқымды істер Төлеухан Мұратханұлының іскерлігін, қарымды қайраткер екенін айқындап,   мемлекетшіл азамат екенін танытты. Осы орайда, Абай атамыз сипаттаған қазақтың «намысқорлық»  мінезі ойға оралады. Ортақ істе өкпе, араздыққа қарамай, жанын салысатынын қазақ намысын ескерсек,  қаншама қолдан жасалған қарама-қайшылықтар, қисынсыз ұсыныстар, қарсылықтар туындап жатса да,  Төкең өзіне тән қарапайымдылықпен бәрін бірлікке үндеп, ауылшаруашылығы мәртебесін өсіруге бар білім-қабілетін жұмсады. Міне, кісілік. Рухы мықты, ұстанымы дәйекті адамның кішіпейілділікпен-ақ күрмеуі күрделі мәселені шеше алатынын Төкеңнің осы қаракетінен көруге болады. Қарапайым мінезімен-ақ мал шаруашылығының қамын қамдап, оның  ыстық-суығына төзіп жүрген қайраткер екені барша қызметкерлерге үлгі-өнеге. Төлеухан Мұратханұлының жеке басына тән кейбір ерекшеліктерінің тәлімдік өнегесі мол. Төкең негізгі құжаттарды жазуды және алдындағы құжаттарға түзетулер енгізуді қарындашпен атқаратын. Осы әдетіне тәнті болдым, өйткені бұл кеңселік құжаттарды дайындауда өте оңтайлы әдіс. Мен Мәскеу академиясында оқып жүргенімде, ұстазым Шангин-Березовский бізді студенттерді зертханалық жазбаларды тек қарандашпен жазыңдар деп үйреткен еді. Біріншіден, түзетуге ыңғайлы, екіншіден су тисе немесе малдың қаны мен экскременты /нәжісі/ шашырап тисе, тіпті химреактивтер тиіп кетсе де қарандаш реакцияға түспейді, жазуың сақталады дейтін. Төкеңнің қарандашпен жазу әдеті ұнамаған сөзі мен сөйлемдерін өшіргішпен өшіріп, қайта жазуға ыңғайлы жағын қарастырғаны шығар. Төкең мінезі жайлы адам, бастамалардың, идеялардың авторы болса да кеуде соқпайды,  бәзбіреулерге ұқсап алқынып мінберге де ұмтыл­майды, көсемсіп көп сөйлеуге де көңілі шап­пайтын ізеттілігі бойына дарыған жақсы қасиет. Баяндама дайындағанда бағыт-бағдардан ауытқымай, пікір айтыларда тыңдармандардың санасын сілкінтіп, сезімін селк еткізетін сөз орамдарын пайдалануға  төселген қаламгерлік қабілеті бар қызметкер. Жиырма бірінші ғасыр – ақпараттар ғасыры екені белгілі, біліміңді ұштап отыру үшін ақпарат легін оқып қана қоймай, санаға тоқып үлгеруің керек және оны қолданысқа енгізе алу керек. Осы орайда, Төкеңнің болмысынан бойына дарыған зеректігі, алғырлығы және өмір тәжірибесімен сомдалған іскерлігіне тәнті боласың. Қандай күрделі мәселе болса да, сол проблемаға терең бойлап, шешімін тауып, уақытты қадірлей біледі. Ширақ қимылы, жүріс-тұрыс әдебі, кішіпейілділігі, артық сөз айтпауы кез келген қызметкерге үйренуге тұрарлық өнегелі қасиет. Кез келген қоғамда мемлекеттің өркендеуіне, белгілі бір саланың өрістеуіне зиялы  адамдар ықпал етеді. Әрине, зиялы қауым дегеніміз сауатты ғана емес, білімділігімен қатар қоғамдық дамудың заңдылығын түсінетін, атқаратын қарекеттің нендей нәтиже бере алатынын бағдарлай алатын, шешуші сәтте соған бағыт бере алатын қайраткерлер. Осы тұрғыдан Төкең зиялы қауымның белді мүшесі дер едім. Ата-анасына деген сүйіспеншілігі, жарына деген шынайылығы, балаларына деген мейірімі әдепті адамның адамгершілік қасиетін асқақтатып тұрғандай. Қым-қуыт жұмыс, қарбалас шаруа бастан асса да, ата-анасына көңіл бөлуді әсте естен шығармайтын жүрегі нәзік жан. Әпкесі, іні-қарындастарына деген ықыласы, оларға көрсеткен ағалық ізеті бауырмалдығын дәріптегендей. Жалпы, ағайын-туысқа қана емес, дос-жараны бар, барша адам баласын қадірлей білу Төкеңнің негізгі ұстанымы сияқты. Тумысынан бойына біткен қарапайымдылығына сай, ешқашан адамдарға жасаған қамқорлығын дабыра етпейтін, қазақы әдеппен сыйластыққа жүгінетін. Әрдайым әдеп сақтап, кішіпейілділік көрсетуімен көпшіліктің көңілінен шығатын жақсы қасиетке ие. Сынаптай сырғыған уақыт. Бүгін міне, Төлеухан Мұратханұлы ауылшаруашылығына қосқан орасан үлесімен, қыз­меттегі бекем беделімен, ағайын және дос-жаран арасындағы абыройы­мен, еліне деген ақ пейілінен ауыт­қымай жетпіске келіп отыр. «Айтарыңды айтып кет, айта алмассың қайтып кеп» дегендей мақтау мен мадақтауды аса қажет етпейтінін білсем де, қасымызда жүрген аға қайраткердің өзін­дік әлеміне үңілгенді, байқа­ға­нымды көп­шілікпен бөліс­кенді жөн көрдік. Бар нәрсені бағалай білу де, ағаларды ағалай білу де менің інілік парызым деп пайымдаймын. Даныш­пан Абай «Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді» деген емес пе, жақ­сысын жадында сақтаған халықтың ұрпағымыз ғой. Төлеухан Мұратханұлына тән азаматтық асылдықтың бір көрінісі – жас жетті, қайрат кетті деп зейнетке кетіп, отбасында байырқалап қалмай, әлі де еліне қызмет етуін жалғастырып, шаруалардың шашырап жатқан шаруасын ортақ мүддеге тоғыстырудың тиімді тәсілдерін өндіріске енгізуді жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда, Қазақстанға тән жеке шаруалардың өз шаруаларын өздері күйттеген күйкі тірлігіне, кооперация тетіктері арқылы дем беріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға жұмылдырудың оңтайлы жолдарын саралау жолында. Қазақстанның егемендік алған кезеңінде малшаруашылығы саласының нарықтық экономикаға еркін бойлауына мұрындық болған Төлеухан Мұратханұлының білімі мен біліктілігі шаруалардың ынтымағын ұйытатын тегеуірінді тетіктерді игеруге де жететініне сенімдімін. Алла ағамызға қуат берсін! Әрдайым жаңашыл ізденістердің ортасында маңдайы жарқырап жүре беруіне тілектеспін! Өмір жолындағы жетінші белес құтты болсын!

Айбын Төреханов, профессор