Сенат жұмысын түйіндеді
Сенат жұмысын түйіндеді
294
оқылды

Сенаттың жұмысы қарқынды әрі нәтижелі болды: бір сессияда ғана 83 маңызды заң жобасы пысықталып, қабылданған. Олар мемлекеттің әлеуметтік мін­дет­темелерін орындауға, эконо­ми­каның жекелеген секторларындағы жағдайды жақсартуға бағытталды.

– Елбасының «Қазақстан­дық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жол­дауын іске асыруды заңнама­лық қамтамасыз ету Сенаттың күн тәртібінің негізгі бағыты болды. Ағымдағы сессияда сенаторлар Үкіметке жүзден астам депутаттық сауал жолдады. Өткір сауалдар арқылы елімізде шешімін таппай жүрген мәселелерге тиісті мемор­гандардың назарын аударып, оларды шешу жолдарын көрсете білді. Қажет болса, болашақта сауалға жауап беретін лауазымды тұлғаны Сенатқа шақырып, пікір алмасамыз, – деді Жо­ғарғы палата төрағасы.

Осы сессия барысында депу­таттар өңірлерді екі рет ара­лап қайтты. Тұрақты коми­тет­тер аймақтарда бірқатар көшпелі отырыстарын өткізді.

– Мемлекеттік бағдарламалар және Парламент қабылдаған заң­дардың орындалуы де­пу­таттардың ұдайы бақылауында болды. Сенатта мәслихат хатшыларымен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Алдағы уақытта осыған жауапты кеңес жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру және өңірлік дамудың өзекті мәселелері бойынша тұрақ­ты жұмыс жүргізеді. Сонымен қа­тар Сенаттағы «Өңір» депутат­тық тобы­ның белсенді жұмысын атап өткен жөн. Әріптестеріміздің ұсынысы бойынша жаңа консуль­тативтік-кеңесші орган – «Бюджет заңна­ма­сын жетілдіру жөніндегі кеңес» құ­рылды. Онда бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін жауап­кершілікті күшейтуге, Есеп коми­тетінің рөлін нығайтуға қатысты бірқатар ұсыныстар ай­тылды. Біз осы бағыттағы жұмысты күзгі сес­сияда белсенді түрде жалғасты­ра­мыз, – деді Дариға Назарбаева.

Сенат жанында заң шығару процесін жетілдіру кеңесі де құ­рылды. Күзде осы мәселеге арнал­ған парламенттік тыңдау өткізу жоспарланып отыр.

– Жалпы алғанда, мемлекеттің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірінің жаңа кезеңін заңнамалық қамтамасыз ету бойынша тыңғылықты жұмыс атқарылды деп айта аламыз. Осы орайда баршаңызға белсенді әрі нәтижелі қызметтеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін, – деді палата басшысы.

Ол осы уақыт ішіндегі маңыз­ды саяси оқиға қатарында 9 мау­сым­да Қазақстанда Президент сай­ла­уы­ның өтуін және онда Қасым-Жо­март Тоқаевтың жеңіске жетуін атады. Қ.Тоқаев қызметке кірісу рә­сімінде сөйлеген сөзінде өзі жүр­гізетін саясаттың он бағытын тұ­жы­рымдады. Д.Назарбаеваның бай­ламынша, бұл бағыттардың әр­қайсысы Парламенттің маз­мұнды қызмет атқаруы қажетін білдіреді.

– Біріншіден, Президент тапсырмаларын ескере отырып, 2019 жылға арналған Сенаттың жұ­мыс жоспарын түзету керек. Қа­жет болса, заң жобаларын әзір­леу мен қабылдауға бастама жа­салуы тиіс. Екіншіден, заңдар­дың орында­луын қадағалау үшін Үкі­мет мү­шелерінің өз қызметі ту­ралы есеп­терін тыңдау рәсім­де­рін толық кө­лемде пайда­ланған, өзекті және резонанстық мәселе­лер бойынша парламенттік тың­дауды жиі өткіз­ген жөн. Үшін­ші­ден, аймақтармен жүйелі негізде маңызды мәселелер бойынша жұ­­мыс жүргізген абзал. Сенатор­лар­ға аймақтарды аралап, жергі­лікті мәс­лихаттармен және қоғам­дық ұйым­дармен жұмыс істеуді жос­парлау керек, – деді Жоғарғы палата төрағасы.

Төртіншіден, Сенат өз қызме­тін барынша жария және ашық түрде жүзеге асыруға ниетті. Бұл жұмыс қазірдің өзінде жүріп жа­тыр. Сенаттың веб-сайты жаңар­тылды. Күзден бастап заңнамалық және жұмыс материалдары да сонда қолжетімді болады.

Бесіншіден, қабылданған заң­дардың сапасын арттыру үшін Се­натта ауқымды «сарапшылар пулын» құру көзделген. Заңдарды талқылау, қабылдау кезінде ғылы­ми қоғамдастықтың, жастар мен гендерлік ұйымдардың, еріктілер қозғалыстарының, үкіметтік емес ұйымдардың және кәсіпкерлердің пікірлерін ескеруге мән беріледі.

Бюро шешімімен Сенат жа­нында Парламентаризмді дамыту жөніндегі кеңес құрылды, оған бұрынғы және қазіргі сенаторлар, көрнекті саяси және мемлекет қайраткерлері шақырылады.

– Біз олармен, яғни білімі мен тәжірибесі мол азаматтармен бай­ланысты үзбеуіміз қажет. Маусым айының басында Сенатта сөйлеген сөзінде Елбасы: «Біз бәріміз бір миссияны – елдің игілігі үшін қыз­мет етуді жүзеге асырып жүр­міз» деді. Біздің Құрметті сена­тор­мен кездесуге, кеңес алуға және палата отырыстарына қатысуға шақыруға мүмкіндігіміз бар. Біз үшін бұл үлкен құрмет пен жауап­кершілік, – деді Д.Назарбаева.

Ол сессия жұмысы аяқталға­нымен, депутаттардың қызметі жал­­ғасатынын қаперге салды. Се­на­торлар алдында жазғы парла­мент­тік каникул кезеңінде өңір­лер­де жергілікті тұрғындармен кез­­десіп, жаңа ой-пікірлер, сын­дарлы ұсыныстар жинақтау міндеті тұр.

Жиында журналист Айгүл Қапбарова сенатор атанып, ант қабылдады.

Сондай-ақ Жоғарғы пала­та­ның бір топ депутатына ТМД Пар­ламентаралық ассамблеясының жоғарғы марапаты тапсырылды.