Балуандардың арманы – Жекпе-жек сарайы
Балуандардың арманы – Жекпе-жек сарайы
381
оқылды

Бас қаланың туған күніне орай Нұр-Сұлтанда тұңғыш рет Жекпе-жек сарайы ашылды. Ұлттық спортты дамытуға барлық жағдай жасалған ғимарат бас қаланың мерекесінде пайдалануға берілді.

Заманауи үлгіде салынған спорт кешенінің артық­шы­лығы өте көп. Samruk-Kazyna Construction Сатып алу және пайдалану департаменті ди­ректоры Дархан Мұса­нов­тың айтуынша, ғимаратты салуда құрылыстағы жаңа технология қолданылған.

– Кешен халықаралық спорт федерациясының стан­дарттары мен талаптарына сай салынды. Ғимараттың құры­лысы кезінде жылу беру, жел­дету, ауа баптау және бөлмені жарықтандыруға заманауи энергиялық тиімді иннова­циялық инженерлік тәсілдер қолданылды. Жекпе-жек са­райы ғимаратының бірегей үшбұрышты формасы Қазақ елі­нің бостандығы мен бірлі­гі­нің символы қанатын қом­дап ұшқан қыранға ұқсайды, – деді Дархан Мұсанов.

Сарайда жекпе-жектің бар­лық түрінен халықаралық дода өткізуге қолайлы жағдай жасалған. Бокс, күрес, дзюдо, ауыр атлетикадан спортшылар жаттығады.

Сонымен қатар мұнда са­ла­матты өмір салтын ұстана­тын қала тұрғындары да спорт­пен шұғылдана алады. Төрт қабатты, жалпы аумағы 32 мың шаршы метр 5 мың адамға арналған спорт ке­ше­нінде әмбебап жаттығу залы, спорттық сауықтыру бөлмесі, қонақүй, 25 метрлік жүзу бас­сейні, фитнес орталық, ша­ғын футбол алаңы бар.

Мәдениет және спорт ми­нистрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаевтың айтуын­ша, қазірдің өзінде спорттық жарыс өткізуге тапсырыс көп.

– Жекпе-жек сарайына көптеген федерация өтініш айтып, тапсырыс беріп жатыр. Баскетбол федерациясы үлкен залдағы паркетті көріп, «Осында баскетбол жарыс­та­рын өткізейік» деп дайын отыр. Министрлік Жекпе-жек ассоциациясымен бірлесіп, осында балалар мен жасөс­пірімдер спорт мектептерін орналастырамыз. Заң бойын­ша балаларға спортпен ай­налысу тегін, – деді Серік Жарасбаев.

Елорда күніне орай Жек­пе-жек сарайында Жауын­герлік өнер фестивалі өтеді. Балуандар белдесіп, білектілер күш сынасады.

Қазақстан жауынгерлік өнер ассоциациясының бас хатшысы Фархат Аман­құ­лов­тың айтуынша, өнер байқауы мамыр айында Шымкент қа­ласынан бастау алған.

– Жауынгерлік өнерден екі ай ішінде республика кө­лемінде бірнеше шара өткіз­дік. Қорытынды жарысты елорда күніне орайластырып отыр­мыз. Осы уақыт аралы­ғында біздің қауымдастықтың құ­рамындағы олимпиадалық емес спорт түрі бойынша жиырма федерацияның спорт­шылары көрерменді мықты­лығымен тәнті етті. Астана кү­нінде барлығының басын қосып, қала тұрғындары мен қонақтарға ерекше спорт до­дасын ұсынып отырмыз. Қа­зақстанда тұңғыш рет тең­десі жоқ шығыс жекпе-жек өнеріне арналған алғашқы спорттық кешен халықтың игілігіне бе­ріліп жатқанына қуанамыз, – деді Фархат Аманқұлов.

Сарайдың құрылысын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жүргізген. Ғимаратты Samruk-Kazyna Construction 19,5 миллиард теңгегесалған.