Бүгінде ел тұрғындарының 50 пайызға жуығы газбен қамтамасыз етілген. Өңірлер бойынша айтсақ, 9 облысқа газ тартылған. Ал еліміздің орталық және солтүстік өңірлері әлі де газсыз отыр. Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде газ өндіру жылына 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артыпты, әлі де арта бермек. Себебі, елді газбен қамтамасыз ету жалғасады. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр 5 наурызда жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінде айтқан болатын.
«Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек. Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да. Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, экология жақсарады. Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Бұл жобаны жүзеге асыру ары қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деген еді Елбасы бес әлеуметтік бастаманы жариялаған сәтте. Содан бері арада бір жылдан астам уақыт өтті. Елімізді газбен қамтамасыз ету қалай жүріп жатыр? Әрине, бұл сауал, бірінші кешекте энергетика министріне қойылатыны белгілі.
Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 9 миллиондай адам газды тұтынып отыр. Жыл сайын газдандыруға бөлінетін қаражат көлемі ұлғайып келеді.
«2019-2021 жылдар кезеңінде газдандыруға арналған қаражат өңірлерді дамыту, «Нұрлы жер», сондай-ақ ағымдағы жылғы 27 ақпанда Nur Otan партиясының XVIII съезінде берілген Елбасының жеке тапсырмаларының шеңберіндегі бағдарламаларда көзделген. Еліміздің 13 өңірінде осы кезеңде 100-ден астам жоба іске асырылады. Бұл жобалар 1 млн астам тұрғынды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді министр.
Халыққа есеп беру кездесуінде Қанат Бозымбаев Елбасының бес әлеуметтік бастамасында тілге тиек болған «Сарыарқа газ құбыры» жобасы кестеге сәйкес салынып жатқанын айтады.
«Қазіргі уақытта Жезқазған қаласына жақын жерде дәнекерлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін шамамен 420 шақырым құбыр дәнекерленді. Бұл жалпы газ құбырының 40 пайызын құрайды. Бұл жоба елордамен бірге, бірінші кезеңде Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтпаев, Саран, Шахтинск қалаларының 171 елдімекенін газбен жабдықтайды. Аталмыш елдімекендердің 142 мың тұрғыны газға қол жеткізеді. Жалпы, жыл соңына дейін елдің газдандыру деңгейін 50 пайыздан асыру көзделіп отыр», – дейді ол.
Айта кетерлігі, Нұр-Сұлтан қаласына газ тарту жұмысына 2 200 адам тартылған. Дәнекерлеу жұмыстарының орташа қарқыны күніне 7-8 шақырымды құрап отыр. Газбен қамту жұмысы қарқынын бәсеңдетпесе, елорда тұрғындары көгілдір отынға 2020 жылдың басында қол жеткізуі мүмкін екен. Министрдің айтуынша, бұл жерде көп нәрсе жергілікті әкімдіктің жұмысына байланысты. Егер барлық торапты кестеге сай іске қосып үлгерсе, астаналықтардың алғашқы легі алдағы қаңтардан бастап газ тұтына бастайды.
Ал Нұр-Сұлтан қаласы Отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Астананы газдандыру жобасы 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде газ АГТС-1-ден ЖЭО-1 және ЖЭО-3-ке, АГТС-2-ден ЖЭО-2-ге, газ таратушы желілерден Көктал-1, Көктал-2, Теміржол тұрғын алаптарына және Оңтүстік-шығыс ауданына таратылады. Жобаның екінші кезеңі отынды газ таратушы желілерден Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар, Тельман, Пригородный, Garden Village, Family Village тұрғын алаптарына жеткізуді қарастырады. Үшінші кезеңде Ильинка, Шұбар, Өндіріс тұрғын алаптары газдандырылады.
Осы жылдың ІІ тоқсанында І кезең бойынша газ тарату желілерінің құрылысы басталады деп жоспарланған. Қаржыландырудың бөлінуіне қарай Көктал-1,2, Теміржол және Оңтүстік-Шығыс тұрғын үй алаптары 2019-2023 жылдар аралығында газдандырылмақ. Астананы газдандыру республикалық және жергілікті бюджет, сондай-ақ жеке инвестициялар қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Қаланы газдандыру шеңберінде Нұр-Сұлтан әкімдігінің құзыретіне газ тарату желілерінің құрылысы кіреді.
Аймақтарды да газдандыру жұмысы назарда тұр. Мысалы, Қостанай облысының елдімекендерін газдандыру бойынша арнайы бағдарлама әзірленген. Бағдарламаға 4 млрд теңге қаражат бөлініпті. Ал аталған облысқа қарасты Озерное ауылына газ құбырын өткізу үшін 600 млн теңге қарастырылған. Құрылыс жұмыстары келер жылдан басталады.
Газбен қамту жұмыстары іркіліссіз жүріп жатыр десек, артық айтқан болар едік. Мысалы, кей өңірлерде газ құбырын тарту жұмыстары аяқталса да, табиғи газға қосылмаған нысандар мәселесі бар. Бұл жерде мысалға Түркістан өңірін айтуға болады: 2016-2018 жылдары газ құбырлары құрылысы аяқталған 78 елдімекен көгілдір отынға қосылмаған. Тұрғындардың алаңдаушылығын туғызған бұл мәселені жыл басында Nur Otan партиясы өз бақылауына алғаны есімізде. Ал, жалпы алғанда, Түркістан облысындағы 843 елдімекеннің 385-і (45,7 %) немесе 1072 ,9 мың тұрғыны (54,3 %) табиғи газбен қамтылған. Облыста 2018 жылға дейін бюджет есебінен жалпы 223 нысанда 5,6 мың шақырымнан астам газ жүйелерінің және 12 автоматты газ тарату стансасының құрылыстары жүргізілген. Газбен қамту қарқынды жүріп жатқан өңір де осы Түркістан облысы. Биыл облыс орталығы – Түркістан қаласы тұрғындарының 60 пайызға жуығы табиғи газбен қамтылады. Ал 2020 жылы қала толығымен табиғи газға көшеді. Сайрам ауданында да елдімекендерді газдандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Былтыр 12 елдімекен газдандырылды. Осылайша, аудан аумағындағы 42 ауылдың 31-і өткен жылдың қорытындысымен толық көгілдір отынмен қамтылды. Яғни, қамту деңгейі 73,8 пайызды құрап отыр. Биыл 7 елдімекенге газ тарту жоспарланып отыр екен. Сонда қамту деңгейі 90,4 пайызды құрайды. Жалпы, аталған 42 елдімекеннің барлығы 2020 жылға толық газдандырылады.