Шымкент бес жылда түрлене ме?
Шымкент бес жылда түрлене ме?
5,340
оқылды

Ел Үкіметі Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі «Кешенді жоспарын» қабылдады. Бұл құжат Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмалары бойынша және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жаңа мегаполиске іссапары кезінде қойған нақты міндеттер аясында әзірленген екен.

Премьер Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Ми­нистр­лер кабинетінің отырысында Кешенді жоспардың негізгі бағыттары мен іс-шаралары туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Әбдірахымов баяндады. Ал Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов құ­жатты іске асырудың қала және жалпы ел экономикасына қан­дай әлеуметтік-экономикалық пайда әкелетінін айтып берді.  

Жоспар аясында 10 бағытта жалпы құны 1 триллион 284 мил­лиард теңгеден асатын 89 іс-ша­раны жүзеге асыру жоспарланған. Соның ішінде 836 млрд теңгені немесе барлық қаражаттың 65%-ын – жеке инвесторлар құяды. Тағы 68,1 млрд теңге – МЖӘ тетігі арқылы тартылады. Бұл құжатқа сай енді қала құры­лысы ықшам жүргізіледі, яғни шаһар аумағы жайыла бермей, оңтайландырылады. Бұдан бөлек, инфрақұрылымды тиімді пайдалану қамтамасыз етілмек, сондай-ақ тұрғындар үшін қо­лай­лы және ыңғайлы жағдайлар тудырылады.

«Шымкент – Қазақстанның өнеркәсіптік, сауда-саттық және мәдени орталықтарының бі­рі», – деп атаған Үкімет бас­шы­сы мегаполисті одан ары дамы­туды қарастыратын бірқатар нақты тапсырма берді. Инвес­тициялық әлеуетті дамыту мақ­сатында «Жұлдыз» және «Шым­кент агро» жаңа индустриялдық аймақтарының құрылысын белсенді жүргізу, ал бұрыннан бар «Оңтүстік» АЭА аумағын ұлғайту тапсырылды.

Қаланы энергиямен және газбен жабдықтау үшін Премьер газ тарату стансасының ­(АГРС-3), сондай-ақ жеке ин­вестициялар есебінен қуаты 450 мегаваттық бу-газ қондыр­ғысының құрылысын аяқтауды жүктеді.

– Кешенді жоспар тұрғын үй құрылысының көлемін кезең-кезеңімен биылғы 500 мың шаршы метрден жылына 1 мил­лион шаршы метрге дейін арт­тыруға және баспанамен қамту көрсеткішін Шымкенттің әр тұрғынына шаққанда 30 шаршы метр деңгейіне дейін жеткізуге жол ашады. Мысалы, тек «Шым­кент Сити» жобасы аясында әлеуметтік инфрақұрылымы дайын 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызылады, – деді Асқар Мамин.

Үкімет жетекшісінің па­йымдауынша, ол үшін тұрғын үй құрылысын дамытуды жалғас­тыру қажет. Бұл ретте қаланы жинақы салуға, баспана құры­лысының халықаралық стан­дарттары бойынша жұмыс іс­тейтін инвесторлардың тәжі­ри­бесін қолдануға екпін түсірілмек.

Өркендеу перспективалары туристік салада да кеңеюде. «Цитадель» ескі қалашығын реконструкциялау және ха­лықаралық деңгейдегі ойын-сауық саябағының құрылысын аяқтау саяхатшылардың қосым­ша ағынына серпін береді деген болжам бар. Мұның сыртында Шымкенттің Түркістан мен Таш­кентке жақын орналасуы да туристік инфрақұрылымының өрістеуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына түрткі болып, синергиялық әсер беруге тиіс.

Алдағы 2020 жылы Шымкент қаласы «ТМД-ның мәдени астанасы» болып жарияланды. Осы орайда жауапты мемлекеттік органдарға әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды осы шараға уақытылы даяр ету туралы тапсырма берілді.

– Кешенді жоспарды іске асыру арқасында Шымкент қа­ласының жалпы өңірлік өнімі 2018 жылғы 2 триллион теңгеден 2023 жылға қарай 3,5 триллион теңгеге дейін жеткізіледі, – деді А.Мамин.

Өз кезегінде Ғ.Әбдірахымов 2023 жылға қарай 60 мыңнан аса жұмыс орны құрылатынын мәлім етті. Шымкент қаласының әкімі бюджетке түсер жүктемені азайту үшін жеке инвестициялар мен мемлекеттік-жекешелік әріптестікке барынша салмақ салынатынын нықтады.

Құжаттың «Тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық» бағы­тында 30 іс-шара көзделген. Қала халқын жылумен, электр энергиясымен, газбен қамту үшін АГРС-3 және АГРС-6 қо­салқы электр стансаларын салу жоспарланған.

«Көлік инфрақұрылымы» бағыты 11 іс-шарадан тұрады. Оған 2020 жылы әуежайда жаңа жолаушылар терминалын тұрғы­зу және теміржол вокзалын жаң­ғырту жұмыстарын аяқтау, ав­тожол салу және қайта жөндеу, сондай-ақ Ташкент даңғылының жалғасын, А2 айналма авто­жо­лын, Шымкенттің оңтүстік ай­налма жолында автожол көпірін салу кіреді. Бұл қаланың көлік әлеуетін және өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

«Тұрғын үй құрылысы» ба­ғытында әкімшілік, іскерлік шағын аудандарда, «Шымкент сити», «Тұран», Қошқар ата өзе­ні жағалауында көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруге тиісті. 2023 жылға дейін барлық қар­жыландыру көздері арқылы 319 көп қабатты үй, яғни 20 794 пәтер немесе 2 109,3 мың шаршы метр баспана іске қосылады деп жоспарланған. Бұл шағын аудан­дарға инженерлік желілер тартылуда.

«Білім беру» бағытында Шым­кентте 23 500 орындық 15 мек­тепті салу қарастырылған. Бұл 2023 жылға қарай мектеп­терді үш ауысымдық оқытудан арылтуға мүмкіндік береді. Со­нымен бірге, жекеменшік мек­тептер саны көбейтілмек.

«Спорт» бағыты бойынша дене шынықтырумен және спорт­пен жүйелі түрде айналы­сатын шымкенттіктер үлесін 2023 жылға қарай 30%-ға артты­ратын үш жобаны іске асыру жоспарланған. Арасында Қажы­мұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионды реконс­трук­циялау жобасы бар, нәтижесінде, стадион UEFA және IAAF стандарттарына сәйкестен­діріледі.

«Мәдениет» бөлігі бойынша «Конгресс орталық» пен «Цита­дель» музейін салуға қатысты 2 ірі іс-шара қолға алынады.

Денсаулық сақтауды дамыту аясында жеке инвестициялар есебінен 1 000 орындық көп­бейінді аурухана тұрғызыламақ. Бюджет қаражатына 13 меди­циналық-санитарлық алғашқы көмек орталығы бой көтермек.

Еліміздің бас экономисі Руслан Дәленовтің дерегінше, 2023 жылы жоспарды орындау аяқталғанда, Шымкент тұр­ғындарының орталықтан­ды­рыл­ған сумен жабдықталу көрсеткіші 93%-дан 98%-ға дейін өсуге: табиғи газбен қамтылуы 92%-дан 98%-ға дейін жоғарылауға, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 59,4%-ға (былтыр 53,7% болған) дейін жетуге тиіс. Сондай-ақ қызмет көрсету, өнер­­кәсіп, құрылыс, сауда сек­тор­ла­рының өңір экономи­ка­сындағы үлесін арттыру жүк­телген.

Осы мақсатта инвстициялар деңгейі жылына 1 трлн теңгеге де­йін ұлғайтылады. Бұл 2018 жыл­ғыдан 1,8 есе көп.

– Шымкенттің экономи­ка­лық әлеуеті зор. Инфрақұры­лымға, энергетикаға, туризмге және қызмет көрсету секторына қомақты инвестиция салынады. Осының арқасында өңірлік экономиканың нақты өсімі жыл сайын 5,5%-ға өсіп отырады. Экономикалық белсенділік тұр­ғындардың да әл-ауқатын арт­тырады, – деп түйді Р.Дәленов.