Даудың басы сол баяғы шекара сызығын анықтай алмау. Гималай етегіндегі 60 мың шаршы шақырым жерді қос ел бөлісе алар емес. Бұл жолы 1975 жылдан бері алғаш рет оқ атылды. Бұл оқта-текте кездесетін шағын кикілжіңдер ме, әлде ірі жанжалдың алғашқы белгілері ме?
Оқиғаның шарықтау шегі 15 маусымнан 16-на қараған түні болған. Таулы мекендегі шекара маңындағы қарулы қақтығыстан 20 үнді әскери қызметкері көз жұмған. Олардың арасында офицерлер мен сарбаздар да бар. Ал Қытай тарапынан қайтыс болғандар мен ауыр жараланғандар саны – 43 адам. Жағдайды аймақтың ауыр климаты мен орталықтан тым қашықта орналасуы қиындатқан. Қытай тарапы үнді әскері шекараны екі рет заңсыз кесті деп көршісін айыптап отыр. Әрине, мұндай ірі кикілжіңдер аяқасты болмайды. Биыл 5-6 мамыр күндері шекараны патрульдеу барысында алғашқы қақтығыс болған. Жағдай ушыға бастаған соң 20 мамырда қос тарап шекара бойына бірнеше мың сарбазын жіберген. Жанжал Гималайдың Ладакх аймағындағы Галван аңғарында, Қытай мен Үндістан шекарасында тіркелген. Бірақ маусымның басында Үндістан мен Қытайдың әскерилері кездесіп, жағдайды бейбіт түрде шешуге уағдаласқан. Алайда аталған келісім 10 күнге де жетпеді. 15 маусым күні қос тарап әскері тағы да соқтығысып, жоғарыда айтылған адам шығыны болған.
Жалпы, биылғы дау Қытай тарапы құрылыс жұмыстарын жүргізуден басталған. 5 мамыр күні Қытай сарбаздары Галван өзенінің бойында шатыр тігіп, кейбір іс-шараларды бастап кеткен. Бұл жайт Үндістан әскерилерінің өз жерін қорғауына итермелеген. Дәл осындай жағдай 2017 жылы да болған. Ол кезде қытай жұмысшылары даулы Доклам шоқысында автомобиль жолын салуға кіріскен. Доклам шоқысы – Қытай, Үндістан және Бутанның шекаралары түйісетін жер. Қытайдың рұқсатсыз құрылыс бастауына Бутан қарсылық танытқан, алайда Бейжің оны ескермеген де. Бірақ Үндістан тарапы сөзге келмегендерді қарумен қуып шықпақ болып, шекараны кесіп өтіп, Қытайдың сарбаздары мен жұмысшыларын шоқыдан кейін ығыстырған. Осылайша, Нью-Дели өз мүддесін қорғаған. Жағдай ушыққан соң қос ядролық держава бірнеше дипломатиялық кездесу өткізіп, мәселені уақытша болса да шешкен.
Жалпы, бұл даудың басы Британ империясына барып тіреледі. Үндістан ағылшындардың қарамағында болғанда «Арда-Джонсон» және «Макмагон» сызықтары жүргізіліп, Үндістан мен Қытай арасы бөлінген. Оны үнді тарапы және сол кезде тәуелсіз Тибетті басқарған Далай-лама мойындады. Алайда Бейжің ол жер бөлісті мойындаудан бас тартты. Себебі Қытай ол сызықтар бойынша көлемді территориядан айырылдық деп есептейді. 1959 жылы осыған орай ресми дипломатиялық нота да жіберілген.
Ал 1962 Қытай мен Үндістан арасында жер үшін соғыс басталды. Бұл қақтығыста үнді тарапы ойсырай ұтылды. Қытайлықтар Ақсай Чин аймағын басып алып, Тибет пен Шыңжаң арасында жол салып, оларды байланыстыруға мүмкіндік алды. Үндістан өзінің Ладакх өңірінің бір бөлігінен заңсыз айырылдық деп есептейді. Жанжалдан кейін қос ел арасындағы шекара екі жерде үзіледі – Непал мен Бутан орналасқан аймақтар. Бұл даулы өлкелер Гималай тауының етегінде орналасып, жағдайды қиындатады. Алайда шекараны шегендеу үшін 1993 және 1996 жылдары екі үнді-қытай келісімі жасалған, бірақ ол жер дауын түбегейлі шешпеді және қос тарап даулы өлкені өз жері санайды. Осы көзқарас жиі қарулы қақтығысқа себеп болуда.
Жалпы, Қытай көршілермен бөлісе алмаған жерлеріне басып кіретін әдеті бар. Мәселен, биыл 19 сәуір күні Парамель аралдары мен Спратли архипелагында Қытайдың екі әкімшілік округы пайда болды. Оларды сырттай Хайнань провинциясының құрамына қосып қойды. Бейжіңнің бұл әрекетіне Вьетнам қарсылық білдірді, бірақ оны елеп-ескерген Қытай жоқ. Бұл елдің келесі көздегені Сенкаку архипелагы болатын шығар. Оны Жапониямен бөлісе алмай келе жатыр. Алайда қарап отырмай, өзінің әскери кемелерін жиі жібереді. Яғни, өз мүддесін осылай білдіре бастады.
Жалпы, Азияда Қытаймен ешбір ел ашық қарсылыққа барғысы жоқ. Оның бүгінгі әскери әлеуеті мәлім. Тіпті, жер үшін де. Соның бірі – Үндістан. Алайда бұл демократиялық деп танылған мемлекет, яғни түрлі саяси күштер премьер-министрден үнемі қатаң жауапты талап етеді. Өз кезегінде Үндістан көршісімен ашық қарсылыққа бармай, Қытайға қарсы одақтас табуға тырысады. Нью-Делидің бұл ниетін АҚШ жақсы түсінеді. Сондықтан қол ұшын беруге тырысады. Бірақ бұған дейін премьер Нерудың Трамппен аса жақындасқанын байқамадық. Оның өз себептері бар шығар. Соны бірі – Уашингтонға кіріптар болудан басын алып қашу, аймақтық держава атағынан, тәуелсіз сыртқы саясат жүргізу мүмкіндігінен айырылып қалмау.
Дегенмен Қытай да қарап отырған жоқ. Үндістанға қарсы өңірде өз одақтасын тапты. Әрине, ол – Пәкістан. Үндістан мен Пәкістан Кашмир аймағы үшін бақталас екені бәріне мәлім. Сондықтан Бейжің Пәкістанға үлкен инвестиция құйып, өзінің сауда маршруттарына қосты. Ертең олай-бұлай болып кетсе, Исламабад Бейжіңге жақ болары хақ.
Жалпы, Қытай, Үндістан және Пәкістанның кез келген мәселе бойынша жанжалдасуы тек Азия үшін емес, әлем үшін қауіпті. Себебі үш ел де ядролық держава саналады. Қытай 320, Пәкістан 160, Үндістан 150 ядролық зымыранға ие. Бейжің мен Нью-Дели ғарыштағы спутникті зымыранмен атып түсіріп, өзінің әскери мүмкіндігін паш етті. Яғни, кезекті шекарадағы жанжал мемлекетаралық қақтығысқа ұласуы мүмкін. Ал ондайда қос тараптың қайсысы қандай ауыр қаруға жүгінері белгісіз.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА