Сол секілді мектептегі әлімжеттік, оқушылардың төбелесі де тыйылған жоқ. Ата-аналар мен мектеп мұғалімдері қанша сарсаңға түссе де, қауқарсыз күйде. Сонда жоғары сынып оқушыларының төменгі сыныптағы балаларды ұрып-соғуы «дәстүрге» айналып кеткен бе? Мәселеге бойласақ.
Кеңес заманында ересектердің кішілерге әлімжеттік жасауы заңды көрінетін. Былайша айтқанда, «тәрбиенің» бір түрі болды. Бірақ әлі күнге дейін әлімжеттікке тосқауыл көбейсе де, тоқтам жоқ. Мысалы, биыл ақпан айында Түркістан облысы Қазығұрт ауданында 14 жастағы 8-сынып оқушысы мектеп қабырғасында көз жұмды. Қатарластары оның қайтыс болар алдында өзге оқушылармен ерегісіп, оңаша жерге кеткенін айтқан. Бұл көп оқиғаның бірі ғана. Жыл басынан бері Таразда, Арыс қаласында, Ақтөбеде бір-біріне пышақ сұққан оқушылар да табылды. Бұл секілді елді дүрліктірген оқиға бірінші рет болып тұрған жоқ. Былтыр дәл осы Түркістан облысында мектеп оқушыларының төбелесі белең алып, ақырында Білім және ғылым министрлігі тәрбие сағаттарын көбейтіп, мектептердегі бақылауды күшейту керегін мәлімдеген болатын. Бірақ мұндай оқиға осы өңірде тағы қайталанды. Жасөспірімдердің мұндай ауыр қылмысқа баруына не себеп?
Бас прокуратураның дерегіне сенсек, елімізде 2020 жылдың алғашқы 4 айында мектеп жасындағы балалар 655 қылмыс жасаған екен. Бұл өткен жылдың есебімен салыстырғанда азайған. 2019 жылдың алғашқы 4 айында жасөспірімдер 954 қылмысқа барған. Түбегейлі жойылып кетпесе де, оң өзгеріс бар. Мектепте тәртіпті жиі бұзатын оқушыларды жергілікті Ішкі істер басқармалары есепке алып отырады. Содан кейін олармен инспекторлар жеке жұмыс істейтіні белгілі. Мысалы, оқушылар арасында жиі құқықбұзушылық болатын Ақтөбе облысында былтыр тәртібі нашар 389 оқушы тіркеліпті.
Әлімжеттік, бопсалау әлем елдерінде «буллинг» (bullying) деп аталады. Ағылшын тілінен аударғанда мазақ ету, қорқыту деген мағынаға ие. Педагог мамандар мектеп кезіндегі әлімжеттікке қантөгіске толы фильмдер мен компьютерлік ойындарды кінәлап жатады. Көп жағдайда бопсалауға ұшыраған оқушы ата-анасына болған жағдайды айтуды ар санайды екен. Айтып қойса, өз қатарынан шектеліп қаламын деген қорқыныштың әсері. Соның салдарынан ірілі-ұсақты қаншама оқиғалар жабулы күйінде қалып жатқаны белгісіз. Елімізде ғана емес, көрші Ресейде де әлімжеттік проблемаға айналған. Мұнда оқушылардың үштен бірі мазақ пен кемсітудің, қол жұмсаудың құрбаны болады екен. Осылайша, мектеп қабырғасында алған моральдық соққы жасөспірімнің келешек өміріне әсер етуі де мүмкін. Бұл олқылықтың орнын қалай толтырамыз. Бұған қатысты психолог мамандар не айтады?
– Әлімжеттіктің «отаны» мектеп болып отыр. Мектеп жасындағы балалардың даму кезеңінде өзгерістер болады. Былай айтқанда, өтпелі кезең. Соның бірі – ұл баланың әлеуметтенуі. Ер-азамат ретінде, жігіт ретінде қалыптасуға ұмтылыс. Дәл осы кезеңде, 11-14 жастағы балалар физикалық тұрғыдан әлсіздерге күш көрсете бастайды. Әлімжеттік көрсеткен бала сол ортада өзінің мықтылығын көрсеткісі келеді. Яғни, кім ортадан жақсы оқып немесе басқалай жағдаймен алыстап жатса, соны қатардан әлімжеттік арқылы шеттетеді. Бұған баланың өзі бөлектенуінің әсері бар, – дейді психология ғылымдарының кандидаты Бақыт Дастанқызы.
Бұдан бөлек, соңғы жылдары әлеуметтік желі арқылы әлімжеттік көрсету белең ала бастаған. Оған 2-3 жыл бұрын желіде тараған «Синий кит» жобасын да қосуға болады. Сол кезде жасөспірім балаларға әлеуметтік желі арқылы тапсырма беріп, қорқытып, жеткіншектерді өзіне қол жұмсауға мәжбүр еткен адамдар жайлы әңгіме тараған болатын. Бұл тағы бір жөні бөлек әңгіме. Ал мектептегі ахуалды кім реттемек? Жасөспірімдердің бойында қатыгездік артты ма, әлде тәрбие осал ма? Бұл жайында білім ордасындағы маманнан мән-жайды сұраған едік.
– Ең әуелі жыл сайын аздап болса да мектептегі әлімжеттіктің азайып келе жатқанын ескерген жөн. Өзім басшылық ететін мектепте тәртібі нашар болып, құқық қорғау органында есепте тұрған бала жоқ. Меніңше, баланың бос уақыты болмаған жөн. Әсіресе, енді ес жиып келе жатқан өтпелі кезеңде. Бойындағы энергиясын спортқа, білімге арнаса бала қылмысқа бара қоймайды. Сондықтан қылмысқа баратын оқушылардың бос уақыты көп болған деп ойлаймын. Одан кейін ұстаздар мен ата-аналардың бірлесіп жұмыс істеу мәселесі толыққанды жолға қойылды деп айта алмаймыз. Кей жағдайда мұғалім әр баланың отбасында қандай қиын жағдай болып жатқанын біле алмай, баламен байланыс орната алмайды. Осындай сәттерде ата-ананың көмегі қажет. Тәрбие сағаттары онсыз да өткізіледі, әрине ол маңызды, бірақ баланың қоғамдық істер мен білімге ынтасын ояту одан да маңызды болып тұр, – дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы №8 орта мектептің директоры Гүлнұр Айтимова.
Қалай десек те, бұл мәселе жыл сайын талқыға түсіп, оқушылар тәрбиесіне қатысты түрлі пікір айтылып жатады. Әлімжеттік бұрын да болған, қазір де бар. Тек алдын ала білген жөн. Себебі көп қылмыс болары болып, бояуы сіңгеннен кейін сарапқа салынады. Сол үшін баланың әрекетін бақылап, ата-ана мен мұғалімнің, құқық қорғау саласындағы мамандардың бірлесе жұмыс істегені абзал. Сонда ғана жағдайдың жақсаруына септігін тигізері анық.