Өткеннің өнегесі – тарих қойнауында

Өткеннің өнегесі – тарих қойнауында

Оның қыр-сырын «Қазақ даласында» атты кітаптан табуға болады. Ағылшын инженері Джон Уилфорд Уордел елдегі ғылым, мәдениет, еларалық байланыс саласында елеулі жаңалық ашқанның бірі болды. Мәдениет және спорт ми­нистр­лігі Тіл комитетінің қолда­уы­мен Л.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университеті «Алаш» мәдениет және рухани даму институты Джон Уилфорд Уорделл ағылшын инженерінің In the Kazak Steppes атты тарихи еңбегін қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде басып шығарды. Бұл естелік кітап Лондонның «Галери Пресс» бас­пасынан 1961 жылы шыққан. Кітаптың авторы, инженер Джон Уилфорд Уорделл Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған 1914 жыл мен Азамат соғысы өр­шіген 1919 жыл аралығында Қа­зақ өлкесіндегі Атбасар, Спасск кен өндіру орындарында 5 жыл қызмет атқарып, Алаш жұртының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын еуро­палық көзқараспен қызықты етіп хатқа түсірген. Еңбектің осыдан 60 жыл бұрын Ұлыбритания та­рапынан әлемдік ғылыми айна­лымға енгізілгені – оның тарихи құнын арттыра түседі. Кітапты тауып, орыс тіліне аударған – Еуразия ұлттық уни­верситетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, шет тілі доценті Мәдина Анафинова. Қазақ тіліне аударған тарих ғы­лым­дарының кандидаты, доцент Құралай Ерімбетова. Басылым­ның жауапты редакторы – Дихан Қамзабекұлы. М.Анафинова «Бо­лашақ» бағдарламасымен Ұлы­бри­танияда ғылыми тағылым­да­мадан өтуге барғанда Кембридж университетінің кітапханасынан аталған еңбекті көреді. Тарихи мұраның түпнұсқасын Қазақ­станға жеткізуге Әлем тілдері уни­верситеті мен Қазақ-Британ университетінің ректоры болған азамат, экс-сенатор, елші, ғалым Әділ Ахметов пен Кембридж уни­верситеті Орталық Азия фо­румы­ның төрағасы, профессор Сид­дхарт Саксена жәрдемдеседі. Дж. Уорделл кітабының ма­ңызды бір қыры – естеліктер мен құжаттар тарих пен ағымдағы өмір­ді қатар көрсетіп, сол кезең­дегі қилы мәселелерді өзіндік көз­қараспен орайлы жеткізілуі. Еңбек авторы ғалым-тарихшы да, этнограф та емес, ол – Батыс әле­міне қазақ халқы мен оның ба­йырғы жерлері туралы мәліметті, осы елдегі өнеркәсіптің дамуын хаттап көрсетуші.  

Анар ҚОНЫС