Блок-бекеттер қайта қойыла бастады
Блок-бекеттер қайта қойыла бастады
Фото: Интернеттен алынды
254
оқылды
Маңғыстау облысының қоғамдық байланыс орталығы хабарлауынша, Жаңаөзен қаласы мен Қарақия ауданының аумағында блок-бекеттер орнатылып, шектеулер енгізілді. Мұндай шешімді өңірде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін жедел штаб амалсыздан қабылдаған.
«Қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып Рахат, Теңге, Қызылсай ауылын (Сенек, Бостан, Құланды, Болашақ ауылын қоса алғанда) 25 маусым күні сағат 00.00-ден 2020 жылдың 13 шілде күні сағат 07.00-ге дейін карантин режимі және бірқатар шектеу шаралары енгізіледі» делінген облыстағы бас санитар дәрігер қаулысында.
Нақтырақ айтқанда, Жаңаөзен қаласы, Қарақия ауданы мен Ақтау арасындағы жолға блок-бекеттер қойылады. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің тапсырамасына сәйкес, Бейнеу ауданындағы он ауылдағы бақылау-өткізу пункттерінің жұмысы қайта күшейтіледі. Жергілікті тұрғындардың ауыл-аймаққа негізсіз шығуы шектеледі. Аудан, ауыл-аймақта мобильді топтар құрылып, отбасылық жиындар мен діни рәсімдер және басқа да іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Маңғыстауда осы кезге дейін 449 адам коронавирус инфекциясына шалдыққан.