– Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуы тиіс. «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Әлқисса» күйлері – ұлттық рухымызды көтеретін таңғажайып туындылар. Домбыраның пернесінен шыққан күйде халқымыздың терең тарихы бар. Біз атадан балаға аманат болған асыл мұрамызды сақтап, қадір тұтуымыз қажет. «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажет әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында Қазақстан Президенті төл мәдениетімізге деген қамқорлық әрқашан мемлекеттің айрықша назарында болатынын жеткізді.
«Қазақ елі» монументі алаңында өткен ұлттық руханиятты дәріптейтін концерт барысында мыңнан астам өнерпаз бір оркестрдей домбырамен «Сарыарқа», «Адай», «Әлқисса», «Көңіл толқыны», «Балбырауын», «Көреғұлы» секілді қазақтың белгілі күйлерін орындады. Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталинаның айтуынша, Ұлттық домбыра күні – шілде айының алғашқы жексенбісі деп белгіленген. «Биылғы концерттің ерекшелігі – жас айырмашылығына қарамастан, ниет білдіргеннің бәрі концертке үлес қосты. Домбырашылар барлық өңірден жиналды. Қатысушының ең үлкені 70-те болса, ең кішісі – 7 жаста. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік академиялық филармониясы, «Сарыарқа» халық музыка ансамблі, «Қорқыт» дәстүрлі музыка ансамблі секілді кәсіби музыканттар да қатысты. Орындаушылардың арасында белгілі тұлғалардан күйші Арман Жүдебаев, Батыржан Мықтыбаев, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры, күйші Нұрғиса Дәуешов, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедияров, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров өз өнерін ортаға салды», – деді ол.
Мереке барысында күйден басқа, «Жастар» театрының актерлары тарихи қойылым ұсынды. Оған қоса, елордалық музыка мектептерінің шәкірттері өз өнерін ортаға салып, ақындар айтысын өткізді. Сонымен қатар «Қазақ елі» монументінің алдында киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақышта безендіріліп, ұлттық аспаптар мен қолөнер бұйымдары қойылған көрме болды.