Оқушы кімге өкпелі?
Оқушы кімге өкпелі?
364
оқылды
Алайда ел айтатын маңызды сынның астарында күрмеуі қиын мә­селе қалып қоятын сияқты. Бұған биыл тестілеудің ау­жайын бақылағанда көзіміз жетті. Қазіргі жас ертең кім болатынын нақты білмейді. Немесе оқушыға жол сілтейтін бағдаршамның халі «мүшкіл». Бұл турасында дәлеліміз де бар. 21 маусым күні ұлттық бірыңғай тест тапсырған бірнеше түлектен «әлі кім болатынымды шешкенім жоқ» деген жауап алдық. Жалпы, жүрген жерде «руың кім?», «өскенде кім боласың?» еген сұрақтың жиі қойылатынын білеміз. Қазіргі оқушы сол сауалдан жауыр болды ма, әлде, расымен болашаққа жос­­пары жоқ па, беймәлім. Бірақ төмендегі түлектің айтқаны көп­шілікті ойландыратыны сөзсіз. «Кім болғың келеді?» дедіңіз бе? Қиын сұрақ. Бастапқыда сая­саткер болғым келді. Бірақ қа­лауым орындалмайтын сыңайлы. Жақсы адам болу маңызды емес пе? Мәселен, өзім жақсы адам бо­ла­мын», – дейді 62 мектеп-лицейдің түлегі Арслан Дүйсенов. Ойындағысын бүкпесіз айтып берген кейіпкеріміздің таңдау пәні – математика мен физика. Ол аталған пәндерді қоғамда сұраныс бар болғандықтан таңдағанын жасырмады. Арслан қос пәнді қорғаныс белбеуіне теңеді. Оның не инженер, не физик атануға құлқы жоқ. Егер бизнесте тауы шағылып, басқа салада жо­лы болмай жатса, физика-мате­ма­тикаға қайта оралмақ. Бірақ бизнес саласына баратыны да нақты емес. Тек университеттердің бірінде физика-математика бағыты бо­йын­ша білім алары хақ. Өзі сүй­меген мамандықты меңгерген сту­денттен қандай маман шығарын топшылап көріңіз. Қош, мамандық таңдау про­цесіне кім жауапты? Ата-ана-мектеп-мұғалім үштігін жиі еске аламыз. Сонда қай тараптан қате­лік кетті? Өзара ықпалдастық теория­сын негізге алып, мәселені зерттеп көрелік. Жоғарыдағы сұрақ төңірегінде бірнеше кейіпкерден жауап алдық. Бірі ата-ананы, бірі мектепті, ен­дігісі оқулықты сын садағына ілді. «Негізі, ата-ана тікелей әсер етеді. Өз баласының қызығу­шы­лығын байқай алады. Соған сәйкес дұрыс бағыт-бағдар беру керек деп ойлаймын. Мысалы, маған анам «Өзің шеш» деп таңдауды өзіме қалдырған. Сонда биология пәнін таңдаппын. Оның үстіне, дәрігер болғым келмейді. Не үшін биология пәнін таңдағаныма әлі күнге таңырқаймын. Сондықтан өзің шешке салмай, ашық сөйлесіп, ақылдасып, бағыт берген жөн дегім келеді», – дейді Гүлбағира Қалжанова. Жөн-ақ. Мұндайда балаға ата-ана сөзі мен демеуі қажет. Ал ақыл-кеңес бергісі келсе де, не дерін білмейтін ата-аналар барын бі­лесіз бе? Елде әлі күнге «мұғалім не дәрігер болсаң, өлмейсің» деген стереотип бар. Кейбірі стандарттау, сертификаттау, IT саласы туралы мүлдем хабарсыз. Осындайда мек­тепте ата-анамен байланыс дұ­рыс жүрмейтінін байқаймыз. Бұл сөзімізді ұстаз Зәуре Бексұлтан­қызы да мақұлдады. «Ауыл мұғалімі болғандықтан, бұл мәселе турасында елді мекен деңгейін бағамдап, жауап берейін. Өйткені атап көрсететін істі өте жоғары деңгейде атқаратын қала мектептерін білемін. Меніңше, мектептегі психолог, тәрбие ісі жө­ніндегі орынбасар мен сынып же­текшісі бір мақсатта жұмыс істеуі керек. Әсіресе, психолог күн­­делікті жұмыс жүргізсе дейміз. Байқағаным, оқушы ұрлық жаса­са немесе төбелесе қалса ғана пси­­хологтың кабинетіне барады. Тренинг пен басқа да іс-шараны жиі өткізбейді. Олар 10-11-сынып оқушыларымен кәсіби әңгіме мен кәсіби кездесу ұйымдастырмайды. Әдеп сабағын тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар бекітетіні тағы бар. Сынып жетекшісімен екеуа­ра келісіп, ата-анаға әр маман­дық­тың артықшылығын түсіндіріп, сан сала барын айтса, қандай жақ­сы. Өйткені ата-анаға маман­дық туралы кәсіби көзқарас қалып­тастырып, ақпарат беретін бірден-бір мекеме – мектеп», – дейді А.Розыбакиев атындағы орта мектептің мұғалімі. Мақалаға арқау болып отырған мәселе – мамандық таңдау. Осын­­дайда мектеп оқушысы 9-сы­ныптан кейін жаратылыстану, яки гуманитарлық пәндерді таңдай­тыны еске түседі. Сонда қан­дай ма­мандық иесі боларын білмей­тін оқушы қалай бағыт таң­да­ған? Әрине, қоғамда қай сала­ның керек екенін, табысын топшы­лары анық. Икем мен құлық, бейім та­сада қалады. Бұған не себеп? «Бұрын «Әліппені» аша қал­саңыз, Ғ әрпінің тұсында ғарышкер, К әрпінің қасында космонавт деп тұратын. «Ана тілі» мен «Әліп­пенің» ішіндегі мамандық таңдауға бағыт беретін әңгімелер қандай-ды. Қазір балалар мектеп бітіріп, аттестатын алғанда «мен кім бола­мын?» деп шығады. Оған дейін бұл сұраққа бас қатырмайды. Мұны жүйеден кеткен қателік деп білемін. Мектепте 5-6-7-сыныпта оқушыларды белгілі бір маман­дыққа икемдеп, көңіл сарайын ашу керек. Мектепте өзін-өзі тану пәні, сынып сағаты деген бар. Ол жерде не оқытатынын біл­медім. Бірақ сол сағаттар арқы­лы балаларды болашақ маман­дыққа дайындауымыз керек. Ол болашақта инженер, агроном не­месе IT саласы маманы болатынын мектеп қабырғасынан айқындауы қажет», – дейді С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық университетінің баспасөз хатшысы Бердібек Хабай. Иә, мектепте «Өзін-өзі тану» дейтін ерекше пән бар. Ішін ашып қалсаңыз, көзіңіз тұнып түседі. Бас алғыңыз келмейді. Бірақ со­ның ішіндегі қаймағын қалқып, мәнін ұғындыра алатын мұғалім бол­са дейсің кейде. Өйткені біраз білім ордасында аталған пәнді 7-8 сабаққа қойып, «беделіне» нұқсан келтіретінін білеміз. Сабақ айтып, есеп шығарған бала 7-сабақта кім боларына жауап таба ала ма? Жауап беруге құлқы болмай, үйдегі ыстық шайды ойлап отырары анық. Бірақ бұл пәнді бастауыштан оқып, нәріне қаныққан жас буында нәтиже бар екен. «Өзін-өзі тану» пәні бастауыш сыныптарда біршама жақсы дең­гейде жүреді. Бірде аудандық семинарға қатыстым. 4-сынып оқушылары «Кім боламын?» тақы­рыбында ашық сабақ өтті. Сонда баян аспабының суретін көр­сеткен бір бала өнер жолын таң­дайтынын айтты. Апайы «неге?» деп сұрағанында үй-іші өнерге жақын екенін атады. Екіншісі ақ­шаның суретін көрсетіп бизнесмен бола­тынын, болашақта еш қиын­­дық көрмейтінін айтқанда таңғалдым. Қазір балабақша да 4K моделімен оқиды. Бұл – сыни ойлауға, топпен жұмыс істеуге үйретеді. Болашағын суреттеу ар­қылы өмірге бейімделеді. Көп­шілігі жаңартылған білім маз­мұнына сын айтады. Бірақ сол бағдарламаның арқасында небәрі 9 жастағы бала ертеңін елестетіп, жоспар құра алады» , – дейді Зәуре Бексұлтанқызы. Иә, мұғалім нұсқап тұрған 9 жастағы балалар жаңа оқу жы­лында 5-сыныпқа барады. Олар 2016 жылы жаңартылған білім беру мазмұны қолданысқа енгізілгеннен бастап жаңа бағдарламамен білім алды. Демек, Президент пен Білім министрі мәлімдегендей, сыни ойлай білген жеткіншектің келешегі кемел. Осы тұста ұстаз ата-ананың да ықпалы барын атады. Шәкіртінің басынан кешкен оқиғасын да баяндап берді. Бастауышта логи­калық ойлау қабілеті жоғары бол­ған оқушыға ұстаздары үлкен се­німмен қараған екен. 5- сыныпқа көшкенде ата-анасы оны көрші ауылдағы мектепке ауыстырған. Кейін бұрынғы мектепке қайта әкелген. Сөйтіп жүргенде оқушы психологиясы мен оқу үлгерімі на­шарлаған. Кейіннен ата-анасы ҰБТ-дан қорқып, ұлын 9-сы­ныптан кейін колледжге түсіріпті. Сондықтан ұстаз мамандық таңдау мәселесінде әлеуметтік-тұрмыстық кедергі де әсер ететінін алға тартты. Жоғарыдағы пікірлерді қорыта келе, мамандық таңдауды 100% көрсеткіш десек, 70%-ы мектептің еншісінде екен. Қалғаны – ата-ана мен оқушының құзырында. Болашақта оқушы таңдауына өкін­бес үшін үштіктің жұмыла жұмыс істеуі қажет. Әрі оқулық жайын­дағы пікірді де назарға алған жөн. Алдыңғы буыннан «кезінде мынадай мамандық таңдасам, қазір осындай жетістікке жетер ем, әттең» дегенді жиі естиміз. «Маған бағыт беретін бірі болмады, сендерде мүмкіндік көп» дейтін аргумент тағы бар. Алайда оқу­шылар мінген біраз кеменің жол­бас­шысы мүмкіндіктің бірін көр­сетуге әлсіз екенін кім білсін.  

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ