Диснейдің саундтрегін қазақ тілінде шырқады
Диснейдің саундтрегін қазақ тілінде шырқады
342
оқылды

Алматы Disney компаниясының лицен­зиясымен ресми киноконцерттер өтетін әлемдік астаналар тізіміне енді.

Алғаш рет отандық артистер Disney-дің көпшіліктің сүйікті анимациялық фильмдеріндегі танымал саундтректерді қазақ тілінде шырқады. Данияр Өтеген, Нұрмұхаммед Жақып, Адам, Кентал, Данелия Төлешова, Ерден Жақсыбек, Инди Еділбаева, Жарқынай Шалқар, Балжан Бидаш симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста көрерменді таңғалдырды.

Қазақстан үшін арнайы жасал­ған диснейлік киноконцерттің ресми бағдарламасына «Мұз жүрек» («Холодное сердце»), «Аң патшасы – Арыстан» («Король Лев»), «Су перісі» («Русалочка»), «Ару мен құбыжық», («Красавица и чудовище») «Мулан», «Аладдин», «Покахонтас» сияқты барлығы 22 мультфильмнің композициясы енген.

– Бүгін біз Disney-дің ең үздік әндерін алғаш рет қазақ тілінде ар­тистеріміздің орындауында тың­дап отырмыз. Бұл – біздің Ас­тана күні мерекесіне орай бала­ларға жасаған сыйымыз. Мен ТМД-дағы Walt Disney компания­сына және бүгін біздің арамызға отбасымен бірге келген компания өкілі Игорь Макаровқа рақмет айтамын. Музыка балалардың бойында мейірім мен патрио­тизмді, адамгершілік қасиеттер мен кішіпейілділікті қалыптас­тырады, – деді «Болашақ» КҚ Қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі Бауыржан Байбек.

«Жұлдыздар шеруі» қайырым­дылық киноконцертінің аясында 7 миллион теңгеден астам қаржы жиналды. Жиналған қаражат то­лықтай «Болашақ» корпора­тивтік қорының әлеуметтік жоба­ларына жұмсалады. Қазақстандағы инк­лю­­зивті білім беруді жетіл­діруге жәрдемдесу мақсатында «Бола­шақтың» бастамасы Nur Otan партиясы тарапынан «Ке­дергісіз келешек» республика­лық жобасы­ның аясында қолдап отыр. «Әр бала мектепке баруы тиіс» жоба­сының аясында Нұр-Сұлтан, Шымкент, Орал, Ақтау, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Петропавл және Алматыда инклю­зияны қолдау үшін 20 кабинет ашылды.

Аутизм және басқа да мен­талдық сырқаты бар 248 бала мектепке баруға мүмкіндік алды. 2019 жылы Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан об­лыстарында тағы да 20 кабинет ашу жоспарланған.