Дақпырт та, сенімсіздік те зардабын тигізіп жатыр
Дақпырт та, сенімсіздік те зардабын тигізіп жатыр
5,191
оқылды
Бір тәулікте төрт жүз адамнан вирус анықталды. Сала маман­дары  жасырын той жасап, садақаға барып, өзен жағасында топталып демалыс ұйымдастырудың ақыры вирустың жаппай таралуының негізгі себебі деп отыр. Бұл жағдай Атырау облысында карантин шараларын күшейтуге барлық негіз барын айқындап берді. Бұл туралы онлайн-брифинг барысында қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қаламқас Аманжолова мәлімдеді. Облыста карантин шараларын күшейту үшін барлық көрсетілім бар. Соңғы тәуліктерде вирус жұқтырған 400 науқас анық­талды. Олардың 257-сі – профилактикалық скрининг кезінде анықталған. Вирус жұқтырғандардың дені мұ­най кәсіпорындарының жұмыс­шылары. Екінші себебі – Атырауда өздері жүгінген адамдар саны көбеюде. Өкінішке қарай, көп адам вирус бар екеніне сенбей, оқшаулау ережесін сақтамады. Жасырын түрде той-мереке мен садақалар жасауды жалғастырып жатыр. Эпидемиологиялық тергеу жүргізген кезде науқастардан қай жерге бардыңыз, кіммен қарым-қатынаста болдыңыз деп сұрасақ, әдетте садақаға немесе тойға барып едім деп айтып жатады, – дейді Қ.Аманжолова. Алқымнан алып,тынысты та­рылтып көзді ашып жұмғанша адамзат баласын о дүниеге аттандырып жатқан вирус жұқ­тырғандар саны екі мыңға жетті. Бүгінде облыстық жұқпалы ау­рулар ауруханасы науқастарға лық толы, сондықтан ауру жұқ­тырғаны анықталған адам­дар Махамбет ауданына жіберілуде. Ол жерде туберкулезге қарсы күрес ауруханасында жұқпалы ауруларға арналған кереуеттер ор­наластырылған. Атырауда карантин режимі енгізілгеннен бастап «103»- ке жүгінетіндердің саны күрт өскен. Қазір жедел жәрдем стансасы бір күнде 1 000-нан аса қоңырау қабылдайды. Себебі қауіпті ін­дет діндеген сайын көпшілік сәл көтерілген дене қызуынан қорқатын көрінеді. Бастапқыда сенбей, саясатқа теліп бейқам жүргендер қызуы көтерілген кез­де дәріханаларға барып, қызу түсіретін, тамақ шаятын, тіпті әр отбасы адам басына градусник сатып алып, дәріхана сөрелерін босатып жатыр.  

Қауесетке сену әлі басым

Соңғы апталарда тұрғын­дардың дәрі-дәрмектерді аса қажет болмаса да сатып алып жатқаны  дүрбелең туғызуда. «Семейное» дәріханалар же­лісінің директоры Руслан Сәр­сеновтің айтуынша, тұрғындар белгілі бір дәрілерді қабылдау инфекция жұқ­тырудың алдын алады немесе ауру салдарын азай­тады деген жалған ақпарат­тарға сеніп жүр. – Мұндай дүрбелең шамамен бір апта бұрын басталды. Бұрын күніне 50 дана парацетамол сатылса, қазір саны 1 000 данаға дейін жетеді. Көп адамдар туыстары мен достарының немесе WhatsApp  желісіндегі жалған хабарламалардың әсерінен дәрі-дәрмектерді  ауырғанда емес, алдын ала сатып алады. Бүгінде «қауіпті дерттің бетін қайтару үшін парацетамол көмектеседі» деген жалған ақпарат тарап кетті. Карантин кезінде зімбірді көптеп сатып алғандай, оны да сатып ала бастады. Ал адамда диарея немесе ангина болуы мүмкін. Біз дәрі-дәрмек сатып алуға тыйым сала алмаймыз, өйткені біраз адам ауылды жерлерден келіп, сатып алып жатады. Қазіргі уақытта дене қызуын түсіретін дәрілерге бұрынғыдан да көп мөлшерде тапсырыс беруге тырысып жатыр­мыз. Бір аптадан кейін дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі шешіледі деп ойлаймын, – деді  Руслан Сәрсенов.         

Жекеменшік клиникалар үшін сын сағаты соғылды

Ақиқаты сол, халық  төтенше жағдай алынып, карантин талап­тары жеңілдей бастаған сәттен-ақ жаландап тұрған індетке өз­дері жабысқандай. Әйтпесе, Талдықорған, Шымкентте енді Атырауда жұқпалы ауруханалар салу туралы мәселе сөз болмас та еді. Ал әзірге Атырауда қосымша 50 орындық провизорлық ста­ционар ашылады. Бұл туралы  Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевтың төрағалығымен медициналық ме­кемелер басшыларымен  өткен жиында мәлім болды. «Ерекше атап өтерлігі, КВИ  клиникалық белгілері бола тұра тест нәтижесі теріс көрсе­тіп жатқан науқастар көбейіп отыр. Бұдан бөлек, ИВЛ аппа­раттарын алу мәселесі, қосымша зертхана ашу мәселелері де өткір тұр. Бірінші кезекте об­лыстық аурухана жанынан 50 орындық провизорлық стационар ашылатын болады. Он­да КВИ-ге алынған тест нә­тижесі теріс көрсеткендер ба­қыланады. Жетіспей жатқан  ИВЛ аппараттары ​ демеушілер көмегімен жуырда алынады. Сонымен бірге ТШО мен «Кас­пиан медикал» клиникасымен келісе отырып, КВИ-ге сынама алу үшін қосымша зертхана жұмысы жасақталғанын атап өткеніміз жөн. Ең басты мәселе, Атырауда дәрігер мамандары тапшы болып отыр. Кадрлар, соның ішінде реаниматолог мамандар, ИВЛ аппаратын қоятын мамандар жоқ. Осыған орай, жекеменшік ауру­ханалардан көмек сұралып жа­тыр»,  – деді әкімнің орынбасары  Бақытгүл  Хаменова. Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев жекеменшік емханаларды тартын­шақтай бермеуге шақырды. Ол «қазір аймақтағы ахуалды көріп отырсыздар. Бізге көмектесіп, халыққа жанашырлық танытатын уақыт келді. Сондықтан бірге жұмыс істеуге шақырамын. Бұл сіздердің де азаматтық борыш­тарыңыз»,  – деді. Сайып келгенде жұқпалы ауру­дың барына сенбей, даңғаза тойды сағынғандар мен сақтық шараларын сақтамай садақа өткізіп, демалысын көңілді өткізгендер  облыс халқы­ның өміріне қауіп төндірді. Жан-жа­ғындағы туыстары көз жұмған соң ғана көздері жеткендер енді шыбын жандары  үшін шарқ  ұрып, дәрігердің көмегіне жүгінуде. Қы­дырған жақсы, бірақ жанның одан да тәтті екенін жұртшылық енді ұққандай. Осы аптадан бастап коро­навирус инфекциясының тара­луын болдырмау үшін қосымша шектеу шараларын енгізу туралы жаңа қаулы шықты. Әзірге 27-28 маусымда демалыс күндеріне ғана күшейту енгізілуде.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы