Әскері мықты мемлекеттің сұсы басқа елдің мысын басып тұрады. Өз қорғанысыңа жете мән бергендер, бірінші кезекте шекарасын белгілеп алғанда, ел мен жердің тыныштығы, бейбіт өмірді қорғауды ойлайды. Қазақстанда да осындай миссия өз жемісін беруде. Бүгінгі таңда әртүрлі оқу-жаттығулардың әскери орталықтарда үздіксіз өтіп жатуы – осының айғағы.
Жер, су, әуеде қорғану үшін әртүрлі оқу-жаттығу Қазақстанның әр аймағында өтіп жатыр. Сондай жаттығудың бірі әуе қорғанысына жауап беретін Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының 4 курс курсанттары арасында «Хлебо-дар» әуеайлағының базасында өтуде. Нұсқау берушімен ұшу, жаттығуларды орындау, айнала, аумақта және бағыт бойынша ұшуларды орындау арқылы курсанттар өз даярлығын көрсетеді. Ми-8 тікұшағынан осы шыңдалу нәтижесінде мемлекеттік емтихандар тапсырады. Сын сағатында сүрінбей өткен курсанттар сардар атанады. Бұл уақыт жастардың өз ісіне адал-дығына деген сындарлы сағат болмақ. «Тікұшақты басқару маңызды машықтардың бірі – көзқарас бағытын дұрыс таңдау. Басқару тұтқасын ұстап отырған ұшқыштың басында көптеген өлшемдер болуы тиіс. Курсанттарды ұшуға және өзінен 5-15 метр қашықтықтағы қашықтыққа қарап отыруға үйретеді. Бұл – геометрия. Егер одан алысқа қараса онда айтарлықтай биіктіктің тербелісін байқамаған болар еді», – дейді Әуе қорғанысы күштері әскери институтының авиациялық оқу-жаттығу орталығының бастығы подполковник Н. Сәлімбаев.
Ал жерде қорғаушылар жақында Қарағанды облысы «Спасск» оқу-жаттығу орталығының полигонында жиналды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен 600-ден аса жас патриот басын біріктірген бесінші «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиыны өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери-патриоттық жиынға қатысушыларды құттықтап, өткізіліп отырған іс-шараның ерекше маңызын атап өтті. Сондай-ақ бұл жиынның еліміздің ең сенімді, жауапты, отаншыл әрі батыл жастарының басын қосып отырғанын айтты.
– Біз Тәуелсіз еліміздің лайықты жастарына зор үміт артамыз. Дәстүрге айналған «Айбын» әскери-патриоттық жиыны Отанымыздың қорғаушысы болуға шақырылған жастар үшін бірегей алаң болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.
Оқу-жаттығуда жас ұрпақтың шеберлігі, Отан қорғауға дайындығы ортаға салынды. Жиын қорытындысы бойынша «Жас ұлан» республикалық мектептері мен мамандандырылған лицейлер арасында бірінші орынды «Жас ұлан» мектеп интернаты (Семей қ.), екінші орынды – армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі (Нұр-Сұлтан қ.) және үшінші орынды Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Сабыр Рақымов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі (Шымкент қ.) иеленді. Қарулы Күштерінің және басқа да әскери құрамаларының әскери-патриоттық клубтары арасында бірінші орын «Шығыс» әскери-патриоттық клубына («Шығыс»), екінші орын – «Сағадат» әскери-патриоттық командасына (Тыл бастығы және қару-жарақ басқармасы), үшінші орын «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубына (Әскери полиция бас басқармасы) бұйырды. Өңірлердің әскери-патриоттық клубтары арасында Батыс Қазақстан облысынан «Жігер» командасы бірінші орынды жеңіп алса, ал екінші орын Шығыс Қазақстандық «Жас Қыранға» бұйырды, үшінші орынды Ақмола облысының «Айбын» командасы иеленді. Сайыстың гран-при жүлдесін Семей қаласындағы «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубы алды.
Сонымен бірге, теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Әскери теңіз күштерінің Гидрографикалық қамтамасыз ету қызметінің мамандары Каспий теңізінің қазақстандық айлағындағы кеме қатынайтын солтүстік айдынының 5000-нан астам теңіз милін тексерген. Тексеруге «Суе» мүйісінен «Гурьев» бөлігіне дейінгі аумақ кіреді. Аталған іс-шара теңіз түбінің бедерін анықтау үшін, сондай-ақ кемелердің жүзу қауіпсіздігі мен теңіздің бетіндегі қалқымаларды шығарып тастау үшін, ұсынылған зерттеу курсының бойында кезең-кезеңмен жүргізіледі. «Біздің теңіз тереңдігін өлшейтін негізгі қаруымыз – эхолот. Ол теңіз түбінің кез келген кедергісін 3D суретімен компьютерде ұлғайтып көрсетіп береді және Каспий су айдынында шұғыл және тиімді өлшем жүргізуге мүмкіндік береді. Егер біз кедергіні анықтай алмасақ, онда су астына сүңгуірлер түседі де, фото-бейне құрылғылардағы күмәнді объектіні қарап, белгілейді, кейін ол қазіргі сандық және классикалық қағазға, яғни айдынның картасына енгізіледі», – деді гидрографикалық партия командирі, аға лейтенант
Р.Жанұзақов.
Өз қабілетін яғни әлеуетін көрсету үшін әлемдік жарыстарға қатысу да үрдіске айналған. Әскери-теңіз күштерінің «Маңғыстау» кемесінің экипажы тамыз айында Әзірбайжан елінің Каспий теңізі акваториясында өтетін Халықаралық әскери ойындарына дайындықты бастап кетті. Олар сайыстың үш түрінен сынға түседі. Атап айтқанда, кеменің мақсаты бойынша қолданылуы (артиллериялық оқпен атыс), кеменің сақталуы үшін күрес және теңіз машықтылығы мен құтқару жұмыстары сайысы. Осы күндері «Маңғыстау» кемесінің экипажы әуедегі, теңіздегі нысаналар бойынша атыс жаттығуларын жасап, жүзіп жүрген миналарға қарсы тұру бойынша дайындық жүргізуде. Әрбір жаттығу сайын жеке құрам өз біліктілігі мен үйлесімділігін арттырып, тәжірибелерін жетілдіруде. Аталмыш сайысқа қатысуға Каспий маңы елдерінің су сыйымдылығы 1000 тоннадан аспайтын кіші кемелерінің қатысуына рұқсат етілген. Шарт бойынша олардың артиллериялық және атыс қаруларымен қоса, құтқару шараларын орындау үшін кіші көлемдегі жүзу құралдары (катер, шлюпка) болуы тиіс. Бұл Ресей Федерациясы, Иран Ислам Республикасы, Әзірбайжан Республикасы мен Қазақстан Қарулы Күштерінің кемелеріне қатысуына мүмкіндік береді.
28 маусымда Алматы гарнизонындағы «Іле» оқу-жаттығу орталығының базасында «Дала қыраны – 2019» тактикалық арнайы оқу-жаттығуы да өз мәресіне жеткен болатын. Аталған оқу-жаттығуға Ұлыбритания, Үндістан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркияның әскерилері блок-постар, гуманитарлық жүктерді алып жүру, елдімекендерде патрульмен жүру қызметтерін атқару тәжірибесімен алмасты.
Айта кету керек, ел қорғаны болып отырған әскерилерге әлеуметтік тұрғыда да жағдай жасалуда. 2018 жылдан бері бөліп төлеу немесе ипотекалық несиені (қарызды) төлеу арқылы 20 миллиард сомаға 1500-ден астам қарыз берілген. Ипотекалық несиелендіру жолымен 2019 жылдың бірінші жарты-жылдығында 30 миллиард теңгеге 2000-нан астам әскери қызметші үй сатып алды. Аталған санат «Әскери баспана», «Баспана хит», «7–20–25», «Қазақстандық ипотекалық несиелендіру», «Нұрлы жер» және басқа да тұрғын үйді несиелендіру бағдарламаларын жүзеге асыруға байланысты ай сайын ұлғайып келеді. Жалпы 2019 жылы 3500-ден астам әскери қызметші тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.