– Шет елдерде жүрген бауырларымыз – баға жетпес бай қазынамыз. «Ұлы дала ұрпағы» жазғы мектебін ұйымдастыруымыздағы негізгі мақсатымыз да жастардың түп қазығын танып, тамырын ата-жұртында жаюына үлес қосу. Әлемнің 7 елінен келген қандастарымыз үшін ашылған жазғы мектеп жоба қатысушыларының көңілдерінен шығады деген үміттеміз, – деді ол.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Дүниежүзінің қазақтары қауымдастығы және «Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен бірлесе ұйымдастырған жазғы мектеп 10-24 шілде аралығында жұмыс істейді. Бүгінгі таңда Қазақстанның Білім және ғылым министрлігімен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Қазақ елі» шетелде тұратын этникалық қазақ жастары клубы және Generation Next ақпараттық порталы жазғы мектепті өткізуге қолдау танытып отыр. Жазғы мектепке Иран Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстанда тұратын қазақ диаспорасынан 12-17 жас аралығындағы 500 оқушы жиналды. Жазғы мектеп бағдарламасы шеңберінде Қазақстан тарихы және қазақ тілі пәндері оқытылып, ұлттық құндылығымызды дәріптейтін музыка, домбыра, қолөнер үйірмелері арқылы ұлттық жәдігерлеріміз зерделенеді.