Шошқалар
Шошқалар
523
оқылды
 Арасында ұр­ғашы, көп торайлы, құрметті шош­қа айқай салды: – Шошқа бауырларым! Біздің мәселемізді май шаммен қарап жатыр! Неге үндемей қалуымыз керек? – Дұрыс айтасың! Бізге жы­лы­на әрқайсымызға бөлінетін қай­­тарымсыз 180 мың теңгені көре алмайды адамдар! – Шеруге шығайық! – Біз де адмбыз, ой, шошқамыз! – Шошқалар жасасын! Шошқалар қорсылдап, тіпті біразы шалшыққа аунап, торай­лары тырқылдап күліп, айнала азан-қазан болды. Бір фермадағы мыңдаған шошқалар «Бізді құр­меттеңдер!», «Шошқалар да шош­қа!» деген ұрандар жазылған плакаттарды көтеріп, астанаға қарай ағылды. Жолай мыңдаған қойлар қарсы алды. – Қайда барасыңдар? – деп сұрады бір қошқар. – Нұр-Сұлтанға! – Е? – Біздің субцидиямызды алып қоймақ екен. – Өләәә, – деді Шымкенттен келген қошқар маңырап, – бізге, қой­ларға төрт-ақ мың субцидия бөлінсе де, құйрығымызды көте­ріп, шыдап жүрміз ғой. – Біздер, қойлар момындармыз ғой, – деп қалды маринос қой басын сілке бырық-бырық етіп. Шош­қалар қойлардың сөздерін құ­лақтарына қыстырмады. Қор­сылдап алып, жөңкіле жөнелді. Бір жерлерге келгенде, бір топ жыл­қылар жылап тұр еді... – Неге жылап тұрсыңдар? – деп сұрады шошқалар шеруін басқарып келе жатқан белсенді шошқа. Жылқылардың көздерінен жастары парлап тұр еді. – Айтсаңдаршы? Сендерді сояйын деп жатыр ма, не? – Жоға, – деді бір байтал қа­сын керіп, кірпіктерін қағып-қа­ғып қойып, – біздерге, қазақтың құрметті жылқыларына соқыр тиын да субцидия бөлінбейді... – Қазақты асырап келе жат­қан біздерміз! – деді бір айғыр тістерін ақсита кісінеп. – Қыста соғымға сойылатын, құрметті қонақтарына жал-жая­мыз, қазымыз қойылатын, қы­мызымызды ішетін, күбісінде пісетін, көкпарларында шабатын, базарда сатып, пайданы да та­батын адамдар біздерге көк тиын субциядия бермейді! – деп көкке шапшыды тағы бір айғыр. Шош­қалар аң-таң. – Шынымен сендерге ақша бөлінбейді ме, не? – Өтірік айтсақ, соғымға со­йылып кетейік! – Жағдайларың жыртық, пе­шенелерің тыртық екен, – деді бел­сенді шошқа. – Біздің жағдайымызды депу­таттарға жеткізесіздер ме? – деп сұрады қызыл-күрең айғыр. – Өздерің айтыңдар! Қарашы бұларды? Сосын біз көк тиынсыз қалып отырайық сол! – деді бел­сенді шошқа қорсылдап. – Аш отырған біраз адамдар ұстап алып, сойып ала ма деп қорқамыз... – Жем-шөбі жоқ камераға қамап қойса ше?... – деп жыл­қылар кісінесіп кетті. Шошқа­ларда ой жоқ қой, одан әрі жөң­кіді. Еліміздің астанасына жет­кен соң. Есілді жағалап, парла­мент депутаттарына ойларын жеткізу үшін жөңкіле жөнелген. Алдарынан адамдар, полиция біткен шығып, шеттерінен ұс­тап, «Камазға» артып жатты. Беу, шошқалар-ай, «артық қыла­мын деп, тыртық қылыпты» де­геннің кері ғой бұл, нелерің бар, астана жағалап? Парламентте жылқы жайлы да мәселе қозғалар, енді жылқылар да «жыламайтын» шығар?  

Мұхтар ШЕРІМ