Doing Business дүниежүзілік рейтингінде сот процесіне қатысушыларға жағдай жасау бойынша әлемде төртінші орында екенбіз. Біздің алдымызда Оңтүстік Корея, Норвегия және Сингапур тұр. Соған қарамастан, жұрт тарапынан сот жүйесіне сын айту тоқтаған емес. Ел судьяларға сенуден қалды. Әр тараптың өз шындығы бар десек те, төрелігін айтар соттың шешімі айыптаушы мен айыпталушының көңілінен шықпайды. Судьялар заң тіліндегі шешімді оқиды да, күйіп тұрған жұмысы бардай сот залынан шыға жөнеледі. Ал тараптар судьяның өзі жариялаған шешімін қарапайым тілмен түсіндіріп бергенін қалайды. Мұның өзі сот жүйесін реформалаудың қажет екенін көрсетеді.
Бұл жөнінде Мемлекет басшысы өзінің ұлықтау рәсімінде де айтқан болатын.
«Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялар жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – бұл үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу», – деген еді Президент.
Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов та бұл мәселені жиі көтеріп жүр. Оның дерегінше, 2017 жылы Қазақстан көлемінде судьялардың өз еркімен қызметтен кету көрсеткіші көбейген. Қазақстан сот жүйесі тарихында бұрын-соңды ондай статистика тіркелмеген екен. Себебі, бір судья күніне 10 шешім қабылдайды. Мұндай жүктеменің көптігін білетін білікті заңгерлердің судья болуға зауқы соқпайды. Ж.Асановтың пікірінше, судьялар әлеуметтік тұрғыда да дұрыс қорғалмаған. Сондықтан олардың жұмыс жүктемесін азайту шаралары қабылданған. Нәтижесінде, биыл судья болуға ниеттілер саны 2 есеге өсіп, ең бастысы, білікті судьялардың өз еркімен қызметтен кетуі тоқтапты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 32-ші жалпы отырысында Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов 2020 жылдан бастап бізде сот әділдігі орнайтынын айтады.
«Соңғы 1,5 жылда барлық күш-жігер мен ресурстарды ондаған қанатқақты жоба мен 17 заңдағы түзетулерге бағыттадық. Қазіргі кезде бұл жұмыс жоғары қарқын алып отыр. Алайда түбегейлі өзгерістер уақытты талап етеді. Объективті шектеулер мен судьялардың тәуелсіздігі, сот төрағаларының тәуелсіздігі бар. Соттарда басқару мен шешімдерді қабылдау жүйесі басқа құрылымдардан түбегейлі өзгеше. Кез келген меморганда өзгерістер бірінші басшының бұйрығымен жасалады. Судьяларда басшы болмайды, әрқайсысы шешімді өзі шығарады. Сондықтан соттардың адами капиталын дамыту – сот реформасының негізі. Егер де судьялық кадр әлсіз болса, онда ешқандай супер заң бізге көмектеспейді. Бұл проблеманы шешудің жолы – судья мамандығын тартымды ету», – дейді ол.
Бұл орайда, осы жылдың қаңтар айынан бастап судьялардың еңбекақысы елеулі түрде өскен. Қарап жатқан істері қиын әрі жұмыс көлемі ауқымды адамдардың еңбекақысы көбейген. Екіншіден, судьялар дау-дамайы жоқ істерден босатылып жатыр. Нәтижесі сол, биылғы мамырдан бастап 10 жылда алғаш рет сот жүктемесі қысқарды.
Жақып Асанов Президент тапсырмасы бойынша судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату іс-шаралары қолға алынғанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, бұл ретте атқарылып жатқан тың қадамның бірі – HR менеджмент тетіктерімен судьяларды іріктеудің жаңа жүйесін жүзеге асыру.
«Бұл өз кезегінде бастапқыдан қатаң тосқауылды қояды, яғни биылдан әлсіз судьялар үшін сотқа жол жабылады. Сонымен қатар Жоғарғы сот кеңесі үлкен рөл атқарады», – деді ол.
Ж.Асанов зияткерлік және монополиялық құқық, салық, жер қойнауын пайдалану, экология саласындағы білікті заңгерлерді судьялық қызметке шақырып отыр. Оның айтуынша, егер қызметтегі судьяның біліктілігі төмен болса, этика проблемасы байқалса немесе сыбайлас жемқорлыққа жақын болса, онда жаңа жүйе бойынша ол адам бұл қызметте отырмайды.
«Бізге ұқсас істер бойынша әртүрлі шешім шығарылатынына қатысты сын айтылады. Мұның себебі, анық емес заң нормалары салдарынан судьяладың әрқайсысы оны өзінше түсінеді. Ал көп жағдай бойынша заңнамада тиісті жауапты табу қиын. Сондықтан Жоғарғы сот «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп ведомствоаралық 5 топты құрды. Ондағы мақсат – салық, жер, жер қойнауын пайдалану және басқа да мәселелер бойынша бірыңғай тәжірибені қалыптастыру», – дейді Ж.Асанов.
Біздің соттарда қаралатын істердің 85 пайызы азаматтық дауларға қатысты екен. Оның ішінде мемлекеттік органдардың шешіміне арналған шағымның үлесі басым. Бұл проблеманы шешу үшін ол саланы жақсы білетін мамандар керек. Сот жүйесі мамандарға мұқтаж деуіміз де содан.
«Бізге қажет бұл адамдардың мансабы қалыптасқан және олар негізінен 40 жастағы азаматтар. Бұл азаматтарды облыстық соттар қызықтыруы мүмкін, алайда олар облыстық соттың алдында аудандық деңгейден өтуі тиіс. Аудандық сотқа 40-тан асқан азамат бармайды. Сондықтан осы талапты заң нормасынан алып тастап, жалпы аппеляция сатысына, облыстық соттарға 15 жылдық заңгерлік еңбек өтілі бар мамандарға жол ашып, конкурсқа қатысуға жағдай жасалды. Бұрындары жыл сайын орта есеппен судьялыққа 150 адам қабылданатын. Былтыр 29 адам қабылданған, яғни 5 есе аз болды. Себебі, талап күшейтілді» – дейді Жоғарғы сот төрағасы.
Демек, іріктеудің жаңа тәртібі арқылы судьялыққа тек білімділер мен біліктілер өтеді, кездейсоқ адамдарға тосқауыл қойылады.
Еліміздегі сот жүйесіндегі және бір жаңалық – отбасылық сот құрылуы мүмкін. Бүгіндері еліміздің 51 сотындағы «Отбасылық сот» жобасына 107 судья жұмылдырылған. Олар отбасын сақтап қалуға және олардың құқықтық проблемаларын шешуге барлық жағдайды жасап отыр. Бұл мәселе таяуда Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияда қаралмақ. Ол жерде кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі соттар базасын отбасылық сотқа трансформациялау нұсқасы қарастырылады.
Бұл саладағы тағы бір жаңалықты айтсақ, аса ауыр қылмыстар алқабилер сотының қарауына берілуі мүмкін.
«Алқабилер сотын дамыту жылдан-жылға нашарлап барады. Мәселен, өткен жылы олардың қатысумен 44 қылмыстық іс қаралған. 2017 жылы алқабилер қараған істер саны 72 болған. Мұндай жайт, ең алдымен, заңнамалық сипаттағы себептерге байланысты. «Ұлт жоспарының 21-қадамында алқабилер сотын қолдану аясын кеңейту міндеті тұр. Біз өз тарапымыздан алқабилер сотына кезең-кезеңімен аса ауыр қылмыстарды беруді ұсынамыз", - дейді Жақып Асанов.