Жаздың аптап ыстығы қаһарына мінер уақыт – шілде. Осы күндері ұялы телефонға 112-ден күннің ысуы туралы ескерту хабарламалар түсіп жатады. Үйде отырған дұрыс-ау! Бірақ дала баласы бұған қарамай өзенге қарай жүгіреді. Арты қайғылы жағдай...
10 шілде күні Қазталов ауданы Жалпақтал ауылы тұсында Қараөзенге 2013 жылғы ер бала батып кеткен. Ол шомылуға жабдықталмаған жерде түскен. Жергілікті тұрғындар марқұмның денесін судан шығарып алды. 2006 жылғы ұл және 2008 жылғы қыз бала Жайық өзенінен шықпай қалды. Олар да шомылуға тыйым салынған белгіге қарамастан, суға түскен. Кейін екеуінің денесін құтқарушылар алып шықты. Осымен биыл Батыс Қазақстан облысында 24 адам суға кетсе, соның жетеуі балалар болып отыр.
Сонымен бірге, ішімдік ішіп алып суға түсушілер де төтенше жағдайдың мазасын алуда. Көл жағасында арақ ішкен 1963 жылғы ер адам «Жайықты жүзіп өтемін» деп достарымен серттескен. Алайда өзеннің ортасына келгенде, әлі құрып, бата бастайды. Бақытына қарай, оны сол маңда кезекшілікте жүрген құтқарушылар Алдан Жорасов пен Досжан Ізден дер кезінде байқайды. Құтқарушылардың көмегімен ер адам аман-есен жағаға шықты. Осындай жағдайға алаңдаған Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер: «Елімізде халықтың шомылуы, демалуы және балық аулауы үшін пайдаланатын 50 мыңнан астам су қоймасы бар, оларда ағымдағы жылы 607 ресми жағажай (107 коммуналдық және 500 жеке жағажай) құрылып, жұмыс істейді. Құтқару бөлімшелері 607 жағажайдың тек 27-і (коммуналдық жағажайлар) суда құтқару стансасының есебінен, сондай-ақ 113 қауіпті су айдындарының учаскесі (табиғи жағажайлар) қосымша мобильді құтқару бекеттерін (2-3 құтқарушы және 1 жүзу құралымен 53 бекеті) қою арқылы бақыланады», – дейді.
Су айдындарын және судағы демалыс орындарын қамтуды арттыру үшін аумақтық бөлімшелері жыл сайын құтқарушы-жасақшыларды ақысыз негізде оқытуды жүзеге асырады. Ағымдағы жылы 880 құтқарушы-жасақшы дайындықтан өтіп, олардың есебінен жеке демалыс аймақтарында 335 объектілік құтқару бекеті құрылған.
Қоғамдық орындарда болу және ортақ су пайдалану ережелерінің талаптарын сақтау бойынша бірлескен рейдтік іс-шаралар белсенді жүргізілуде. «2019 жылғы 1 мамыр мен 10 шілде аралығында 7 мыңнан астам рейд жүргізілді, 753 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 442 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, ӘҚБтК 440-бабы «Қоғамдық орындарда болу ережелерін бұзу» бойынша және 311 ескерту жасалды (364-бабы бойынша ортақ су пайдалану ережелерін бұзу)», – дейді төтеншеліктер.
Әділ БЕК