Әдетте, мектеп бітірген түлектер «қай оқу орнына грант бұйырар екен, мені таңдаса етті» деп тілейді. Дегенмен оқу ордаларын таластырып қоятын дарынды жастар да болады. Білдей шетелдік оқу орындарының талаптыларды сонау жерден танып қоятын қасиеті бар. Елімізде шет мемлекеттердің алдыңғы қатарлы университеттеріне шақырту алған талапкерлер аз емес. Биыл ондай білімді жастың қатары тағы бірге көбейді. Әңгіме 19 жасында 12 жоғары оқу орнына шақырылған Әсел Рабатова жайында.
Әсел Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін тамамдады. Бастауышта оқып жүрген кезінен болашақтағы мамандығын бизнес және экономикамен байланыстыруға шешкен. Содан бері мақсатына нық қадам басып келді. Әрмен қарай да жетістіктерін жалғай бермекші. Бала арманы енді тіпті жақындай түсті. Себебі, әлемнің ең жетекші 12 университетінің қалағанына грантқа түсуге мүмкіндігі бар.
Дарынды қыздың сөзіне сүйенсек, кәсіпкерлік қабілетін ертеден байқаған. Енді соны шыңдау керек деген ұстанымы бар-тын. Тіпті кәсіпкерлік мектебінің іріктеуінен де өткен екен. Назарбаев зияткерлік мектебі темірдей тәртібімен танымал. Өйткені таңертең сағат сегізден бастап, кешкі беске дейін сабақтан бас алмайды. Соның нәтижесі де, жемісі де – жоғары оқу орындарына шақырту алуы. Әселдің ата-анасы да кәсіпкер. Бәлкім, осы жолды таңдауына осы да әсер еткен болса керек. Кішкентайынан бизнестің қыр-сырын бір адамдай біліп шығуына әке-шешесі көмектескен сыңайлы.
Алғашқы кәсібі – фотосуреттерді басып шығару. Сыныптастарының ішінде Әселде ғана түрлі-түсті принтер болған екен. Содан ол фотосуреттер шығаруға тапсырыс алып, тиыннан теңге құрап үйреніпті. Ата-анасы да шектеу қоймай, баланың бастамасына батасын беріп отырған. Қанатын қатайтып, қолдап отырғанның нәтижесі де көңіл қуантады. «Табыс табуға ұмтылғанымда ата-анам қарсы шыққан екен. Өзімнің ақша тауып жатқанымды ойласам, марқайып қалатынмын. Құдды өзімді еркін, тәуелсіз адам секілді сезінетінмін» деп еске алады Әсел мектеп кезіндегі қызықтарын.
«Бізге оқуға түс» деп шақырған оқу орындарына келсек, University of Amsterdam, Erasmus University, Minerva Schools at KGI, Simon Fraser University, The Hong Kong University of Science and Technology, McMaster, Queens, Waterloo, Hult Business School, SP Jain Global School of Management, University of Toronto сынды мүйізі қарағайдай мекемелер бар. Мұндайда таңдау жасау да оңай емес. Дегенмен Әсел бір байламға келіпті. «Қай оқу ордасына түсетінімді шештім. Ойлана келе, Minerva Schools at KGI-ге тоқтадым. Әлбетте, таңдау жасарда көп ойландық, барлық оқу орындарының қызметімен таныстық. Маған осы университет ұнады. Білім алатын 4 жыл ішінде студенттер әлемнің 7 елінде болады екен. Яғни, бірінші курсты Сан-Францискода оқимыз. Одан кейін келесі курстың әр семестрінде жаһанның түрлі ірі қалаларында оқып шығамыз. Мысалы, Сеул, Буэнос-Айрес, Лондон, Берлин, Тайпей және т.б.» дейді Әсел.
Талапкер бизнес және экономикаға түсіп, толық грант иегері атанды. Оның ішіне сол жақта тұруы, оқуы және қосымша шығындары кіреді. Шақырту алу үшін Әсел халықаралық SAT және IELTS емтихандарын тапсырды. Нәтижесінде, жоғары ұпай иеленді. «Волонтерлік қызметпен айналысамын. Мектепте клубымды құрдым. Университеттерге кәсіпті дөңгелете алатынымды дәлелдеуім керек болды. Сол үшін директордан рұқсат алып, мектептің логотипі бар немесе дәйексөздер жазылған свитшот, күртеше, күнделіктер саттым. Дизайнын да өзім жасайтынмын. Оқу орындарына уәждеме жолдағанда осы тәжірибелерімді тілге тиек етіп, мақсатымның нық екенін дәлелдеуге тырыстым» дейді ол.
Әсел оқу бітірген соң елге оралып, ата-анасының жанында болатынын жеткізді. Алған білімін пайдаланып, ел дамуына үлес қосуды мақсат етеді. Бакалавриаттан соң магистратурада оқимын дейді. Қазақстанға келген соң әлеуметтік бизнеспен айналысып, отандастарына шетелдік университеттерде оқуға көмектескісі келеді екен. Сол үшін әлеуметтік қор ашу да жоспарында бар. Талантты жастың талабы таудай.