Қазақтың санын көбейтпей, ел тәуелсіздігін баянды ету мүмкін емес. Ұлт келешегіне қатысты мәселенің ең маңыздысы – халқымыздың демографиялық өсімі. Дәл қазір бұл мәселені шешу үшін бізге көп мәселеге сын көзбен қарау керек. Бүгінгі ұлт ретіндегі санымыз елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ете ала ма? Бұл жолда қандай шараларға баса көңіл бөлуіміз керек? Осы әңгіменің төркініне төсек салып көрген едік...
Жалпы адамзаттың саны туу қарқынымен өлшенеді. Өткенге көз жүгіртсек, халқымыздың саны 1997 жылғы дерек бойынша 15 млн 33,4 мың болды. Ал 1999 жылғы санақ қорытындысы бойынша 14 млн 953 мың 126 адам, оның ішінде қазақтардың саны – 7 млн 984 мың адам болды. Осы екі жылда табиғи өсім төмендеді. Табиғи өсім – 1 000 адамға шаққанда туғандар мен өлгендердің айырмасы. Елдегі орташа табиғи өсімнің көрсеткіші – 13 адамға тең болып отыр. Қазақстандағы ең жоғарғы табиғи өсімнің жоғары көрсеткіші 60-жылдардың ортасынан бастап 70-жылдардың басында болыпты. Ол кездегі табиғи өсімнің көрсеткіші 32 адамға тең болған.
Ал халық санының кемуі туылғандар санының кемуі мен мигранттардың санының артуына байланысты. 5 жылдағы жалпы туылу коэффициенті 1 000 адамға 19,1-ден 14,7-ге төмендеген. Осының нәтижесінде, табиғи өсім 2,1 есеге кеміп отыр.
Сондай-ақ халық санының өзгерісіне 1932-1937 жылдардағы ашаршылық та, Ұлы Отан соғысы да өз ықпалын тигізді. Мәселен, осы нәубет жылдарында қырғынға ұшыраған 2,5 миллион адамның 32 пайызы қазақтар болса, Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстан 375 мың адамынан айырылған. 1926-59 жылдардың арасындағы жүргізілген кәмпескілеу кезеңінде тың игерушілердің көптеп келуімен халық саны тағы өзгеріске ұшыраған. Бұл уақытта қазақтардың саны 60 пайыздан 30 пайызға азайды. Демографияның атасы атанған ғалым, марқұм Мақаш Тәтімовтің: «Егер аштық болмағанда біздің санымыз қазір 32-35 миллионнан асып, оның 28-30 миллионы Қазақстанда тұратын еді…» – дегені бар еді. Расында да, екінші дүниежүзілік соғыстың салдары мен тың игеру жылдарындағы қиындықтар қазаққа үлкен қасірет әкелді. Тәуелсіздік бізді осы бір ғасыр бойы бастан өткерген қиындықтардан құтқарды.
Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар өкілдері тұрады. Әрбір халықтың өмір салты әдет-ғұрпы мен дәстүрі, еңбек дағдылары жөнінен ерекшеліктері болады. Қазақтардың көпшілігі республиканың мал шаруашылығы дамыған оңтүстік пен батыс аудандарында қоныстанған. Әрбір ұлт өзінің ұлттық қасиеттерін сақтап қалу үшін өз жерінде үлесі 65 пайыздан жоғары болуы керек. 1897 жылы Қазақстандағы халықтың 80 пайыздан астамы қазақтар болса, ал 60-жылдары бұл көрсеткіш 32 пайызға кеміген. Мысалы, 1997 жылғы деректер бойынша Қазақстандағы қазақтардың үлесі 51 пайыз болып отыр. Қазақтардың ең көп қоныстанған жері Қызылорда облысы, онда облыстағы халықтың 93 пайызы – қазақтар. Атырау облысында – 84, Ақтөбе мен Оңтүстік Қазақстан облысында 60 пайыздан асады, ал қазақтардың ең аз қоныстанған жері Қостанай және Павлодар (38 пайыз). Орыстар – Қазақстанның барлық жерінде кездеседі, бірақ ең көп қоныстанған аймағы – республиканың солтүстік және шығыс бөліктері. Украиндар негізінен Қостанай, Ақтөбе облыстарында, беларустар Солтүстік Қазақстан облысында, өзбектер Түркістан облысында, ұйғырлар Алматы облысында көптеп қоныстанған.
Қазақ халқы жас ұлтқа жатады. Оның жас айырмашылығы құрылымында 9 жасқа дейiнгi балалар – 22,0 пайыз. Ал тұтастай алғанда, 19 жасқа дейiнгi жастар – 43,9 пайыз. 60 және одан жоғары жастағы тұрғындар үлесi – 6,1 пайыз. Яғни, қазақ халқының басым бөлiгi – жастар мен балалар. Қазақстан халқының бiлiмдiлiк индексi мен сауаттылық көрсеткiшi жоғары деңгейде. 1990-1991 оқу жылы Қазақстандағы 55 жоғары оқу орнында 287,4 мың студент оқыған болса, 1999-2000 оқу жылында жоғары оқу орындарының саны 163-ке, ал ондағы оқитындар саны 365,4 мыңға жеттi. Соңғы он жылдықта жергiлiктi тұрғындардың бiлiм алуында серпiлiс пайда болды. Әрбiр 1 000 адамның 126-сы жоғары бiлiмдi. Әсiресе, студенттер санының қазақ жастары есебiнен күрт өсуi 90-жылдардың басынан басталды.
Елбасы өз кезегінде осы мәселеге ерекше мән беріп, еліміздегі ана мен бала өлімін төмендету үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, әлеуметтік ахуалды түзеуге күш салған еді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек пен қолдаудың арқасында елімізде соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 25 пайызға артқан. Елімізде күн сайын 1 000-нан астам сәби өмірге келеді. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 400 мыңнан асады. Айта кетерлігі, демографиялық өсімді арттыру бойынша жұмыстар осылай жалғасын табатын болса, елімізде 2050 жылға қарай халық саны 24 миллионға жетеді. Ал оңтүстік аймақтардағы тұрғын саны 5,2 млн адамға көбейіп, орналасу тығыздығы солтүстік облыстарға қарағанда 4 есеге дейін асып кетуі де мүмкін. Сондықтан бізде оңтүстік халқын солтүстік аймақтарға көшіруді қолдайтын «Серпін» бағдарламасы жұмыс істейді. Демографиялық ахуалдың түзелуі – елдің экономикалық әлеуетіне де, медициналық қызмет сапасының артуына да тікелей қатысты. Соңғы 10 жылда ана өлімі 3,7 пайызға, бала өлімі 1,5 пайызға дейін төмендеген. Бүгінде жыл сайын елімізде 300-400 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Елбасы айтпақшы, Қазақстанның әрбір үшінші тұрғыны – бала.
Еліміздің 2030 жылға дейін даму стратегиясы бойынша, елімізде 25 миллионға жетерлік дені сау, тұрмысы ауқатты әрі саламатты өмір салтын ұстанған, білімі терең, мамандығы ұшталған азаматтары мен тұрғындары болуы керек. Бұл бағытта көптеген әлеуметтік-экономикалық шаралар қолға алынуда.
Ерлан ҚУАНТҚАНҰЛЫ,
әлеуметтанушы