Қарағанды қаласындағы Күнгей ықшамауданындағы су, жарық, жол мәселесімен 12 жылдан бері айналысып келемін. Бастамашыл тобымызда бұл мәселемен 14-15 жылдан бері араласқандар бар. Біздің ең өзекті мәселеміз – электр қуаты мен судың жоқтығы. Сосын жол мәселесі. Көктем мен күзде жаңбыр жауса, жолда жүру мүмкін емес. Қыста қар тазаланбайды. Боранды күндері үлкендер жұмыстан, балалар сабақтан қалады. Ықшамауданға автобус мүлдем кірмейді.
Бастамашыл топтың есебі бойынша, Күнгейде жарық қосылмаған, су тартылмаған 250 учаске бар. Күнгейде мыңға жуық адам тұрады. Соның 600-і – балалар, көбі балабақша мен мектеп жасындағы балалар. Күнгейдің өзінде мектеп жоқ, ал маңындағы үш мектепте орын жетіспейді. Ең жақын деген №86 мен «Дарын» мектептеріне күз бен көктемде жаяу барса, кемінде, жарты сағат жоғалтады. Қыста қалың қарды кешіп жету үшін бір сағат жүруге тура келеді.
Күнгейдің мәселесімен айналысқан 12 жылда облысымызда 4 әкім ауысыпты. Бұл мәселені Қарағанды қаласының әкімі де, Қарағанды облысының әкімі де жақсы біледі. Қалалық құрылыс басқармасының бұрынғы бастығы Жақсылық Шалабеков бастамашыл топты танып алды десе болады. Бүгінгі таңда ол кісі қала әкімінің орынбасары лауазымында. Құрылыс басқармасын басқарып тұрғанында, ол кісіге бірнеше рет бардық. Қала әкімі Нұрлан Әубәкіровке қанша рет барғанымызды айтайын десем, саннан жаңылармын. Бастамашыл топтағы 20 шақты адам ұжым болып та, жеке өз атымыздан да хат жолдадық. Өңір басшылары хатымызға құлақ түрмеген соң, былтыр Президентке хат жаздық. Президент әкімшілігі облыс пен қалаға қатынас хат жолдаса керек, бізге мәселе шешіледі, ақша бөлініп жатыр, 2018 жылдың аяғында бәрі ретке келеді деген мазмұнда жауап келді. Көп ұзамай, яғни, маусым айында облыс әкімі Ерлан Қошанов мені қабылдады. Оның алдында ғана Күнгейдің мәселесін бірқатар телеарналарды шақырып айтқан болатынбыз. Сол сюжеттерді флэшкаға салып, әкімге ала бардым. Кездесуде сюжеттің бірін көрсетіп ем, әкім таңғалды. Әкімнің таңғалғанына мен таңғалдым. Сонда облыс әкімі Күнгей туралы білмейтін болып тұр ғой. «Келесі апта Күнгейге барайын. Мен ол жерде кілең байлар тұрады деп ойлап едім», – деді. Күнгейде ауылдан көшіп келгендер тұратынын, тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар көп екенін айттым. Әкім уәдесінде тұрып, шілде айында өзінің орынбасарлары бар, қала әкімі мен оның орынбасарлары бар, келді. Жағдайды көзбен көрген соң, «2018 жылдың аяғында құрылыс басталып, 2019 жылдың соңында аяқталады. Су да, жол да болады» деді. Біз, әрине, қуанып қалдық. Сонымен, 2018 жылдың аяғы болды, еш өзгеріс жоқ. Қала әкімдігіне хабарлассақ, жобалық-сметалық құжат дайындап жатырмыз, қанша ақша керек екенін анықтап жатырмыз дейді. Жарайды дедік, 2019 жылдың басы болды, тағы өзгеріс жоқ. 2019 жылдың ақпанында облыс әкімінің есеп беру жиналысы өтетін болды. Біз сол жиынға бара жатқанымызда, алдымыздан қала әкімі мен орынбасары шығып, «кірмей-ақ қойыңдар, шулатудың не керегі бар, біз уәде бердік, уәдемізді орындаймыз» деп, кіргізбей қойды. Бірақ бізден бұрын барып, ішке кіріп үлгерген күнгейліктердің бірі бұл мәселені сол жерде айтқан екен, Ерлан Жаханұлы «көктемде жұмыстың қалай жүріп жатқанын өзім барып тексеремін» депті. Көктем туды, әкім жоқ, мамыр келді, әкім жоқ. «Әкім қайда?» дейді ел...
Жуықта қала әкімінен хат келді. Бюджеттен қаржы бөлінді, жыл аяғына дейін канализация тартып береміз деген мазмұнда. Бізге дәл қазіргі уақытта канализациядан бұрын, су мен жарық керек. Мұны біз шегелеп тұрып айтып едік, өтінішімізді жүре тыңдаған ба, түсінбедім. Хат жазудан, өтініш айтудан кенде емеспіз. Бірақ үмітіміз үзіліп барады...
Дарын МАҚАШ,
Күнгей тұрғыны