Әркімге – әрқалай, бұл қалай?
Әркімге – әрқалай,  бұл қалай?
662
оқылды

Заң үстемдігі деген ұғым бар. Кез келген азамат заң алдында бірдей деген тағы бар. Өкінішке қарай, осы мәселеге келгенде жаңағы заңымыз әркімге әрқалай: біреу түйені түгімен жұтып жатса да құтылып кетеді; енді біреу болмайтын нәрсеге басы шатылып, жұтылып кетеді... Бұл қалай?

Әлеуметтік желі – қоғамның ай­насы. Күн сайын осы алаңда қанша мәселе көтеріледі, қанша пікір айты­лады, қанша жағдай жария болып жатады. Бәрін бірдей оқып, қада­ғалай алмайсыз. Ұлы мәртебелі уақыт өз дегенін жасайды.

Бірақ кейде өзекті ойға құрылған дүниелерге жанарыңыз еріксіз кідіреді. Мәселен, әріптесіміз Айнұр Сембаева көптің көкейіне ілікпеген бір жайтты жақсы көтеріпті. «Вице-министрдің қайқайған кірпігінде де, қатқан макияжында да жұмысым жоқ. Қызметтегі әйелдің тоқшылық­тың ғана емес, әдеміліктің де белгісі боп жүр­гені жөн ғой. Бірақ заң ман­сапқа да, түр-келбет пен бес батпан бояуға да қарамауы керек. Мынаны қара­ңыз­шы... Қызылорда қаласында пробация бақылауында жүрген әйел өзін қада­ғалайтын қызметкерге 5 000 бірлік салған. Алғыс, ризашы­лық ретінде ғой баяғы. Бұл «қыл­мысы» үшін келіншек енді 353 500 тең­ге айыппұл төлеуі тиіс. Білмей­тіндер үшін айтайын, жетіскен адам проба­циялық бақылауға алын­байды. Алғаш рет заң бұзып, жеңіл қыл­мыс жасағандар түрмеге қамал­май, бостандығы шектеледі. Олардың жұмысқа орналасуы да оңай емес. Соны біле тұрып құзырлы орындар «парақор» әйелге қатаңдық танытып отыр. Ал миллиондармен сөйлесетін лауазымды келіншекке неге сонша жеңілдік жасалған? Және прокурор­лардың ұлттық бюродағылар бәлен­бай уақыт аңдып, заңсыздығы әшке­реленген адаммен процестік келісім жасағаны да түсініксіз. Процестік келісімнің тәртібіне сай айыпты кі­нәсін толық мойындауы тиіс. Ен­деше, жеңілдік алған Суханбер­дие­ва­ның «Жоғарғы сотқа арыздана­мын» деп көкігені несі?».

Пробация бақылауында жүрген бір кісі қалалық пробация қызмет­керінің ұялы телефон нөміріне 4 700 теңге бірлік салған. Онда тұрған не бар дерсіз? Қазақша мұны, «рақ­мет айту» немесе «алғыс білдіру» деп те қабылдауға болар еді. Заң бойынша мұндай әрекет заңсыз сыйақы болып есептеледі екен.

Сонда не болды?

Пробация қызметкері азаматтың іс-әрекеті туралы өзіндік қауіпсіздік қызметіне баяндаған көрінеді. Өз кезегінде, заңсыз сыйақы бойын­ша тиісті акті толтырылып, акт Қызыл­ор­да облысының мем­лекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы департаментіне жолда­нады. «Лауазымды тұлғаға заңсыз сыйақы бергені үшін аталған аза­матқа Әкім­шілік құқық бұзу­шылық кодексінің 676-бабына сәйкес хат­тама толтыры­лып, сот қаулысымен 353 500 теңге көлемінде айыппұл салыныпты.

Көбіміз заңды жете білмейміз. Аз­даған ақша салған адам мұның бә­рі­нен хабарсыз болса керек. Басы бә­леге ілінетінін білсе, «аш бәле-
ден қаш бәле» деп маңайына жуы­мас еді ғой.

Мемлекеттiк функцияларды орын­дауға уәкiлеттiк берілген қыз­меткерге немесе оған теңестiрiлген адамға көлемі 2 АЕК (5 050 теңге) көрсеткішке дейінгі ақша, бағалы қағаздар, мүлiк немесе қызмет көр­сету заңсыз сыйақы болатынын на­зарда ұстаған жөн. Ал ақша, бағалы қағаздар, мүлiк немесе қызмет көр­сету 2 АЕК-тен асқан жағдайда ол пара болады» деген заң талабы кез кел­ген азаматтың қаперінде болғаны жөн.

Бәріміз әділетті қоғам құрыл­ғанын қалаймыз. Заң үстемдігі ор­ныққанда ғана әділеттілік талаптары күшіне мінеді. Осыған ұмтылған дұрыс қой, негізі!