Талапты күшейту – қажеттілік
Талапты күшейту – қажеттілік
393
оқылды

Парламент Мәжілісінің депутаттары Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары барысында Ақтаудағы тұрғын үй, коммуналды-тұрмыстық және өнеркәсіптік бағыттардағы нысандарды жылумен, сумен қамтуға жауапты «Каспий жылу, су арнасы» МКК ұжымымен кездесу өткізді.

Депутаттар Бақытжан Ертаев, Евгений Козлов, Ирина Унжакова аймақтағы басты проблемаларды талқылады.

«Каспий жылу, су арнасының» басшысы Бақыт Шапқанның ай­туынша, мекемеде 600-ге жуық адам қызмет етеді. Депутаттар Мәжілісте атқарылып жатқан жұмыстарға, елдің ертеңі жарқын болуы үшін бі­лікті мамандарды оқыту, әлеу­меттік мәселелердің шешілуі, жас­тардың рөлі туралы ой бөлісті. Депутат Бақытжан Ертаев жастар пробле­масына көбірек тоқталды. Оның айтуынша, тәжірибе уақыт өте ке­леді, сондықтан да алдымен басшы болуға асықпау керек, керісінше білікті маман болуға ұмтылған абзал. 

– Тарихымыз терең, біздің болашағымыз алда, шекарамызды шегелеп, ту көтеріп, тәуелсіздікке жетіп, мәңгілік ел болуға қадам бас­тық. Болашақтың кілті – жастарда. Биыл – Жастар жылы. Nur Otan пар­тиясы жастардың бастамасын қолдайды. Жұмыссыз жүргендер – жалқаулар. Жұмыс бар, тек таңдамай қызмет ету керек. Еңбек еткен далада қалмайды, – деді Бақытжан Ертаев.

Кәсіпорын қызметкерлері жұ­мыстағы қиындықтар туралы сөз қозғады. Әсіресе, құқық қолдану тәжірибесін жеңілдету сұрақтары бойынша заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс жасады.

Атап айтқанда, «Нотариустармен нотариалдық әрекет жасау» ере­жесіне толықтыру енгізу қажет. Яғни, нотариустарды сатушыдан барлық мекемеде қарызы жоқтығын растайтын анықтама сұратуды міндеттеу қажет. Бүгінде сатушылар өзінің иелігінен шығаратын мүлік­терін оп-оңай шығарып жатыр. Алайда коммуналдық төлемақы­ларды төлеуге асықпайтын көрінеді. Егер жоғарыда көрсетілген анық­та­маны бермеген жағдайда, мәмі­ле­лерді тіркеуден бас тартуы қажет. 

Сонымен қатар талап қоюдың ескіру мерзімін қолдану, берешекті өндіру бойынша үдерістер ин­жинирингі, үйге ортақ есеп аспап­тары кімдердің балансында болуы тиіс деген сұрақтар көп талқы­ланатын, алайда шешімін таппай келе жатқан алдыңғы пробле­малардың қатарында екені айтылды. 

Кездесуде депутаттар мекеме қыз­меткерлерін толғандырған бар­лық сұраққа толықтай жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ай­тыл­ған мәселелер орынды және олардың шешу жолдары қарас­тырылады деп сендірді.