Бюджет қаржысы бірінші кезекте халықтың және мемлекеттің өзекті мәселелерін шешуге бағытталады.
Ал автокөлік сатып алу, әкімшілік ғимаратқа жөндеу жүргізу және басқа да сән-салтанат пен имиджге қатысты іс-шаралар кейінге қалдырылмақ. Президент лауазымына кіріскелі тұңғыш рет Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев атқарушы билік қызметінің басым міндеттерін белгіледі.
Жиынға Премьер, Президент Әкімшілігінің басшысы, Үкімет мүшелері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, Қазақстан Президентіне тікелей бағынышты орталық меморгандар басшылары қатысты. Отырыста Қазақстанның 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары шығарылды. Үкімет мүшелерінің және әкімдердің баяндамаларын мұқият тыңдаған Мемлекет басшысы алда өте маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті.
–Бұл ең алдымен, еліміздің даму көрсеткіштеріне байланысты. Негізгі міндет – осы қарқынды одан ары арттыру. Биылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстанда экономикалық өсім 4,1 пайызды құрады. Инфляцияның жылдық көрсеткіші 5,4 пайыз болды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 11,7 пайызға өсті. Халықты толғандырған өзекті әлеуметтік мәселелер бойынша нақты шаралар қабылдануда, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Оның байламынша, мемлекеттің басты мақсаты – азаматтардың табысы мен тұрмыс деңгейін арттыру.
–Біздің жұмысымыздың ең маңызды көрсеткіші – халықтың нақты табысы 6,3 пайызға өсті. Дегенмен тоқмейілсуге болмайды. Алдымызда ауқымды жұмыстар тұр. Бұдан бөлек, дүниежүзіндегі санкциялар, сауда нарығындағы қақтығыстар, протекционизмнің ушығуы еліміздің өркендеуіне де айтарлықтай ықпалын тигізуде. Сондай-ақ серіктес елдер экономикасының қазіргі ахуалы да бізге әсер етеді. Халықаралық сарапшылар әлемдік экономиканың дамуы күрделі кезеңде екенін айтуда. Осындай сын-қатерлерге қарамастан, ең басты міндетті жүзеге асыруымыз керек: бұл – жұмыс орындарын ашу. Дәл осы көрсеткіш бірінші орында болуы керек! – деп нықтады Мемлекет басшысы.
Себебі, онсыз да аз отандық жұмыс күші – еңбекке қабілетті әр азамат лайықты жұмыспен қамтылса ғана халықтың әл-ауқаты жаппай жақсарады, экономиканың орнықты өсімі жалғасады.
–Тек экономиканың жай-күйі ғана емес, сонымен қатар мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығы да жұмыс орындарын құру мәселелерін шешуге тікелей байланысты болады. Сіздер мұны жақсы түсінуге тиіссіздер. Сондықтан Үкіметтің, әкімдердің қызметінің нәтижелерін қарау кезінде бұл көрсеткіш бірінші кезекте есепке алынады. Сіздер күн сайын әр өңірде, әр елдімекенде жұмыс орындарын ашу мәселелерімен шұғылдануға тиіссіздер. Осы түйткіл шешілмей, біз қиын жағдайдан шыға алмаймыз! Әзірге аталған проблема лайықты шешімін таппай отыр, – деп ашығын айтты Қ.Тоқаев.
Оның бағалауынша, саладағы Үкіметтің басты құжаты – «Еңбек» бағдарламасы «тоқырауға ұшыраған» яғни Қазақстанда жұмыссыздықтың қысқаруы қарқынды жүрмеуде. Мемлекет басшысы Премьерге бұл мәселеге жіті назар аударуды жүктеді.
Дағдару белгілері байқалған тағы бір сала ретінде индустрияландыру аталды. Сән-салтанатпен ашылған біраз жаңа кәсіпорын ізінше өнімін өткізер нарық таппай, болмаса не шикізат көзіне, не қаржы ресурстарына қол жеткізе алмай, тоқтап қалып жатады.
– Индустрияландырудың алдыңғы бағдарламаларына объективті талдау жүргізу және жүйелі проблемаларды анықтау қажет. Ондай проблемалар бар! Олар туралы үндемей, жауырды жаба тоқудың қажеті жоқ. Басты проблемалардың бірі – жете қаржыландырмау. Мысалға, 2018 жылға арналған индустрияландыру ісі қаржымен тек 35 пайызға ғана қамтамасыз етілген. Нәтижесінде, стратегиялық мақсаттарымызға қол жеткізу ісі де кейінге ысырылады. Бұған жоспарлаудың төмен сапасы да кесірін тигізуде. Салдарынан, жай ғана ізгі ниеттер мен жақсы тілектер бағдарламасына айналып кетті. Бағдарлама оның жобалары қажетті көлемде қаржыландырылатындай етіп, жоспарлануға тиіс, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы индустрияландырудың үшінші бесжылдығына көшпес бұрын шынайы талдау негізінде проблемаларды анағұрлым тиімді шешу жолдары ұсынылуы керегін нұсқады.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік сектордағы үйлесімсіз істерді де қатаң сынға алды.
– Сала инвесторлар үшін сол баяғыдай тартымды бола алмай отыр. Ауыл шаруашылығына тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің бар-жоғы 1 пайызы ғана келген. Бұл – өте алаңдатарлық көрсеткіш. Барлық халықаралық қаржылық институт бірауыздан ауыл шаруашылығында Қазақстанның орасан зор әлеуеті барлығын айтады. Алайда саланың арбасы ілгері баспады. Демек, біз – нашар басқарушымыз! Басқаша байлам жасау мүмкін емес. Алдағы 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығында, шын мәнінде, серпін жасауға тиіспіз. Мұны көңілдеріңізге тоқып алыңыздар, – деген Қазақстан Президенті агроөнеркәсіптік салаға инвестиция тарту бойынша тиімді жұмысты жолға қою міндетін белгіледі.
Бұған қоса, Үкіметке «ҚазақИнвестпен» бірлесіп, алдағы 3 жылда осы секторға ірі әрі әлемдік танымал корпорацияларды тарту жүктелді. Ал шығынды «ҚазАгро» холдингі реформаланады.
Қ.Тоқаев мемлекеттік қолдау шарттарының жиі өзгере беретініне аграршылардың шағымданатынын хабарлады. Бұл бағытта бірізділіктің және сабақтастықтың жоқтығы ауылдық бизнеске дұрыс әрі ұзақмерзімді инвестициялық шешімдер қабылдауға кедергі болады, агрокәсіптің тартымдылығы мен табыстылығын төмендетеді, кәсіпкерлердің болашаққа сенімін жояды.
–Қазақстан – аграрлық-индустриалдық ел. Мұны әрдайым есте ұстаған жөн. Сол себепті, Үкімет ауыл шаруашылығы саясатының қысқа және ұзақмерзімді нақты басымдықтарын түзуге және солар негізінде мемлекеттік қолдау құралдарын тұрақтандыруға тиіс. Әйтпесе, олар жұмыс істемейді. Ауыл шаруашылығы – басқаруында сабақтастығы жоқ жалғыз сала. Кезінде ауылға арнап, қаншама бағдарлама қабылдадық, қаншама уәдені тыңдадық. Әрбір министр тек соның бағдарламасы ғана дұрыс екеніне сендіріп бақты. Содан не шықты? Гербицидтерді субсидиялау мен тұқым қорын жаңартудың тиімділігіне, техника паркінің тозуына, агротехнологиялардың сақталуына және басқасына қатысты сұрақтар тууда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Былтыр ауыл шаруашылығының өңделген өнімдерін экспорттаудың жоспарлы көрсеткіштері небәрі 37 пайызға ғана орындалыпты.
Мемлекет басшысы аймақ басшылары отандық және шетелдік инвесторға шекеден қарамай, әдептен аспай, келіссөздерді іскерлік ауанда жүргізуге үйренуі керектігін қадап айтты.
– Қазақстанды инвестиция саласында тек жаһандық деңгейде ғана емес, сондай-ақ Орталық Азия өңірінде де салмақты бәсекелестік күтуде. Мемлекетіміз әрдайым биік тұғырынан көріне білуі керек. Тұғырдан таюға жол бере алмаймыз. Біз тек ілгері қозғалуымыз қажет. Мен әкімдерге қайырыламын: сіздер өңірлерге инвестиция тартуға міндеттісіздер. Инвесторлар делегацияларын қалай қабылдағандарыңызды кейде теледидардан байқап қаламын. Бұларыңыз жарамайды: төрге, үстел басына өздеріңіз жайғасып аласыздар, ал бизнесмендерді өздеріңізден 2-3 метр қашықтыққа, төменге отырғызасыздар. Өздеріңізді әлдебір княздіктің билеушісі ретінде ұстайсыздар. Инвестицияға сіздер емес, бизнесмен мұқтаждай көресіздер. Әрине, оларға жөнсіз жалбақтаудың да қажеті жоқ. Барлығы тек іскерлік ауанда өтуі тиіс! – деді Қ.Тоқаев.
Ол жергілікті шенеуніктердің инвестордан пара дәметуіне де жол берілмейтінін нықтады.
– Егер кімде-кім осындай әрекетімен көзге іліксе, бұрынғы сіңірген еңбегіне, жұмыс тәжірибесіне қарамастан, әкімдер қатаң жазаланатын болады. Мен алдын ала ескертіп отырмын. Әйтпесе, инвесторлар қандай да бір облысқа инвестиция салуға барса, жергілікті билік органдарының әлдебір түсініксіз талаптарына кезігетініне шағымдануда, – деді ел Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік саладағы үйлестіру ісі күшейтілетінін мәлім етті. Әйтпесе, мәселен, бір қалада зейнеткерлер мен мүгедектер автобуста тегін жүреді, ал басқасында тұрғындардың осы санаты мұндай көмектен қағылады. Бір ауылда қарттарға отын жеткізіледі, ал өзгесі ондай жәрдемді қарастырмайды. Енді осының бәрі бірыңғайландырылмақ.
– Бүгінде өңірлер әлеуметтік көмектің әралуан түрін әрқалай көрсетеді. Сәйкесінше, қазақстандықтар әр өңірде көмектің әрқалай түрі мен мөлшерін алады. Мемлекеттің қолдауы, осылайша, қырық құрақ көрпеге ұқсап кеткен. Ал біз Ата заң бойынша федеративтік емес, унитарлы мемлекетпіз! Үкіметке тұрғылықты жеріне қарамастан, азаматтарды әлеуметтік қолдаудың кепілдендірілген көлемінің бірыңғай тәсілдемесін әзірлеуді тапсырамын. Халықты өнімді жұмысқа тарту жұмысын жандандыру маңызды. Тиісті бағдарламалар бар, олар іске асырылуда, әйтсе де, олардың орындалу қарқыны мен сапасына қатысты мәселелер жеткілікті, – деп түйді Мемлекет басшысы.
Жиын барысында Қазақстан Президенті 10 тамызға дейін Арыстағы жарылысқа кінәлілердің барлығын жазалау бойынша ұсыныстар енгізу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ әскери ведомствоға бақылауды әлсіреткені және жарылысқа жол берілгені үшін Қорғаныс министрі Н.Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялады.
Өз кезегінде Премьер-министр Асқар Мамин Президент қойған барлық міндеттер уақытылы жүзеге асырылатынына сендірді.
– Экономиканың сапалы және тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында инвестицияларды белсенді тартуға; өнімді жұмыс орындарын құруға; экономиканы әртараптандыруға; өнімділікті өсіруге және экспортты дамытуға бағытталған барлық қажетті шара қабылданатын болады. Үкімет қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған сіздің тапсырмаларыңыз бен бастамаларыңызды уақытылы және сапалы орындау бойынша жұмысты жалғастырады. Бұл ретте Үкімет барлық қажет шараны ұйымдастыруда, – деді А.Мамин.
Оның мәліметінше, ел экономикасының өсу қарқыны биылғы 6 айдың көрсеткіштері бойынша 2,9%-дан 4,1%-ға дейін жылдамдапты. Өсудің қозғаушы күштері ретінде өнеркәсіп, құрылыс, көлік, сауда және ауыл шаруашылығы салалары танылды.
14 өңірде өнеркәсіптің өсуі қамтамасыз етілген.
– Негізгі капиталға инвестициялар 11,7%-ға ұлғайды, оның ішінде жеке инвестициялар 13%-ға өсті. Бұл көрсеткіштер Қызылорда, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында жоғары. Ал Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында және Маңғыстау облысында бұл көрсеткіштер төмендеп отыр. Құрылыс қарқыны Қызылорда, Қарағанды және Атырау облыстарында жоғары. Бірақ 4 өңірде өсім қамтамасыз етілмеген. Бұл – Шымкент, Нұр-Сұлтан қалалары, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары, – деді Үкімет басшысы.
Сыртқы сауда айналымы 5 айдың ішінде 3,3%-ға артып, 37,2 млрд долларды құрады.
Мемлекеттік бюджет кірісі өткен 6 айда 4 трлн 379 млрд теңгеге жеткен, яғни жоспардан 148 млрд теңгеге артық. Бұл былтырғы ұқсас кезеңімен салыстырғанда 730 млрд теңгеге немесе 20%-ға көп.
Мемлекеттік бюджет шығыстары осы жылғы 1 шілдеге дейін 6 трлн 342 млрд теңге болды.
– Еңбек нарығы тұрақты. Биылғы бірінші жарты жылда жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрады. 186 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 126 мыңы – тұрақты, – деді Асқар Мамин.
Ол Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін Үкімет 7 басымдықты бағыт бойынша жүйелі шаралар кешенін қамтитын «Жаңа күн тәртібін» әзірлеп, жүзеге асыруға кіріскенін хабарлады. Оның «Үдемелі экономика – баршаның игілігінің негізі» деп аталатын бірінші бағыты – жаңа жұмыс орындарын құруға, инвестициялардың жаңа толқынын тартуға бағдарланған. Билік жыл сайын негізгі капиталға инвестициялар көлемін орта есеппен 20%-ға арттырып, оның деңгейін 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 30%-ына дейін жеткізуді көздеп отыр. Тікелей шетелдік инвестициялардың жылдық көлемін қазіргі 24 млрд доллардан 2025 жылға қарай 34 млрд-қа дейін жеткізбек.
Екіншіден, Үкімет бизнес-қауымдастықпен бірлесіп «Индустрия 4.0» технологияларын енгізу арқылы өндірісті өрістету, экспорт географиясын кеңейту, өңдеуді тереңдету, оның ішінде трансұлттық компанияларды тарту арқылы өндірістің жаһандық тізбегіне ену бойынша негізгі салаларды дамыту стратегиясын қайта қарастырады. Бұл 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін 1,7 есеге, ал экспортты 1,5 еседен астамға арттыруға мүмкіндік бермек.
Үшіншіден, экономиканы цифрландыру қолға алынуда. Тау-кен металлургиясы, өңдеу өнеркәсібі, энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында цифрландыру шығындарды төмендетуге және еңбек өнімділігін 1,5 есе арттыруға жол ашады.
– Облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 6 454 ауылдық елдімекен арасынан тұрғындар санының динамикасына, экономикалық көрсеткіштеріне, тиісті инфрақұрылымның болуына қарай даму әлеуеті бар 3 387 ауылдан тұратын цифрлық карта жасалды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы тірек және серіктес ауылдардың инфрақұрылымын басымдықты қаржыландыру арқылы жүргізіледі. Бұл бюджеттік инвестицияларды пайдалану тиімділігін және 2025 жылға қарай ауылдықтардың 85%-ның өмір сүру сапасын арттырады. 2019 жылы 700 мың адам тұратын 53 ауылдың инфрақұрылымы жаңғыртылып, 4 700 жаңа жұмыс орны құрылады, – деді Премьер.
Үшінші бағыт – табысты кәсіпкерлікке, төртіншісі – тиімді мемлекеттік басқаруға, бесіншісі – тиімді әлеуметтік әл-ауқат жүйесін қалыптастыруға бағытталады. Алтыншы бағыт «Білімді ұлт: баршаға арналған қазіргі білім беру стандарттары» деп аталады және оның аясында жыл соңына дейін Білім беру мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа мембағдарламасы бекітіледі. Онда үш ауысымдық мектептер мәселесін шешу, барлығы 500 мектеп салу, МЖӘ тетігімен 3 мыңға жуық жаңа балабақша ашу жоспарлануда.
Жетінші – «Салауатты ұлт: медициналық қызметтер сапасы мен қолжетімділігі» бағытында барлық қаржыландыру көзі арқылы денсаулық сақтауды қаржыландыруды 2024 жылға қарай ЖІӨ-нің 5%-на дейін жеткізу көзделген. Қабылданған шаралар нәтижесінде 2025 жылға қарай қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 73 жастан 75 жасқа дейін ұлғаяды деп күтілуде.