Былтыр жыл соңында еліміздің мемлекеттік басқару жүйесіне құрылымдық өзгеріс жасалды: Сыртқы істер министрлігіне Инвестиция тарту жөніндегі комитет пен «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы берілді. Сөйтіп, оған дейін бірнеше министрліктің құзіретінде болып келген инвестиция тарту ісіне Сыртқы істер министрлігі жауапты болып бекітілді. Бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының талабына сай қабылданған шешім болатын.
Белгілі заңгер Марат Бәшімовтің айтуынша, мұндай тәжірибе Дания, Швеция, Исландия, Канада, Австралия мен Бельгия сияқты елдерде бар.
«Сыртқы істер министрлігінің қызметін экономикаландыру қаржыны игеру кезінде ұқыптылық пән дәлме-дәлдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл шешім келешекте кез келген сын-қатерге төтеп беру үшін қабылданып отыр. Себебі, әлемде қаржылық жағдай қиындап барады. Жаһандық дағдарыс ұзаққа созылады деген де болжам айтылып қалады. Сауда соғысы мен дамушы елдердегі капитал шығысы да алаңдауға негіз болып отыр. Мұның барлығы дипломатиялық әдіс-тәсілдерді жетілдіруге ықпал етті», – дейді заңгер.
Әрине, Сыртқы істер министрлігі үшін инвестиция тартумен айналысу таңсық дүние емес. Себебі сыртқы істер саласындағылар үшін экономикалық дипломатия ұғымы әу бастан санаға сіңген термин. Дипломатияның бұл түріне мемлекеттің екіжақты және көпжақты негізде ұлттық экономиканы қолдау мен дамытуға, халықаралық істерде мемлекеттің жалпы сыртқы саясаты шеңберінде мақсатқа жетуін, сыртқы экономикалық мүдделерді қамтамасыз ететін дипломатиялық тәсілдер мен әдістерді және экономикалық шаралар мен құралдарды (сауда саясаты, жәрдемдесу, көмек алу) қолдануы деген анықтама берілген.
Министрлік өзіне берілген жаңа құзірет шегінде инвестжобалардың әрқайсының толығымен іске асуын қамтамасыз етуді басты міндет етіп белгіледі. Қазақстанның шет мемлекеттердегі елшіліктерінің ел экономикасына инвестиция мен ғылымды қажет ететін технология тарту саласындағы қызметін күшейтуді қолға алды.
«Біздің дипломатиялық миссиямыз инвестициялық ұсыныстар мен жобалар пакеттерін қоса алғанда, барлық өзекті ақпаратпен «қаруланады». Министрлік экспортты сыртқы деңгейде ілгерілету саласындағы үйлестіруші рөлді атқарады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен (ИИДМ) және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп, отандық экспорттаушыларды қолдаудың «Бірыңғай терезесін» құруға қатысамыз», – деген Бейбіт Атамқұловтың сөзі есімізде қалыпты.
Бүгінгі таңда СІМ ИИДМ-мен бірлесіп, Қазақстанның негізгі нарыққа шығуын қамтамасыз ететін көлік транзиті дәліздерін кеңейту жұмысын жалғастырып отыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығына, «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамытудың халықаралық орталығына, сондай-ақ AstanaHub АТ-стандарттар халықаралық технопаркіне де қолдау көрсетіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде «Қазақстан өзін бейбітшілікті сүйетін, ашық, сенімді мемлекет ретінде бекітті. Халықаралық істерде сенімді әрі жауапты серіктес екенін бекемдеді. Біз конструктивті, үйлесімді, көпвекторлы бағытты жалғастырамыз. Әлемдік аренада ұлттық мүддені қорғаймыз. Елдің сыртқы саясатының жұмысы елге, ұлттық бизнеске, әрбір азаматқа пайда әкеледі», – деген болатын. Демек, еліміздің сыртқы саясаты ұлттық бизнеске пайда әкелуі тиіс. Олай болса, сыртқы істер саласы бұл бағытта үдеден шыға алды ма? Бүгінге дейін елімізге тартылған инвестиция көлемі қандай? Бұл сұрақтың жауабын кеше ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда тікелей шетелдік инвестиция көлемі 11,5 пайызға азайған. Әрине, бұл үшін инвестиция тарту ісіне жауапкершілікті жарты жыл бұрын ғана алған Сыртқы істер министрлігін кінәлау артық болар. Өйткені, бұл процестің басталғанына бірнеше жыл болған. Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың бұл тенденцияны осымен үшінші жыл қатарынан әлемде тікелей шетелдік инвестицияның кері қайтарылып жатқанымен байланыстыруы да содан. «АҚШ, Қытай, Еуроодақ елдері достастық елдерінен өз инвестицияларын қайтарып алып жатыр. Себебі, инвестиция тартушы елдер арасында бәсеке артып келеді. Ішкі мәселелер де бар», – деген министр инвестиция тартуды арттыру үшін көші-қон саясатын жетілдіру қажет екенін айтады.
Айтқандай, шілде айының басында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Астана қаржы күндері» форумында Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы қаржы секторын дамытумен қатар, экономикаға инвестициялар тартуы тиіс екенін тілге тиек еткен-ді. Қалай десек те, шетелдік инвестицияның төмендеуін болдырмау үшін қарбалас басталғандай. Мұндайда әлемге белгілі қаржыгерлердің кеңесіне құлақ түрсек, артық болмайды. Мәселен, Президент жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің 32-ші пленарлық отырысында сөз алған Еуропа қайта құру және даму банкінің директоры Агрис Прейманистің айтуынша, Қазақстан, бірінші кезекте, экологиялық кодексті жетілдіруі керек. «Қазақстанның экологиялық қауіпсіз ел болғаны инвесторлар үшін де тиімді. Елордадағы қаржы орталығына үлкен сенім артылып отыр. Оның жұмысын да жүйелеу қажет. Инвестициялық жобалардың тиімділігін бағалауға көп уақыт бөлінуі тиіс. Қылмыстық және қылмыстық процесуалдық заңнаманы жетілдірсе, инвесторлардың мемлекет саясатына деген сенімі артар еді. Әсіресе салықтан жалтару жазасын пысықтау қажет. Адам капиталын дамыту, жұмысшылардың біліктілігін арттыру, шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін оңтайландыру бойынша әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, өзгертулер енгізуді ұсынар едім», – деген Агрис Прейманистің бұл ұсынысын ескермеске болмайды. Себебі ол басқаратын Еуропа даму және қайта құру банкі Қазақстан экономикасына 9 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған қаржы институты.
Біз соңғы 4-5 жылда Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестициялар көлеміне шолу жасап көрдік, түйгеніміз – инвестиция көлемі әр жылы әрқалай құбылған. Мәселен, Ұлттық банктің ресми мәліметіне сәйкес, өткен жылдың тоғыз айында тікелей шетелдік инвестициялар көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,4 пайызға артқан болатын. Ал 2016 жылдың дерегіне көз салсақ, керісінше төмендеу байқалады.
Инвестицияның бұлай құбылуының себебі көп. Соның бірі – бюрократия, қағазбастылықтан қажыған инвестор қашпағанда қайтсін? Шетелдік инвесторлар тәуелсіз сот пен экономиканың тұрақты болғанын қалайды. Ол талапты орындау үшін де белгілі бір уақыт қажет. Ал бір тиыннан екі тиын жасауға бейіл инвестор өзіне жағдай жасаған күнді күтіп отырмайды. Сөйтіп, айналамыздағы бәсекелес елдерге қаржысын құя салады. Ендеше, қайтпек керек?
Премьер-министр Асқар Мамин жетекшілік ететін Инвестициялар тарту жөніндегі үйлестіру кеңесінің соңғы отырысында бұл сұраққа жауап болар қадам жасалды. Мәселен, негізгі капиталға құйылатын инвестиция ағымын жалпы ішкі өнімге шаққанда 30 пайызға дейін арттыру міндеті қойылды. Қазіргі көрсеткіш – 19 пайыз. Жыл сайын тікелей шетелдік инвестиция ағымын 2018 жылғы 24 млрд доллардан 2025 жылға қарай 34 млрд долларға арттыру көзделіп отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, көлік және логистика, энергетика, туризм, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, денсаулық сақтау, білім беру салалары инвестициялар тартудың тиімді құралына айналуы тиіс. Алдағы уақытта орталық және жергілікті атқарушы органдар үшін жалпы ішкі өнімге инвестициялардың мақсатты ара қатынасына қол жеткізу үшін инвестиция тарту бойынша тиімділіктің негізгі көрсеткіштері әзірленеді. Қазақстанның логистикалық қуатын арттыру мақсатында 2020-2023 жылдары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Семей, Көкшетау, Атырау және Ақтау қалаларында 8 өңірлік тарату орталығынан тұратын желіні құру жоспарланып отыр. Бұл тетік фермерлерден өнімдерді ерте сатып алып, қажетті қор жасап, одан кейін өнімдерді маусымаралық кезеңде – желтоқсаннан сәуір айына дейін сауда желілерінде арзандатылған бағамен сатуға бағытталған. Инвестициялар тарту жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасына инвестиция тарту жөніндегі Жол картасы қабылданды. «Экономиканың дамуы инвестиция тартумен тікелей байланысты» деген Үкімет жетекшісінің сөзі инвестиция тартуға жауаптылардың жауапкершілігін арттырса дейсің. Әйтпесе, инвестиция тартуға икемсіз ел болып қалғанымыз – қалған...