Қаржы жымқырған қорғаушы
Қаржы жымқырған қорғаушы
© коллаж: Дүйсеболат Еркебұлан
291
оқылды
Қарағанды қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарды қорғайтын бел­сендіге қатысты сот шешімі шықты. «Лайықты өмір» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Александр Ивкинге 160,8 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін жазасын колонияда өтеуге үкім шығарылды. Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық соты сегіз айға созылған іске нүкте қойды. I топтағы мүгедек А.Ивкин екі жыл бойы қорғансыз жандарға көмекке бөлінген қаражатты бас пайдасына жаратып келгені үшін бес жылға сотталды. Александр Ивкин – мүмкіндігі шектеулі жандарды қорғауды өмірлік мұратына айналдырған қоғам белсендісі. 1990 жылдары ол мүгедектік арбаға таңылғандарды тағдырдың қатал сына­ғынан құтқарушы ретінде танылды. Денсаулығындағы кінәратқа қарамастан, өзі секілді мыңдаған жанға қол ұшын беріп, құрметке бөленді. Александр Михайлович – өткен ғасырдың 90-жылдары «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңын жазғандардың  бірі. Сол жылдары ол Қарағанды облысында мүгедектердің ерікті қоғамын ашты. Арбаға таңылғандарға арнайы көлік бөлу мен әлеуметтік мекемелерге қиындықсыз кіруіне қол жетізуге күш салды. Аяғын баса алмайтындарды арбамен қамтамасыз етті. Шетелдік қаржы донорларымен әріптестік орнатып, көмекшілерді оқытып, мүгедектерге көмек беруді үйретті, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырды. 2013 жылы облыс әкімінің кеңесшісі болып тағайындалды. Қазақстан Тұңғыш Президенті грамотасының, «Шапағат», «ҚР Конституциясының 10 жылдығы», «Астананың 10 жылдығы» медальдарының иегері, «Еңбек ардагері». Өздігінен қозғалу қабілетін жоғалтқан жандардың тіршілігін жеңілдету үшін үлкен еңбек сіңірді. Ауыр дертке мойымаған жан басқаларға ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетті. Дегенмен жұртқа сүйкімді жан өткен жылы құқық орғау органдарының құрығына ілінді. 2019 жылдың ақпан айында облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев мүгедектердің қаржысына ауыз салды деп айыпталып, істі болды. Атышулы іс кезінде шенеуніктің А.Ивкин мырзаның қоғамдық бірлестігі арқылы да алаяқтық жасағаны белгілі болды. Облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев кәсіпкер інісі Елдармен бірлесіп, мүгедектер арбасына бөлінген қаражатты талан-таражға салған. Шенеунік туысы екеуі 2016 жылдан бері арзанқол арбаларды қымбат бағаға жеткіздік деп, айырмасын қалталарына басып келген. Құқық қорғаушылар мүмкіндігі шектеу­лі азаматтарға бюджеттен бөлінген қар­жыларды тексере келіп, «Лайықты өмір» оңалту орталығының» да күмәнді істерін ашады. Басында іс Ивкин мырзаны азаматтық жауапкершілікке тартудан басталды. Қарағанды қаласының жұмыспен қамту жә­не әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Александр Ивкинді экономикалық сотқа береді. Олар «Лайықты өмір» қоғамдық бірлестігінен мемлекеттік тапсырысты адал атқармағаны үшін бюджетке 160 863 500 теңге өндіріп беруді талап етеді. Оған құжаттардағы қаржылық айналым мен еңбек күнінде келтірілген мәліметтердің сәйкеспейтіні негіз болған. 2019 жылдың 7 қарашасында өткен сот мемлекеттік органның қаржылық талабын қанағаттандырғанымен, мемлекеттік тапсырысты адал атқармады деген айыбын қолдамайды. «Лайықты өмір» басшысы сот шеші­мімен келіспей, апелляцияға береді. Дегенмен Қарағанды облыстық сотының апелляциялық коллегиясы сот шешімін күшінде қалдырды. Сол күні процессуалды прокурор Нұрсұлтан Қалдырбай А.Ивкин мырзаға қатысты айыптау актісін жариялады. Іс қылмыстық реңк алады. «Лайықты өмір» ҚБ мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсететін жеке көмекшілерді ұсынумен айналысады. Көмекшілер мүмкіндігі шектеулі жандар дүкенге, ауруханаға, оқуға, мемлекеттік мекемелерге, т.б. барарда қасынан табылуы тиіс. Бұл мақсатқа бюджеттен қомақты қаржы қарастырылған. Ивкин мырзаның ұйымы мемлекеттік орган мен көмекшілер арасындағы делдалдың рөлін атқарады. 2017-2018 жылдары ұйым қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен мемлекеттік тапсырыс арқылы 1,5 млрд теңгеге қызмет көрсетуге келісімшартқа отырған. Дегенмен  ұйым тапсырған актілерден кінәрат шыққан. 2017 жылы жеке көмекшілердің бір сағаты 279,54 теңге деп бекітілгеніне қарамастан, ұйымның бухгалтерлік құжаттарында бұл 257,19 теңге деп тіркелген. Әрі ұйым актіде көмекшілердің еңбек сағатын тиісті межеден асырып көрсеткен. Нәтижесінде, әр көмекшіден қаққан 22 теңге 35 тиындық айырма Ивкин мырзаның бес жылға темір тордың ар жағында жазасын өтеуіне себеп болды. 2017 жылы осы үнемнің арқасында Ивкин мырза 95 млн теңгеден астам қаржыны қалтасына басқан. Ал 2018 жылы осы кестеге сүйене отырып, тағы 65,5 млн теңгені негізсіз жымқыр­ған. Екі жылдың ішінде «Лайықты өмір» ҚБ алаяқтық жолмен мемлекеттен 160,8 млн теңге пайда көрген. Тек бюджет қана емес, бұл аферадан жеке көмекшілер де зиян шегеді. Ұйым көмекшілерге  қызмет ақысын толық төлемеген. Соттың айыптау актісінде бухгалтерлік құжаттар мен сот-экономикалық сараптамаларға сілтеме берілсе де, Ивкин мырза өз кінәсін мойындаған жоқ. Тергеу амалдары «Лайықты өмір» ҚБ жеке көмекшілері заңсыз қызмет көрсеткен деген қорытындыға келді. Себебі ұйымның штатында олар тіркелмеген. Тергеушілер сондай-ақ Александр Михайловичтің 2017-2018 жылдары 24 млн теңгеден астам жалақы алғанын, 27 млн теңгені іссапарға шығындағанын анықтаған. 2020 жылдың 15 шілдесінде өткен Қазыбек би атындағы аудандық сот судьясы Саян Аққожин құжаттарды қолдан өзгертіп,  үлкен көлемде алаяқтық жасағаны үшін Ивкинді 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Үкімде жауапкердің мүгедектігі ес­керіліп, төменгі жаза тағайындалған. Дегенмен белсенді өзін кінәсіз деп есептейді әрі келтірілген шығынды өтемеді. Бұл былықтың барлығы бұрынғы облыс әкімі орынбасары Жандос Әбішевті жауапқа тартқаннан кейін ғана ашылды. Лауазымды шенеунік пен оның кәсіпкер інісі өздерінің сыбайластық әрекеттерін мойындап, мемлекетке келген шығынды толық өтеген болатын. Тергеу дерегі бойынша, ағайынды Әбішевтер мүгедектерге арналған арбалардың құнын жалған құжаттар арқылы өзгертіп, пайдаға кенеліп отырған. Яғни арбаларды шетелден арзанға сатып алып, актіде бағаны асырып көрсеткен. Нәтижесінде, артылған 101 млн теңгені қалталарына басқан. Сот материалдарында Қарағанды мүгедектерін арзан арбалармен қамтамасыз ету идеясы «Лайықты өмір» ҚБ басшысы Александр Ивкинге тиесілі деген деректер бар. Ивкиннің ұйымы мен «Социум-2010» фирмасы арқылы шенеуік жүре алмайтын қарағандылықтарды сапасыз арбаға отырғызған. Бұл арбалар балаларға, жасөспірімдерге, ересектерге де алынған. 2019 жылдың 9 тамызында беделді шенеунікке қатысты алдын ала тыңдауды Қазыбек би атындағы сотының судьясы Жанат Егембердиева жүргізді. Процессуалды прокурор Дастан Әукешов 30 шілдеде күдіктілер кінәсін мойнына алып, келісімге келгенін мәлімдеді. Прокурордың айтуынша, сол кездегі Әлеуметтік басқарма басшысы, кейін облыс әкімінің осы сала орынбасары болған Жандос Әбішев «Социум-2010» фирмасының мүддесіне басымдық берген. Осы фирма арқылы Қытайдағы інісі Елдар Әбішевтің көмегімен жайсыз арбалар жеткізген. Бұл кәсіпорынға өздерінің таныстары Ибраев пен Түсіпбековтерді жетекші етіп тағайындаған. Жандос Әбішев тендердің талаптарын мүдделес фирмаға лайықтап құрастыруға пәрмен берген. Әрі арбаларға еш тексеріс жүргізбестен қаражат аудартып отырған. Со­ңында қаржыны өзара бөліп алған. Дегенмен мемлекетке келтірілген 101 млн теңге шығын үшін экс-орынбасар жазасын өтеген жоқ. Қылмыстық іс шенеуніктің қателігін түсініп, мойындауына орай тоқтатылды. Түсіпбековтер шығынның 20 миллионнан астамын өтеді. Ал қалған 81,7 млн теңге шығынды ағайынды Әбішевтер толтырды. Сотта шығын орнына келті­рілгені туралы түбіртек көрсетілді. Нәтижесінде, Жандос Әбішев кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін 4 млн 810 мың теңге айыппұл төлеп босатылды. Ал інісі Елдар бес жылға шартты түрде жазасынан айырылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға бөлінген қаражатты талан-таражға салғандарға қатысты іс басқа да қылмыстардың бетін ашып, жалғасын тапқан болатын. Шенеуніктен кейін сот орындығына мүгедектердің құқығын қорғаушы белсенді отырды. Осылайша, Қарағандыда мүгедектер лауазымы жоғары шенеуніктен ғана емес, арбаға таңылған «өз адамынан» да зардап шекті.  

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы