Этика кодексін сақтамаған жан партия мүшесі болуға құқы жоқ
Этика кодексін сақтамаған жан партия мүшесі болуға құқы жоқ
441
оқылды
Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап 2020 жылдың маусым айы аралығында «Nur Otan» партиясы қатарынан 220 232 азамат мүшеліктен шықты. Лайықты емес тұлғалардың 94 пайызға жуығын партия мүшеліктен мәжбүрлі түрде шығарды. Ал 94 азаматқа Этика кодексін бұзғаны үшін шара қолданды.  Алматы қаласында «Nur Otan» партиясы Бостандық аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросы отырысы өтті. Жиынға Саяси кеңес бюросының 9 мүшесінің жетеуі қатысты. Саяси кеңес Бюросы отырысында қаралған негізгі мәселе – «Nur Otan» қатарынан лайықты емес мүшелерін партия сапынан шығару. Алдымен сөз алған «Nur Otan» партиясы Бостандық аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Баймұрат Жамбылов «Өздеріңіз білесіздер, соңғы кездері Боқаев Санжар Омарұлы әлеуметтік желіде партия мүшесінің этикасына сай келмейтін көптеген жазбалар жариялады. Онда партияға және оның жұмысына қатысты жөнсіз пікірлер айтылды. Егер ол кісі қатардағы партия мүшесі емес, кезінде үлкен саяси қызметтер атқарғанын ескеретін болсақ, бұл өте орынсыз іс. Сондықтан, осы мәселеге үнсіз қалмай, кесімді шешім шығаруды мақсат тұттық. Кеше мен Санжар Омарұлымен екі рет хабарласып, аудандық Бюро отырысына шақырдым. Бірақ, ол кісі «Маған оның қажеттілігі жоқ» деп, келуден бас тартты. «Мен партиядан шығуға өтініш жазып қойдым, Сіздердің электронды почталарыңызға жібергенмін», деді. Оның өтініші бізге кеше кешке келіп түсті. Алайда, жасаған іс-әрекеттері, әлеуметтік желідегі жарияланымдары бұл уақытқа дейін жасалғандықтан, біз осы отырысымыздың күн тәртібін қарастыруды күшінде қалдырдық. Сондай-ақ, бүгінгі отырыстың шешімін біз ол кісінің электронды почтасына жіберетін боламыз» – деді. Отырыс барысында түрлі пікірлер ортаға салынып, мәселенің мән-жайы талқыланды. – Кеше «Nur Otan» партиясы Бостандық аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясы өз отырысын өткізді. Партия жарғысы талаптарын сақтамағаны үшін партия мүшесі Санжар Боқаевты партия қатарынан шығару туралы осы саяси кеңес бюросында қарастыру қажет деген шешімге келдік. Сондай-ақ бұл кісі партиялық жарнаны ұзақ мерзімнен бері төлемеген. Партия жарғысының міндеттерін, партия Кодексі талаптарын бұзып отыр. Мұны ескерген жөн деп ойлаймын. Санжар Омарұлы ұзақ жылдар бойы «Nur Otan» партиясы мүшесі болғанына қарамастан, соңғы кездері партия беделіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттерге барып отыр. Әр түрлі әлеуметтік желілерде партия саясатына қарсы пікірлер, жарияланымдар шығаруда. Партия мүшесіне лайықты емес іс-әрекеттерге барып, партия беделін айтарлықтай түсірген әріптесімізді әрі қарай партия қатарында қалдыруды дұрыс емес деп санаймын, – деді «Nur Otan» партиясы Бостандық аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросының мүшесі Болатжан Бозымбаев. Өз кезегінде «Nur Otan» партиясы Бостандық аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының хатшысы Рита Тұрмахан, «Nur Otan» партиясы Бостандық аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросының мүшесі Бекежан Тоққожаев, «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Борис Жапаровтар сөз сөйлеп, Санжар Боқаевтың соңғы кезде партия мүшесіне, оның әдетіне сай келмейтін әңгіме айтып, түрлі әрекеттерге барғанына қынжылыс білдірді. Этика кодексі Nur Otan
«Nur Otan» партиясы Бостандық аудандық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының 2020 жылдың 30 маусымындағы Шешімі негізінде, партия мүшесі Боқаев Санжар Омарұлын «Nur Otan» партиясының келесі міндеттерін:
  1. Партия Жарғысының 5.2 тармағына сәйкес партия мүшесі:
- партия Жарғысының, Бағдарламасының және партия қызметін реттейтін басқа да құжаттардың талаптарын сақтауға; - партия жұмыстарына жеке қатысуға, өз әрекеттерімен партияға тиесілігін дәлелдеуге және оның халық арасындағы беделі мен ықпалының артуына атсалысуға; - мүшелік партия жарналарын уақтылы төлеп тұруға; - партия жиналыстарына тұрақты қатысуға міндетті.
  1. Партияның Этика кодексінің 1 тармағының 8) тармақшасына сәйкес партия мүшесі партия беделін арттыруға, оның беделін түсіретін әрекеттердің жасалуына жол бермеу міндетін орындамаған.
Боқаев Санжар Омарұлы партияның Жарғысы мен партия мүшесінің Этика Кодексінің талаптарын бұзған, сонымен қатар, аудандық филиал статистика және есеп секторының жетекшісі Әлішериева Баянның ақпараты бойынша Санжар Омарұлы алты айдан астам уақыт партиялық мүшелік жарнасын төлемеген. Партия Жарғысының 3.6 тармағының 4) тармақшасына сәйкес партия беделін түсіретін әрекеттер (әрекетсіздігі) немесе партия мүддесіне зиян келтіретін басқа да әрекеттеріне (әрекетсіздігі) байланысты партиядан шығаруды «Nur Otan» партиясы Бостандық аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросының отырысында қарастыру ұсынымы туралы, Бостандық аудандық филиалы Партиялық бақылау комиссиясы хатшысы Р.Тұрмахан, партияның аудандық филиалы Саяси кеңес Бюросының мүшелері Б.Бозымбаев, Е.Есенгелдіұлы, Б.Тоққожаетың ақпараттарын тыңдап және талқылай отырып, «Nur Otan» партиясы Бостандық аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросы Партия мүшесінің «Nur Otan» партиясының Жарғысының 3.6 тармағының 4 тармақшасында көрсетілген партия беделін түсіретін әрекеттер (әрекетсіздігі) немесе партия мүддесіне зиян келтіретін басқа да әрекеттеріне (әрекетсіздігі) байланысты, сонымен қатар, «Nur Otan» партиясы Жарғысының 5.2 тармағы мен Партияның Этика кодексінің 1 тармағының 8) тармақшасында көрсетілген талаптарды орындамағанына байланысты Санжар Боқаевты партия қатарынан шығаруға қаулы қабылдады.