Елбасы жұмыс істейтін жастардың жағдайын жасау керегін бірнеше рет тілге тиек еткен еді. Болашақтың басты қозғаушы күші саналатын топты елеусіз қалдыруға болмайды. Осы мақсатта осы жыл «Жастар жылы» деп белгіленгенінен де барлығы дерлік хабардар. Жалпыға жақсы жаңалықтың бірі – жалға берілетін пәтерлердің салынатыны. Қашан жүзеге асады, бағасы қанша, шарттары мен талаптары қандай? Осындай түрлі сауалға жауап іздеп көрелік.
Жастар жылының ашылуында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс істейтін жастарды қолдау мақсатында жылына бір мыңнан астам жалдамалы пәтер салуға тапсырма берген болатын. Осы мақсаттарға 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қанша қаржы бөлінетіні есептелді. Нәтижесінде шамамен 21,6 миллиард теңге керек екен. Оның ішінде республикалық бюджеттен – қосымша 15 миллиард теңге, қарастырылған қаражаттан 6,6 миллиард теңге бөлінбек.
Жалға берілетін пәтерлер еліміздің үш мегаполисі – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында салынады. Жоғарыда атап өткеніміздей, жоспар бойынша жыл сайын кемі 1 мың пәтердің құрылысы бітіп, кілті табысталып отырады. Жастардың баспанасыз, үй-күйсіз жүргенін ескерген Елбасы, бұл бастаманы миллион тұрғыны бар ірі қалалардан бастауға тапсырды. Мұның астарында кейін өзге облыстарда да осындай жақсы бастама қолға алынады деген сөз бар болар деп топшыладық. Сондай-ақ мегаполистер санының артуына да стимул сыңайлы. Елбасы тағы бір сөзінде, алдағы уақытта екі қаланың мегаполис болатын күні жақындап қалғанын айтып қалды.
«Бұл пәтерлер жалдамалы сипатта болады. Бір есте ұстайтын жайт – тек жұмыс істейтін жастарға арналған. Патернализмді өршітпеуіміз керек. Қайта жастар мемлекетке көмектесуі тиіс. Пәтер мемлекеттікі болып қала береді. Барлық әлемде мұндай тәжірибе бар. Үйді жалға ала аласыз. Қалаған кезде басқа жаққа жұмысқа ауысуға болады. Кеңес кезіндегі адамдар керісінше пәтерге «байланып» қалған болатын» деген еді Нұрсұлтан Назарбаев жастарға бағыттап сөйлеген сөзінде.
Жастарды қолдау үшін мынадай төрт нәрсеге баса назар аудару керек: қолжетімді әрі сапалы білім, жұмысы мен баспанасының болуы және отбасы құруға мүмкіндігі бар болғаны. Міне, осы маңызды бағыттың бірі ретінде баспананың таңдалуы бекер емес. Өйткені қалалық жерде пәтер жалдап тұруға екінің бірінің қаражаты жете бермейді. Әсіресе, мегаполистерде пәтердің айлық ақысы аспандап тұратыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, жастарға арналған жалдамалы пәтерлер – жақсы мүмкіндік. Алаңсыз жұмыс істеп, қаражатты тиімді басқаруға болады.
Енді осы бастаманың іске асырылуы қалай жүріп жатыр? Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жастардың жағдайын жасаудың қандай амалдары жасалып жатқаны жайлы айтып берді. Біздің тақырып – пәтер туралы сала министрі Абаев жалға берілетін пәтерлерді беруге байланысты тиісті ережелер бекітіліп жатқанын айтты. Осылайша осы жылдың 1 тамызына дейін ережелер бекітілетіні белгілі болып отыр. Сонымен бірге 89 іс-шараны қамтитын жол картасы да қабылданған. Ол жас қазақстандықтардың өзекті мәселелерін оң шешуге бағытталады.
Әу бастан бізге белгілі болғаны – жалға берілетін пәтерлерді 29 жасқа дейінгі жастар ала алады. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тұратын және жұмыс істейтін болуы шарт. Мемлекеттік жалдамалы пәтерге ие болуға үміткерлерге қойылатын талаптардың тағы бірнешеуін атап өтсек. Пәтерді беру балдық жүйемен жүзеге асырылмақ. Бұдан бөлек талаптар санаулы күндерден соң анықталады. Жалға алу құқығымен берілетін баспаналар үш жыл мерзімге беріледі. Осы уақыт аяқталған соң, арнайы құрылған комиссия жалдау мерзімін ұзарту туралы мәселені қарастырады. Тағы бір міндетті дүние – заңды жерде жұмыс істеп, салық төлеуі. Болмаса жеке кәсіпкерлікпен айналысатын құжаттарының түгел болғаны дұрыс. Осындай әр көрсеткішке ұпай беріледі. Қосымша балл беретін амалдардың ішінде отбасылық жағдайы, бала саны бар. Мегаполистердің әрқайсысында ең кемі 350 пәтерден болады деп жоспарланып отыр. Шаршы метрінің бағасы – шамамен 180 мың теңге. Пәтердің аумағы – 40 шаршы метр. Жалдамалы пәтер бағасы – 10-12 мың теңгеге жуық. Бір айта кетерлігі, мұның бәрі тиісті сала министрліктерінің қарауында. Өзгерістердің болуы да ықтимал. Мәселен, Мәжіліс депутаты Гүлнар Иқсанова жас шамасын 35-ке дейін көтеру керек деп бастама көтерген еді.
Айша ЕРСҰЛТАН