Қоныстойды көбейткен жоба

Қоныстойды көбейткен жоба

Елімізде соңғы жылдары халықты баспанамен қамтуды көздеген түрлі бағдарлама жүзеге асырылды. Мәселен, 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл рекордтық көрсеткіш деп бағаланды. Сөйте тұра көп отбасының баспана мәселесі шешіле қоймады. Өйткені ипотекалық несие арқылы баспана алудағы басты кедергі – бастапқы жарнаның көптігі көп адамның арманын орта жолдан тоқтатты. Осы мәселені шешудің жолы былтыр табылғандай болған. Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жариялап, әр отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндігін ұсынды.

«Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның ше­шімін тұрғын үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қол­жетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүм­кіндігі аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсы­натын тетіктер қажет. Сондықтан «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсы­намын», – деді Елбасы.

Осылайша, несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 па­йыз­ды құрайтын, бастапқы жарна баспана құнының 20 пайызынан аспайтын, несие алу мерзімін
25 жылға дейін созатын бағдар­лама өмірге келді.

Бағдарлама іске қосылғалы бері елімізде 8 мыңға жуық от­басы 92 млрд теңге қарыз алып, баспаналы болды. Бағдарлама банктің ипотекалық портфелінің 1,4 трлн теңге өсімін қамтамасыз етті. Бұл деректі Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың төраға­лығымен өткен Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Ұлттық банк­тің төрағасы Ерболат Досаев айтты.

Жалпы, жылжымайтын мү­лік саласының сарапшылары «7 – 20 – 25» бағдарламасын қа­зіргі таңда кез келген азаматқа жылына 7 пайыз мөлшерлемемен 20 жылға пәтер алуға мүмкіндік беретін ең тиімді бағдарлама деп бағалайды. Бір байқағанымыз, бағдарлама уақыт өткен сайын халық талабы бойынша жетіл­діріліп келеді. Мәселен, биыл мамыр айында қарыз алушыларға бастапқы жарнаны баспана бағасының 20 пайыздан асатын сомада төлеу құқы берілді. Бұл ай сайынғы төлем көлемін азай­туға және табысы аз азаматтарды қамтуға мүмкіндік берді.

«Азаматтар бастапқы жар­наны көбейту арқылы ипотеканы мақұлдау мүмкіндігін арттыра алады. Сонымен бірге, банктер үшін кредиттік тәуекелдер де төмендейді. «7 – 20 – 25» бағ­дарламасы уақыт талабына сай, қазақстандықтар қалауын ескере отырып жаңарып жатыр», – дейді «Баспана» ипотекалық ұйы­мының серіктес-банктермен жұмыс жөніндегі департамент директоры Қанат Әбдірайымов. Оның айтуынша, банктерге қо­йылатын талапты төмендету арқылы қатысушы-банктер саны көбейтілген. Бүгіндері бағдар­лама бойынша ипотекалық не­сие­лерді Халық банкі, Сбербанк, Банк ЦентрКредит, Еуразия банкі, АТФБанк, Jysan банк, Банк РБК, ForteBank береді. «Баспана» ұйымының дерегінше, бағдарлама Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында белсенді жүргізіліп келеді. Мәселен, бағ­дарлама бойынша берілген не­сие­лердің 51 пайызы – алматы­лық­тар мен астаналықтар үлесінде.

Бағдарламамен пәтер алушы­лар назарына маңызды ақпарды ұсынсақ: ипотека алушының но­тариустық шығындары 10 мың теңгеден аспауы керек. «Бас­пана» ипотекалық ұйымы бұл мәселеге екпін түсіріп отырған себебі, былтыр тамыз айында бағдарлама бойынша несие алу­шы сатып алған жылжымайтын мүлкін сатып алу-сату шартын куәландыру үшін Алматы қала­сының жекеменшік нотариусына жүгінген. Нотариус жылжы­май­тын мүлікті иеліктен шығару туралы шартты куәландырғаны үшін 10 айлық есептік көрсет­кіштен (АЕК) және техникалық және құқықтық сипаттағы қо­сымша қызмет көрсеткені үшін 7 АЕК-тен құралатын 42 925 тең­­ге (17 АЕК) мөлшеріндегі со­маны өндіріп алған. Ал шын­дығында, Салық кодексі мен «Нотариат туралы» заңға сәйкес, ипотекалық тұрғын үй қарызы­ның қаражаты есебінен сатып алынатын жылжымайтын мүлік­ті сатып алу-сату шартын куә­ландыру қызметінің құны нота­риаттық іс-әрекеттерін жасағаны үшін мемлекеттік баждың құ­нынан (2 АЕК) және техникалық және құқықтық сипаттағы но­тариаттық іс-әрекеттері құнынан (2АЕК) құралады, яғни 4 АЕК болады. Клиент Қазақстан Рес­публикасының осы заңнамасын басшылыққа алып, нотариусқа өзінен заңсыз ұсталған соманы қайтаруды талап етеді. Нотариус клиент талабын орындамай, соманы қайтарудан бас тартқан соң, қарыз алушы сотқа жүгінген.

«Азаматтар бастапқы жар­наны көбейту арқылы ипотеканы мақұлдау мүмкіндігін арттыра алады. Сонымен бірге, банктер үшін кредит­тік тәуекелдер де тө­мен­дейді. «7 – 20 – 25» бағ­дарламасы уақыт талабына сай, қазақстандықтар қалауын ескере отырып жаңарып жатыр», – дейді «Баспана» ипотекалық ұйы­мының серіктес-банктермен жұмыс жөніндегі департамент директоры Қанат Әбдірайымов.

«Баспана» ипотекалық ұйы­мы қарыз алушының дәлелдерін қолдай отырып, сотқа «7 – 20 – 25» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу тәртібі мен талаптары туралы түсініктеме берді. Нәтижесінде, клиент азаматтық істі жеңіп, артық төлеген 32 825 теңге мөлшеріндегі соманы қайтарып алды. Тұрғын үйді ипотека есебінен сатып ал­ған жағдайда, қарыз алушылар­дың шығындары биыл 4 АЕК не­месе 10 100 теңге болуы тиіс», – дейді ипотекалық ұйым өкілдері.

Бағдарламаны жетілдіру демекші, тағы бір ұсыныс жа­салып отыр – осы жылдың нау­рызында Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму министр­лігі ««7 – 20 – 25» бағдарламасы аясында тұрғын үйді пайдалануға бергенге дейін ипотекалық несие беруді ұсынды. Аталған министр­ліктің Құрылыс және түрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Қаша­қовтың айтуынша, бағдарламаны ауқымды түрде жүзеге асыру үшін Ұлттық банкке «7 – 20 – 25» бағдарламасы қатысушыларын несиелеуді үлестік құрылыс кезеңінен қарастыру қажет.

Тағы бір жаңалық – бүгінгі таңда «7 – 20 – 25» бағдарламасы аясында заемды онлайн режимде алдын ала мақұлдау тетігі әзір­леніп жатыр. «Баспана» ипоте­калық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбековтің сөзіне қарағанда, жобада әлеуетті қарыз алушыға қашықтан ипо­текалық несие алу мүмкіндігін қарастыруға өтініш беріп, екінші деңгейлі банктердің мақұлдауын алуға жағдай туғызатын жүйе құру көзделген.

«Жүйе әлеуетті қарыз алу­шыларға банктерге бармай-ақ, қажетті анықтамаларды жина­мастан төлем қабілетін бағалауға, серіктес-банктердің мақұлдауын алуға және ең тиімді банк пен талаптарды таңдауға мүмкіндік береді. Жүйеде ипо­текалық қарыз алуға өтініштер беру ке­зінде талап етілетін бар­лық құ­жат пен анықтама, есеп бойынша электронды мұрағат құрылады да, қағаз құжаттар жинау мен сақтаудың қажеті болмайды», – дейді ол.

Елімізде жемісті жұмыс істеп келе жатқан баспанамен қамту жүйесінің бірі – «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ бан­кі». Аталған банк «7 – 20 – 25» бағ­дарламасына қатыса ма деген сауал аз қойылған жоқ. Жуырда бұл сауалға кезекті баспасөз мәс­лихатында банктің басқарма тө­ра­ғасы Ләззат Ибрагимова жауап берді. «Біз классикалық ипоте­ка­лық банк емеспіз, тұр­ғын үй құ­рылыс жинақтау­шы­мыз. Жү­йе­міз мынадай, ал­ғашқы жарна 20 пайыз болып, адам 50 пайы­зын жинаса да, тіпті несиесі болса да тұрғын үй зае­мы­ның төмендетілген став­ка­сына көшуі тиіс», – деген төраға Қазақ­стан­ның Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкінде «7 – 20 – 25» бағдарла­ма­сына ұқсас шарттар барын айт­ты. Ол шартқа сәйкес бас­тап­қы 20 пайыз жарна жи­наған аза­маттарға несие жылына 7 пайыз­дық мөлшерлемемен беріледі.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ