Туризм саласы ақсап тұр. Жыл басынан бері Қазақстанға келмек болып 7 310 шетелдік турист қана виза рәсімдеген. Сыртқы істер министрлігі осылай хабарлайды. Заңға сәйкес, ондай визаларды Қазақстанның шет елдердегі ресми мекемелері береді. Қазіргі уақытта әлемнің 67 елінде 90 консулдық жұмыс істеп тұр.
Ал Қазақстанның консулдық мекемелері жоқ елдердің азаматтарына визалар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы халықаралық әуежайда беріледі. 2019 жылдың басынан бері 4 656 шетел азаматы Қазақстанға туристік виза ресімдеген. Сонымен бірге, министрлік таратқан мәлімет бойынша, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап шетелдік туристерге визаны электрондық тәсілмен рәсімдеуге де мүмкіндік берілген. Әзірге 2 654 шетелдік пайдаланып, электронды форматта туристік виза рәсімдеген.
Әрине, ел-жер көргісі келетін халықтың саны аз болмаса керек. Бірақ осы саланы жетілдіру үшін түрлі бағдарлама жасалып жатса да, еш ілгері басу байқалмайды. Бізге өз қазақстандықтарымыз шетелге барып демалып қайтса жеткілікті.
Бізде туристерді «сауын сиыр» ретінде қабылдау қалыптасқан. Жақында алматылық таксист шетелден келген туристі әуежайдан қалаға дейін 33 мың теңгеге апарған. Бұл туралы қаладағы хостелдердің бірінің иесі Шәкір Исламбакиев әлеуметтік желіге жазды.
Былай дейді: «Таксистер 2 000 теңге деп келіседі де, келген соң әр шақырымы 2 000 теңге деп шығады екен. Шетелдіктер проблема тудырмас үшін төлейтін көрінеді. Егер таксистер бірден қымбат бағаны айтса, түсінер едім. Бұлай алдау – шектен шыққандық. Қонақ кетіп қалған. Бірақ жағымсыз әсермен кеткені рас».
Оның айтуынша, бұл бірінші жағдай емес.
«Төрт жыл бойы мен осы туралы айтып келемін. Бірнеше рет тексеру ұйымдастырылды. Бірақ баяғы жартас – сол жартас. Алматыда Универсиада болған кезде таксистерді әуежайдан қуып шықты емес пе? Бәрін жасауға болады тек оған ынта болса», – деді Шәкір. Алматы әуежайы аталған оқиғаға қатысты түсінік берді. «Әуежайға келген жеңіл көлік жүргізушілеріне кіруге тыйым салуға құқығымыз жоқ. Себебі, бұл – қоғамдық аймақ. Жүргізушілердің тұрақ төлемі болса болды, олар кіре береді. Ал кей таксистер жолаушылардың мазасын алса, жолаушылар арыздануға құқылы. Бірақ көпшілігі арыз жазбайды. Сосын мәселе құқықтық деңгейде көтерілмейді» делінген Алматы әуежайының ресми жауабында. Олардың айтуынша, әуежайда арнайы ресми такси қызметі жұмыс істейді.
Міне, біздің туристерге деген көзқарасымыз. EXPO өткен кезде де елордада жағдай болды. Қонақүй мен әуежай аралығына 40 мың теңге алған таксист артық алған ақшасын кейін қайтарып берген болатын. Дегенмен сол кезде бұл біраз әңгіме болды. Қазақстанға деген сенімге селкеу түсті.
Дегенмен алға жылжу бар: «2019 жылдың І тоқсанында елордаға 186 мың турист келді. Оның 30 пайызы – шетелдік турист. Өткен жылғы көрсеткіш 790 мың адамды құрады. Сонымен қатар Н.Назарбаев халықаралық әуежайындағы жолаушылар ағымы 5,8 пайызға артып немесе 4,5 млн адамға көбейді. Халықаралық әуе рейстерінде қызмет көрсетілген шетелдік меймандардың саны 1,8 млн адамға жетті», – деді Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев. Оның айтуына қарағанда, биыл еліміздің бас қаласы ТМД елдері ішінде саяхат жасау үшін жиі таңдалатын үздік 5 қаланың қатарына енген. «2020 жылы елордаға жылына 1 млн турист тарту мақсаты қойылып отыр. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта қаланың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы әзірленіп жатыр. Оның ішінде туризм саласы жеке бағыт болып қарастырылған. Сол сияқты ребрендинг, яғни қала атауының өзгеруі де өз әсерін тигізеді деген ойдамыз. Және елордаға келетін туристерді 1-2 күннен 3-4 немесе одан да көп күнге қалуы жолындағы нақты шаралар қолға алынады. Бүгінгі күні Нұр-Сұлтанға келетін турист қалада орташа есеппен 1,5 күнге тоқталады», – дейді ол.
Міне, бұл – елордадағы қазіргі жағдай, жаман емес сияқты. Бірақ туриске «сауын сиыр» ретінде қарамай, еліміздің қай қаласында болмасын жақсылап күтіп алғанымыз дұрыс-ау.