Аға-дос
Аға-дос
514
оқылды

Қазақстан Журналистер академиясының президентi, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Қозыбаев 75 жасқа толды. Баяғының 75-ке келген шалдары қандай, бүгінгі Сәкең қандай? Жүрісі де, тұрысы да жас жігіттерден еш қалыс­пай­ды. Бәрінен де Сағымбай Қабашұлының ойы сергек. Қолынан қаламы түспейді. Төгілте жазады.

Сағымбай Қабашұлы – әлем­дік журналистика тарихы мен ұлттық БАҚ-ты ішегінің қырын­ды­сына дейін түгел зерттеген ғұлама ғалым, көрнекті публи­цист. Мыңнан аса публицис­ти­калық очерктер мен ғылыми ма­қа­лалардың авторы. Тарих ғы­лым­дарының докторы. Док­тор­лығын журналистиканың бас­пасөз тарихы, телевизия және радио салалары бойынша Мәс­кеу­дің төрінде қорғаған. Герма­ния, Сингапур елдерінде және АҚШ-тың 9 штатында дәріс оқыған профессор. 7 ғылым док­торы, 26 ғылым кандидатының ғылыми жетекшісі. Қазақстан Журналистер одағының 6 рет лауреаты атанған адам. Қазақстан журналистері энциклопедиясын ерінбей, жалықпай түзген ғалым. Қазақстанның саяси ғылымдар академиясының академигі. Еура­зия Халықаралық эконо­ми­калық академиясының академигі. Қа­зақ­стан Журналистер акаде­мия­сының президенті.

Қостанай өңiрi Қозыбай әулетi туралы мақтанышпен сөз етеді. Сәкеңнің әкесі Қабаш Қозыбаев­тың ел арасындағы беделi зор, көзi ашық, көкiрегi ояу азамат болған екен. Сұрапыл соғыс жыл­дары шаруашылық басқар­ған. Қолындағы бар малын сатып, танк колоннасын құруға жұмсаған азамат. Осы әулеттен шыққан Оразалы Қозыбаев Еңбек Ерi атан­ған. Бір әулеттен Манаш Қозыбаев, Сағымбай Қозыбаев деген екі бірдей акаде­мик шықты. Мұның өзі – қазақ­тың «Тектіден текті туады» деген мәтеліне жар­қын мысал.

Қабаш Қозыбаев, тәуелсіз Қазақстан тарихының негізін жаңа көзқараспен салып берген академик Манаш Қозыбаев, қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Оразалы Қозыбаев, тарих ғылымдарының докторы, Сағымбай Қозыбаев... Бір әулет­тің бір-бір бәйтерегі. Сағымбай Қабашұлы   «Звезды в небе» кіта­бында әкесі Қабаш Қозыбаев туралы әр жылдардағы жарық көрген материалдарды топтас­ты­рып, оқырманға ұсынған. Қабаш ақсақал 1898 жылы туып, 1973 жылы дүние салған. Меңдіқара ауданының Жаңатұрмыс ауылын­да, Қарасу ауданында, Ұзынкөл ауданының бірлік колхозында 20 жыл бойы ауылшаруашылық саласында басшы болған. Соғыс өрті лаулаған 1943 жылдың басында 190 мың сом қаржының басын құрап, көрші «Красный повстанец» колхозының төрағасы Иван Верещенко, ол осынша ақша жинайды, екеуі Чкалов қаласына барып, үш әскери ұшақ сатып алады. Оның бірінің қана­тына қызылмен «Қабаш Қозы­баев», екіншісінің қанатына «Иван Верещенко», ал үшін­ші­сінің қанатына екеуінің атын қатар жазады. Бұл патриоттық бас­таманы жоғары бағалаған жо­ғар­ғы қолбасшы И.Сталин Қабаш Қозыбаев атына жеделхат жібе­ріп, ризашылығын білдірген. Бұл жеделхат кезінде Кеңес Одағының бас газеті «Правдада» жариялан­ған екен.

«Әкем осы қаржыны жина­ғанда үйдегі малды, ине-жіпке, балаларының киіміне дейін сатыпты. Анама: «Аштықта да өлген жоқпыз, біз елдеміз» деген екен. Сонда үй толы жан болатын, інісі Оразалы – майданда. Әкеміз аштықты, колхоздастыруды, репрессияны, соғыс қиындық­тарын басынан кешті. Ол колхоз басқарса да кедей тұрдық. Соғыс кезінде ауылдастарына «қара қағаз» тасып, жаны жүдепті. Кейін: «Қарақыз деген кемпірдің майданға кеткен төрт баласына «қара қағаз» келгенде, соңғысын үміті үзілмей жүрсін деп апарып бермедім» дегенін өзім де талай естіп едім, – деген Сәулеш Қозы­баеваның естелігінен Сағым­бай ағамыздың балалық шағы қандай қиындықпен өткенін аңғаруға болады.

Сағымбай Қабашұлы журна­лис­тика факультетінде 1974 жыл­дан бері тынымсыз еңбек етіп келеді. Бұл саланың қиындығы да, қызығы да көз алдында. Бір за­манда Сәкен Сейфуллин, Сә­бит Мұқанов, Санжар Аспан­дия­ров секілді айтулы қазақ аза­мат­тары сабақ берген факуль­тет­тің ірге бекуіне Қайыржан Бекхожин, Тауман Амандосов, Темірбек Қожаекеев, Марат Барманқұлов, Намазалы Омашев секілді азамат­тар аянбай еңбек етті. Сондықтан, бұл факультет тарихын тереңде жатқан дәстүрлі журналистика мектебі деуге болады.

Сағымбай Қозыбаев – Қазақ­стан журналистика академиясы­ның президенті. Осы академия­ның дүниеге келуіне, нәтижелі жұ­мыс істеуіне Сәкеңнің ты­ным­­сыз әрекеті түрткі болды. «Елде қазір әртүрлі газеттер, ме­диа корпорациялар, прессклуб­тар бар. Әрқайсы өзінше қыз­мет атқарады. Солардың бәрінің басын қосатын, ақылдасатын ортақ жерлері болсын, бір-бірі­мен тәжірибе алмассын, бір-бірі­не ақыл қоссын деп осы акаде­мия­ны 2001 жылы құрдым. Ака­де­мия жыл сайын журна­лис­тикада жарқырап көрініп жүрген, осы салаға елеулі еңбегі сіңген ұжым­дарға, бағдарламаларға ар­нап «Алтын жұлдыз» атты ар­найы жүлде тағайындайды. Айтулы азаматтарға арналған «Алтын самұрық» атты арнайы номина­ция­сы да бар. Қазақстан журна­лис­тика академиясы мәрте­белі ұйымға айналды. Со­ның басы-қасында жүрген акаде­мияның президенті Сағым­бай Қозыбаев әркез өзінің тың бастамаларымен елдің алдында жүреді.

«Академияны ашу туралы ойды ұсынған белгiлi журналист әрi актер Әлiшер Сүлейменов болатын. Оның тұсаукесер рәсiмi 2001 жылы өттi. Бұл ұйымның бүгiн­гi таңда беделдi де белдi мүше­лері бар. Яғни, бұл мүше­лер­дiң бәрi – осы академияның ака­де­миктерi. Олардың барлығы – егемен елiмiздiң бұқаралық ақпарат құралдарында жемiстi еңбек етiп, сол саланың құлағын ұстап отырған кәсiби мамандар. Бұл академияны ашудағы дiттеген мақсатымыз –əәлемдiк деңгейдегi ақпарат кеңiстiгiне тәуелсiз мем­ле­кет ретiнде жол салу. Респуб­ликалық БАҚ ұсынған жоба­ларға қолдау көрсетiп, отан­дық журна­листиканы дамы­туға ықпал ету. Журналист мамандардың беделiн көтерiп, олардың еңбегiн лайық­ты бағалау», – дейді Сағымбай Қабашұлы.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор, Қазақ­стан Журналистика академия­сы­ның президенті Сағымбай Қозы­баев­тың өзіндік қолтаңбасы қа­лып­тасқан журналистика май­талманы екенін елдің бәрі мо­йын­­дайды. Сәкеңнің жана­лық­қа жаны құмар. Орыста «Играющий тренер» деген бір сөз бар. Қалам­герлігі – соның дәлелі. Ізденімпаз. Сергек және елгезек. Сағымбай Қозыбаев қазақ радиосында бас редактордың орынбасары, кейі­ні­р­ек Бүкілодақтық радио­ның Қазақстандағы тілшісі болып жұмыс істеген жылдарында асқан жанқиярлықпен жұмыс істеді. Журналистік сапармен ел-елді, жер-жерді аралады. Көрген-түйгендерін дереу мөл­ді­рете жазып тастайды. Сәкең ғалым ретінде журна­лис­тика тарихын зерттеуде, зерделеуде аянбай қызмет жасады. Ұлттық баспасөзіміздің тарихын түген­де­ді. Сағымбай Қабашұлының іргелі зерттеулерінің нәти­же­сін­де республикалық   «Корё ильбо» газеті өзінің шыға бастау жылнамасын 1937 жылдан емес, 1923 жылдан бастайтын болды. «Экспресс К» газеті де өз шежі­ре­сіне өзгерістер енгізді.

Профессордың зерделеуіне қарайтын болсақ, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары Тәуелсіздік жылдарынан бері үш кезеңнен өткенін көруге бола­ды. Алғашқысы – 1991-1994 жылдардағы кезең. Бұл кезде еліміздегі барлық салалар сияқты БАҚ-та аса үлкен дағда­рыс­ты бастан өткерді. Одан кейін нарықтық жүйеге бейім­делу кезеңі болды. Қазіргі таңда қазақстандық БАҚ либералды кезеңге жетті. Тәуелсіздік алған жылы Қазақстанда тіркелген БАҚ-тың саны 600-дің шама­сын­­да болса, түрлі дағдарыс жағ­дайына қарамастан елімізде бірқатар ірі медиахолдингтер, медиаконцерндер құрылды. Сонымен қатар журналистерге қатысты ұйымдар да көбейді. Журналистер одағы, Журна­лис­тер академиясы, Журналистер конгресі, Медианет, Интерньюс, «Әділ сөз», «Медиа-Альянс» сияқ­ты ұйымдар баршылық. Еуразиялық медиафорум да – қазақстандық БАҚ-тың беде­лі­не оңтайлы әсер етіп жатқан жоба.

Кездесе қалғанда Сағымбай Қабашұлынан Қазақстан жур­на­­листикасының даму барысы туралы сұрап қоямыз. «Қазақ­стан – бiр мүшелге толған бала сияқты. Буыны бекiмеген бала­ға ауыр жүктi арқалата алмай­сың. Сол сияқты бiздiң журна­лис­ти­ка­ны дамыған елдердiң журна­лис­тикасымен салыс­ты­ру­­ға болмайды. Бiрақ өсу, даму бар. Осыдан он жылғы жур­на­лис­тика мен қазiргi журналисти­каны салыстыра аласыз ба? Бiз әлде­қайда iлгерi­леп кеттiк. Ал қазiргi ахуалы­мыз­ды ТМД мемлекет­терi­мен теңестiруге болады. Соңғы уақытта сол мемлекет­тер­дiң кейбiрiне шетелдiк қал­та­лы алпауыттар келiп, солар­дың БАҚ-тарына ауыз сала бастады. Олардың кебiнiн ертең бiз де киюiмiз əәбден мүмкiн. Сондық­тан бас-басымызға би болмай, тiзе қосуымыз керек. Қазiр әрбiр алпауыттың 5-6 бұқара­лық ақпарат құралы бар. Олар со­лардың ғана қамын жеп, күйiн күйттейдi. ƏӘртiлдi газет өз ауласының шөбiн тазалап, күйi­сiн қайырады. Бiр шаңы­рақтың астында ғұмыр кешiп жатқан соң, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып, ортақ пробле­ма­ларды шешуге ұмтылуы­мыз қажет», – деп аталы сөз айта­ды.


Керек-дерек

Сағымбай Қозыбаев Қабашұлы 1944 жылы 15 шілдеде Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Тарих ғылымының докторы, профессор. Қазақстан Саясаттану ғылымы академиясының академигі. Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетін бітірген. Қазақстан мемлекеттік теле-радио жүйесінде кіші редактор, бас редактордың орынбасары, Бүкілодақтық радионың Қазақстандағы меншікті тілшісі, ҚазМУ-да (қазіргі ҚазҰУ) аға оқытушы, доцент, деканның орынбасары, декан,  1981 жылдан кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2001 жылдан Қазақстан Журналистика академиясының президенті. «Партийное руководство средствами массовой информации: история, опыт, проблемы, перспективы» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. 350-ден астам ғылыми  жарияланымның, 19 монографияның авторы.


Сағымбай Қабашұлы бір өзі шырылдап, жүгіріп жүріп Қазақ­стан журналистикасының энцик­ло­педиясын шығарды. 531 беттен тұратын бұл көлемді ғылыми басы­лым құнды мұраға айналды. 2006 жылы жарық көрген «Қазақ­стан журналистикасы энциклопедия­сын» қазір журналистер даярлай­тын жоғары оқу орындары игілікке жаратып отыр. «Менің Ленсменам» (2001), «Жарық жұлдыздар. Отан­дық журналистика элитасы» (2006), сондай-ақ, «Масс-медиа. Словарь-справочник» (2007) деп аталатын кітаптар журналистер қауымы мен саясаттанушыларға, тарихшыларға аса кажетті көмекші кұралға айналғанын айтсақ та жеткілікті.

Бұл туралы кезінде марқұм Жұмабек Кенжалин ағамыз «Қажы­майтын Қозыбаев» деген мақа­ла жазып еді. Жұмекең Сағым­бай Қозыбаев еңбектерін сара­лай келіп, «әсіресе, «Масс-медиа. Словарь-справочниктің» орны ерекше. Көлемі 720 беттен тұратын осынау энциклопедиялық басылымға үш мыңнан артық мақала енгізілген. Өзі басқаратын Қазақстан Журналистика акаде­мия­сының жұмыс ауқымында атқарылған елеулі іс боп танылатын осынау энциклопедиялық басы­лым масс-медиялық анықтама сөздік­термен қоса теориялық түсініктемелерді қамтып қана қоймай, Қазақстандағы БАҚ саласындағы заңнамалық актілер туралы да мағлұматтар береді. Бұл ретте «Масс-медиа. Словарь-справочниктің» еліміздегі журна­лис­тика мамандығы бойынша дәріс алып жүрген шәкірттер үшін негізгі оқу құралына айналды», – деп жазды.

Бұл күнде үрдіске енген Ха­лық­а­­ралық ғылыми конферен­ция дегенді тұңғыш ұйымдасты­ру­шылардың бірі де – Сағымбай Қозыбаев. Бұл туралы Марат Барманқұлов «1998, 1990, 1992 жылдары Сағымбай Қабашұлы үш бүкілодақтық және халықаралық ғылыми-практикалық конфере­н­ция өткізді. 1990 жылғы конферен­цияға КСРО-ның түкпір-түкпірі­нен 163 ғалым қатысты, мұндай алқалы жиынды абыроймен өткізу ердің ерінің ғана қолынан келеді ғой»» деген пікір білдірген екен.

«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген бар. Сағыбай Қабашұлы журна­листика факультетінде үзбей еңбек еткен қырық жылдан астам уақыт ішінде үлкен ғылыми мек­теп қалыптастырды. Бұл туралы белгілі журналист Құтты­бек Аймахан: «Әрине, оқытушы болу да, ғалым болу да адамнан екі түрлі қасиетті талап етеді. Атап айтқанда, оқытушының ең алды­мен студенттерді өзіне тарта білетін, оқыған дәрістерінің қыр-сырын жете меңгерген, сөзге шешен жан болуы қажет болса, осының бәрі Сағымбай Қозы­баев­тың бір басынан табылады. Әсіресе, бұл ұстаздың оқыған дәрістерін студенттердің қыбыр етпей тыңдайтыны аудиториямен байланыстың жоғары шеберлігін көрсетеді… Сондықтан болар, бірте-бірте С.Қозыбаевтың жолын қуушылар көбейіп, оның ғылыми мектебі қалыптасты», – деп жазады.

«Мен өзi мақтан сүйетiн адам емес едiм. Әрбiр адам еккен ағашының жемiсiн көргiсi келедi. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы осы қасиеттi бiлiм ордасы­нан мыңдаған шәкiрттер бiлiм нәрiмен сусындап шықты. Олар­дың барлығы ұлан-байтақ елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде еңбек етiп жүр. Қай бұқаралық ақпарат құралдарының есiгiн ашпаңыз, алдыңыздан күлiмдеп шəкiрттерiң шығады. Соларды көрiп, бiр марқайып қаласың. Еңбегiңнiң еш кетпегенiне шүкiршiлiк ете­сiң», – деген ұлағатты ұстаз сөзін­де қарапайымдылық қағидасы жатыр.

Сағымбай Қабашұлының қарапайым қалпы, ақкөңіл елге­зектігі ел-жұртты өзіне үйіріп, тартып тұрады. Қашан көр­сеңіз де ақжарқын. Іші-бауырыңа кіріп, хал-жағдайыңды біліп, өзін толғандырған мәселелерді ортаға салып жүреді.

Бұл күнде «Газетті кім оқиды? Оның орнын сайт басуы керек» деген пікір өрістеп тұр. Жұрттың газет оқудан қалып бара жатқаны профессордың жанына қатты батады. «Өкінішке қарай, халық қазір газет оқымайды. Студент­терге кітап оқыта алмаймыз. Емтихан алу барысында Сәбит Мұқановтың кім екенін білмейді, университетті бітірейін деп отырған балалар. Олар үшін өзің ұятқа қаласың. Мұның бәрі бір жағынан мұғалімге де байла­ныс­ты. Бізде мұғалімдер бар, екі сөздің басын құрап жаза алмай­тын. Бес жол кіріспе сөз жаза алмайды. Мұнда патриоттар ғана жүреді. Білім-білігі болмаса да, ұстаз болғысы келетін, қызметіне адал жандар ғана жүреді. Сон­дықтан, шынын айту керек, бұл мәселеде мұғалімдердің айлығы мәз емес. Қазіргі жағдайда жала­қы­лары киім түгілі айлық нанына да жетпейді. Журналистика – қазір медиа-бизнес. Әр газет өзіне ақша табу үшін әрекет етеді. Бұл өте дұрыс бағыт деп ойлай­мын. Бірақ, бұның бір жаман жағы бар. Тапсырыспен мақала жазу деген. Журналистика арқы­лы жаман адамды жақсы қылуға болады. Жақсы адамды тапсы­рыс­пен ит қылуға да болады. Мұны «сатылған журналистика, сатқын журналистика» дейді. Сондықтан, бұл мәселедегі көп салмақты журналистің өзінің ішкі тазалығына, позициясына, эти­ка­сына қалдырамыз. Яғни, бұл мәселеде бәрі журналистің адам­гершілігіне байланысты», – деген Сағымбай Қабашұлының сөзінде уақыт шындығы жатыр.

Бірақ осындай беймаза мәсе­лелердің дендеуіне қарамас­тан Сағымбай Қозыбаев қазақ журна­лис­тикасының болашағы зор екендігіне сенімді. «Меніңше, келешекте қазақстандық БАҚ өзінің төртінші билік функциясын толық атқаратын болады. Сапа­сыз әрі ұсақ газеттердің жойылып кету есебінен сапалы газеттердің таралымы өседі. Бұл олардың сапа­сының одан ары артуына се­беп болады. Қазақтілді теле­ар­на­лар міндетті түрде өзінің көрер­мен­дерін табады. Цифрлық жүйе­ге жаңадан бейімделіп жатқан қазақтар алдағы жиырма жылда өз арналарын табады», – дейді күлімдеп.

Сағымбай Қабашұлы – адам ретінде өте қарапайым, жүрегі нәзік, жаны сезімтал, өне бойы ізгілік пен инабатқа иірімделген асқан зиялы азамат. Ол кісінің алдын көрген, тәлімін алған, әріптес болған, сыйласқан, сыр­лас­қ­ан, араласқан, құралас­қан кез келген адам осы сөздің астына өзінің қолын қоюға даяр екеніне өз басым сенімдімін.

Журналистика – ғылым. Былай­ғы жұртқа бұл ғылымның қызығы да, шыжығы да қызықсыз. Сағымбай аға – осы саланың майын ішкен маман. Ол журна­лис­тикаға тек қана ғылым деп қара­майды, ол бұл салаға сөз өнері деп қарайды. Ал «өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ сөздің қандай құдіретті екенін жақсы біледі. Жақсы сөз жұртты емдейді. Демейді. Жебейді. Қоғамның дерті сөзбен жазылады. Ұстаз қоғам­ды ірітетін, құртатын, қара­лай­тын сөзді емес, жылытатын, жұбататын, тербететін сөздің өміршең екенін ісімен де, сөзімен де дәлелдеп келе жатыр. «Адам­зат­тың бәрін сүй, бауырым деп» деген ұлы Абай қағидасын бұл­жыт­пай орындап келе жатқан азамат.

Журналист – бәрін жүректен өткізіп, жүрекке жеткізетін ма­ман. Жанашыр сөз айту, жанын салып жазу, жан жүрегімен ой бөлісу – нағыз журналиске тән қасиет. Ұстаз осы қасиеттерді алды­на келген алуан шәкірттің бәріне ұқтыруға ұмтылды. Өзі де осы жағынан қаншама адамға үлгі көрсетіп келеді.

Адам баласы өзін қанша ұлы санаса да, ұлы Жаратушының алдында тозаңның түйіршігі секілді. Бірақ бұл түйіршіктің де талай дүниеге шамасы келеді. Туған жер, туған ел, туған түтін, туыс-туғандар мен туысы бөлек қаншама адамзат жаратылыс заңдылықтарын айналып өте алмайды. Өмірге келдің екен: ізгі­лік­тің дәнін себуге, игіліктің ке­нін игеруге талпын! Өз еліңді, өз жеріңді, өз Отаныңды сүй; адам­ның баласы болма, адамзат­тың баласы бол! Қолыңа қалам алдың екен: орға жүгірме, арға жүгін; қаралауға емес, даралауға ұмтыл; бар­дың бағасын біл, жоқтың жо­лын қума; ғақлия сөздерді тың­да, шеберлігіңді шыңда! Біз­дің ұстазымыз Сағыбай Қозыбаевтың өнегелі өсиеті осындай.

Журналистер қауымына ақыл мен нақыл айту қиын. Адам болғасын – жаратылыс та әртүрлі. Біреу ұғады, біреу ұқпайды. Біреу тыңдайды, біреу тыңдамайды. Ұстаздың міндеті – шәкіртке жол сілтеу, жөн сілтеу. Сағымбай аға осы мәртебелі міндетті абырой­мен атқарып келе жатыр. Ол жур­на­листиканың жолына түскен­дерге әрдайым байқампаз болу­дың керектігін айтады. Жағымпаз журналистикадан жирендіріп, жасампаз журналистиканың жалауын желбіретуге үндейді. Мына дүние қаншама құпия сырға толы, өмірдің ыстығы да, суығы да жетерлік. Күн суытпай-ақ жаны тоңып жүргендер толып жатыр. Ұстаз сондай жандардың жанын жылытар сөз жазыңдар дейді. Бағдар болса, бап табылады. Шын шеберлік шынайы еңбекпен келеді. Әркім өзінше, өз білгенін­ше жазады. Айналып келгенде бәрі де Адам тағдырына тіреледі. Әлемді, адамды, айналаңды аялай біл деген тұжырымды тілегін айту­дан да, жазудан да жалық­пайды.

Аға дос 70-ке толғанда «Көп жазбайық, дөп жазайық деп едік. Сол ұйғарымның үдесінен шыға­йық. Баяғының таяқ ұстаған шал­дары сияқты емес. Жас жігіт­тей. Жарқ еткен, жайнаң қаққан қалыпта. Жауапты. Жинақы. Тиянақты. Табанды. Тегеурінді. Зиялы. Зерделі. Өнегелі. Өрісті.

Ұстаздың жүрегі жас. Ал жас жүрек ешқашан қартаймайды!» – деп жазғанмын. Сол сөзім – сөз!