Құлаған мүсін: өткен тарихқа жаңа көзқарас
Құлаған мүсін: өткен тарихқа жаңа көзқарас
333
оқылды
Билік ауысса, заман өзгерсе, қаһармандарға деген көзқарас та, баға да құбылып шығатыны белгілі. Оны сан елдің тәжірибесі көрсетіп жатыр. Украинада Ленин мен Жуковтың, АҚШ-та қол бастаған конфедераттардың ескерткіштері құлатылды. Жылдар бойы көсем болған кісілердің мүсіндері тас-талқан болды. Дегенмен Ежи Лец ескерткендей, олардың орнына жаңа тұлғалардың сұлбасы орныға ма? 2005 жылы Украинада билік басына Виктор Ющенко келген соң украин халқының тарихына мемлекеттік көзқарас күрт өзгерді. Өзінің саналы ғұмырын Кеңес Одағына қарсы күреске арнаған Степан Бандера батырға айналды. Түрлі ескерткіш қойылып, кө­ше атауы берілді. 2010 жылы Президент жарлығымен ол Украина батыры атанды, алайда 3 айдан соң Донецк соты жарлықтың күшін жойды. Жаңа саяси бағыт жаңа ескерткіштерді соғумен шектелмеді, ескілерін құлатты. Нысанаға Кеңес Одағының символы Ленин түсті. Мәселен, 1991 жылы Украинада «күн кө­семінің» 5 500 ескерткіші болған. 2013 жылы олардың саны 2 178-ге дейін кеміген. Бұл саясат билікке П.Порошенконың келуімен жан­дана түсті. Сөйтіп, қазір олар­дың саны мыңға жақындаған. Көпшілігі ауылдарда, кәсіпорын аумақтарында және Киевке бағынбайтын территорияларда қалған. Дегенмен былтыр Харьковте маршал Жуковтың да мүсіні құлатылды. Мұны істеген ұлтшыл ұйымдардың мүшелері еді. Қазақстан да Ленин естелігінен арылу саясатын жүргізіп келеді. Алайда солтүстік, шығыс аудан­дарда әлі де келмеске кеткен кеңес кезеңін көксеп, «күн көсеміне» күн тигізбей, көкірегімен қор­ғауға даяр кісілер кездеседі. Ал оңтүстік өңірлер пролетариат жетекшілерінен құтылғалы қашан. Соңғы большевиктің бірі болып Алматы облысындағы Тұздыбастау ауылында Михаил Калинин мүсіні жерге құлады. Бұған дейін Жетісу жерінде «бүкілодақтық староста» қалай аман қалғаны түсініксіз. Мирзоян мүсіні де Ақтөбе жерінде көпке дейін тұрыпты, тек 2018 жылы ғана жылы жайын босатты. Ескерткішпен нағыз күрес қазір АҚШ-та жүріп жатыр. 25 мамыр күні полицейдің аяғымен күретамырын ұзақ басуынан көз жұмған Джордж Флойдтың өлімі бұл елде үлкен қақтығысқа әкелгені белгілі. Кезекті қара нәсілді азаматтың полицей қо­лынан қайтыс болуы көптің ашуын туғызды. Ызасын қару еткен жұрт Black Lives Matter қозғалысының аясында көшеге шықты. Расизмге қарсы ереуіл соңы жаппай тәр­тіпсіздікке, полицейлермен қақтығысқа, дүкендерді тонауға  ұласты. Федералды билік ұлттық гвардия жауынгерлерін көшеге шығаруға мәжбүр болды. Митингті тоқтату әдісіне орай штат губер­наторлары мен ел президенті Д.Трамптың көзқарастары қарсы болды. Трамп қатаң жолды таңдаса, губернаторлардың басым көпшілігі оны құп көрмеді. Тіпті, АҚШ астанасы Вашингтон қаласында бір көшеге ірі әріптермен қозғалыстың ұраны Black Lives Matter сөздері жазылды. Алайда ереуілшіл топ ұранмен шектелмеді. Олар кезінде 1861-1865 жылдары азамат соғысында қара нәсілділердің құлдығын сақ­тап қалу үшін күрескен оңтүс­тіктегі конфедераттардың қол­басшыларына қойылған ескерт­кіштерді құлатуға кірісті. Кейін расизмге қатысы бар деген тарихи тұлғалардың тас мүсіндерін тұғырынан түсіруге тырысты. Мәселен, Сан-Францискода АҚШ-тың 18-ші президенті Улисс Грант, ел әнұранының авторы Фрэнсис Скотт Ки және миссионер Хуниперо Серраның ескерткіштері құлатылды. Бәрінің өз себебі бар екен. Гранттың құлдық жайлы көзқарастары екіұдай болған, Скотт Ки құл ұстаған, ал Серра жергілікті халықты дінін қинап қабылдатқан. Вирджиния, Массачусетс, Миннесота, Нью-Джерси штат­тарында Христофор Колумбтың да ескерткіші тұғырынан тайды. Материкті ашқан теңізшінің айыбы неде? Пикетшілердің пікірінше, Колумб геноцидтің символы, колонизация кезінде сан­сыз үндіс көз жұмған. Кон­грестегі өкілдер палатасының тө­ра­ғасы Ненси Пелоси ел пар­ламен­тінің ғимаратында тұрған 11 конфедераттың мүсінін алып тастауды ұсынды. Себебі олар мен қазіргі демократиялық партияның құндылықтары сәйкес келмейді. 2016 жылғы санақ бойынша АҚШ-та конфедерация қол­бас­шы­ларының құрметіне 31 штатта 1,5 мың тарихи ескерткіш орнатылып, түрлі естелік атаулар берілген екен. Оның 300-і Джорджия, Вирд­жиния және Солтүстік Каролина штаттарында жайғасқан. Мәселен, 80 қала мен елді мекен, 10 әс­кери база құлдықты қалаған ге­нерал­дардың есімімен аталған. Оған қоса, бүгінге дейін 6 штатта конфедерация тарихына қатысы бар мерекелер аталып өтіледі. Яғни, кейбір штаттардағы тарихи қалыптасқан жағдай мен қазіргі жаңа наразылық тренді өзара кереғар. Жағдай күрделі. Қара нәсілділердің бас кө­теруінен соң барлығы болмаса да, біраз атау өзгеруі мүмкін. Қазірдің өзінде кейбір өзгерістер басталды. Миссисипи штатының жергілікті заң шығару органының мүшелері штат туын өзгерту туралы шешім қабылдады. Себебі онда конфедерация символы болған. Оны алып тастады. Ескерткішке шабуыл жасау толқыны Еуропаға да жетті. Мәселен, Лондонда қара нәсілділердің құқығын даулағандар Уинстон Черчиль ескерткішіне расист деп жазып кетті. Шындығында солай ма? Иә. Әрине, ол заманда расизм мәселе ретінде талқыланбады. Бірақ бүгінгі күннің көзқарасымен бағаласақ, Черчиль бір нәсілдің екіншісінен жоғары тұратынына сенген. Мәселен, 1937 жылы ол: «Мен Американың үндістеріне не Австралияның жергілікті халқына үлкен шығын келді дегенді мойындамаймын. Басқа, үздік, қуаттырақ, парасаттырақ нәсіл келіп, олардың орнын басу арқылы оларға шығын келтірді дегенді мойындамаймын» деген. Оған қоса, Черчиль ауған және күрд халықтарын газбен улап өлтіруді қолдаған. Мұсылмандарды өркениеттен тыс қалғандар деп есептеген. Бенглаияда 1943 жылы 3 млн адам көз жұмған аштықта оларды құтқаруға аса талпынбаған. Сондай-ақ Бельгияда Black Lives Matter қозғалысын қолдаушылар Антверпен қаласында 1865-1909 жылдары ел басқарған Леопольд ІІ-нің ескерткішін бояумен бүлдірді. Кейін қала басшылығы ескерткішті орнынан алып тастау туралы шешім қабылдады. Король Леопольд ІІ Конгоны колонияға айналдырып, 10 млн адамды қырып салғаны белгілі. Бағынбаған, ісіне салғырт қараған  африкалықтардың алақанын шабу жазасын кең қолданған. Расизмге қарсы күресушілер Еуропаның әр елінде табылып жатыр және олар құлауы тиіс ескерткіштердің тізімін анықтауда. Тарих сахнасынан кетуі қажет  тұлғалар кезінде колониялық саясатты жүргізуге, құл саудасымен айналысуға, расистік заң қа­былдауға тікелей қатысы бар жандар. Осылайша, кезінде елінің қаһарманы, белді тұлғасы болған азаматтарға арада ғасыр салып, көзқарас өзгерді. Енді оларды тарихтың күл-қоқыс жәшігіне ысырып тастап жатыр.  

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА