Рекордтық шығын – реформаға түрткі
Рекордтық шығын – реформаға түрткі
411
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «қорқынышты түс» шын болып шықты. Ауылдың ырысы мен игілігін арттырады деген үмітпен 2006 жылдың желтоқсанында құрылған «ҚазАгро» холдингі тәуелсіз еліміз тарихындағы рекордтық шығынға – 400 миллиард теңгенің талан-тараж болуына жол берген. «ҚазАгроның» жаңа басшылығы адам айтса нанғысыз алапат шығынның қалай қалыптасқанын және дағдарыстан шығу жолдарын айтып берді.

Үкіметтің жуырда, 15 шілдеде өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы квазимемлекеттік сектордың ірі нысандары қызметінің тиімділігін мұқият бағамдайтын уақыт келгенін мәлімдеді. Оның байламынша, әрбір ұлттық холдинг немесе ұлттық ком­пания Қазақстанға, азаматтарға тек пайда әкелуі шарт.

– Ал квазимемлекеттік құрылым­дар­дың және ұлттық компаниялардың шығындары қорқынышты түстей ұмы­тылуға тиіс. Даму институттары игілік әкелу үшін құрылғанын әрдайым есте ұстау қажет. Олар экономиканы, ин­фрақұрылымды және индустрияны өркендетуге, бір сөзбен айтқанда, ха­лық­қа қызмет етуге міндетті! Құрылым­дарын жан-жақты кеңейту, төл табысын арттыру мемлекеттік холдингтердің басты мұратына айналып кетпеуі керек. Олардың елеулі бөлігі – монополистер. Сондықтан олардың төл табысының ұлғаюы – бизнес пен азаматтардың шығыстарының өсуін білдіреді, – деді Қ.Тоқаев.

Ел Президенті «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингіне қатысты түбе­гейлі шаралар қабылданатынын жет­кізді және «ҚазАгро» басшылығының нәтижесін «осындай құрылымды олақ, сауатсыз басқарудың көрсеткіші» деп бағалады.

Мемлекет басшысының мәліме­тін­ше, аталған холдинг қаржылан­дырған 672 жобаның 270-і немесе 40%-ы – тоқ­тап тұр! Яғни, ел қаржысы құмға сіңген, желге ұшқан, миллиардтар зая кеткен.

Осыған орай, бұл компания батыл әрі жедел реформаларды бастан кешіретін болады. Бұл ретте тіпті хол­дингті басқаруға шетелдік мамандарды тарту мәселесі де қарастырылмақ.  

Үкімет 2 ай мерзім ішінде «Қаз­Агроға» қатысты нақты ұсыныстар ен­гізеді, ал ел басшылығы жағдайды түпкілікті түзеуге бағытталған тиісті шешімдер қабылдайды.

Айта кетсек, KPMG халықаралық аудиторлық компаниясы жақында ғана «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ының қызметі мен қаржылық ахуалына кешенді тәуелсіз бағалауды аяқтады. Оны әзір­леуге холдингтің жаңа тағайындалған басқармасы атса­лыс­қан. Бағалау нәти­желері хол­дингтің жалғыз акционері – Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің қарауына шығарылады.

– Батыл түрде реформалау ке­­регіне екпін түсірген Мемлекет басшысының «ҚазАгроға» қа­тысты айтқан сынын әділетті деп санаймыз. Ernst & Young ауди­тор­лық компаниясы растаған хол­динг­тің қордаланған шығыны 2019 жылдың басында 399,1 мил­лиард теңгені құрады! Бұл со­маның жартысы – девальвациядан келген шығындар, екінші жар­тысы – банкрот болған банктер келтірген шығындар. Осының бәрі «ҚазАгро» менеджментінің 2013-2018 жылдары қабылдаған шешімдерінің салдары саналады. Мәселен, тек 2018 жылы ғана бас холдинг 148,3 миллиард теңге шы­ғын келтірген, – деді «Қаз­Агро» ҰБХ басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев.

Оның пікірінше, «ҚазАгро­ның» қаржылық жағдайының ай­тарлықтай нашарлауына отан­дық қаржылық нарықтағы 2013-2017 жылдардағы күйзелістер, теңгенің девальвациялануы, со­нымен қатар еліміздің аграрлық-өнеркәсіптік кешенін несиелен­діретін бірқатар банктердің дәр­менсіздікке ұшырауы ықпал еткен.

Ербол Шырақбайұлы хол­динг­тің бұрынғы басшылығы «осындай теріс оқиғаларға дайын болмай шыққанын» айтады. Өйт­кені шетелдік нарықтардан дол­лар мен еврода көп көлемде қарыз алып қойған. Теңге құнсыз­дан­ғаннан кейін оның борышы өсіп шыға келіпті.


Атап өтер жайт, барлық шы­ғынды бас холдинг тудырған кө­рінеді. Ал «ҚазАгроның» еншілес ұйымдары, соның ішінде үш ірі құрылымы – «Аграрлық несие корпорациясы», «Ауыл шаруа­шы­лығын қаржылай қолдау қо­ры» және «ҚазАгроҚаржы» та­быс­­ты компания болып қалуда және жыл сайын ауыл шаруа­шылығын қаржыландыру көлемін өрістетуде. Былтыр холдингтің еншілес компаниялары саланы 400 миллиард теңгеге қаржы­ландырған.

Бұл – «ҚазАгро» тарихындағы ең ірі сома. Мұның мәнісі де бар. Тек майшелпек өндірістерді ғана жағалайтын, бас пайдадан бас­қаны ойламайтын коммерциялық банктер жыл өткен сайын агроө­нер­кәсіптік кешенді несиелендіру көлемін азайтуда. Нақтылай кетсек, банктер 2011 жылдан бас­тап, 2018 жылдың қорытын­ды­сында ауыл шаруашылығына берген кредиті ауқымы 6 есеге – 448 миллиард теңгеден 76 мил­лиардқа дейін құлдыратқан.

АӨК саласының дағдарысқа душар болуына жол бермеу үшін холдинг қаржыландыру көлемін арттыруға мәжбүр болды. Осы­лайша, 2011 жылдан бері холдинг кредиттеуді 93 миллиардтан 
400 миллиард теңгеге дейін 4 есеге ұлғайтты.

Әрине, мұның бәрі – «Қаз­Агроның» тікелей міндеті. Ал бас холдингтің мемлекетті ірі шы­ғынға батыруы мәселесі қалай шешілмек?

– Жағдайды түзету бойынша міндет – күрделі және ол Үкімет пен холдинг менеджментінің үй­лесімді шешімдерін талап етеді. «ҚазАгроның» алдағы тағдыры туралы сөз еткенде, қазіргі кезде холдингтің еншілес компания­ларына 77 мыңнан астам қарыз алушы – ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, шаруа қожалық­тары, фермерлер қарап отырға­нын ескерген жөн. Олардың бәрі бүгінде «ҚазАгроның» қолжетімді кредиттерін пайдаланып отыр. Демек, алдағы уақытта қабылда­натын кез келген шешім бірінші кезекте, солардың жағдайын на­шарлатып жібермеуі шарт, – дейді Ербол Қарашөкеев.

Ол холдингтің «дағдарысқа қарсы бағдарламасын» жария етті. Реформалау аясында «Қаз­Агроның» жаңа топ-менеджменті шығындылық пен төмен тиімділік проблемасын шешу үшін 3 негізгі бағытқа күш-жігерін шоғыр­лан­дырмақ ниетте. Біріншіден, хол­дингтің қаржылық жағдайын тұ­рақ­тандыру бойынша шұғыл ша­­ралар әзірленіп, қолға алы­на­ды. Бұл бағытта холдинг 2019 жыл­ғы мамыр айында өзінің шетелдік валютадағы барлық қарызын то­лығымен жауыпты. Ендеше, ұлт­тық валютаның құнсыздануы үлкен шығын әкелмейтін болады. Бұған қоса, 15 жылға арналған дамудың қаржылық моделінің жобасы дайындалған, ол холдинг­тің ауыр ахуалдан бірте-бірте арылуын көздейді.

Екіншіден, «ҚазАгро» құры­лы­мы оңтайландырылады. Оның аясында еншілес компания­ла­рының біразын жойып, қазіргі 7 компания орнына үшеуін ғана қалдыру ұсынылуда. Оңтай­лан­дыру басшылардың санын, ба­сы артық буындарды, тиімсіз кә­сіпорындар мен бөлімшелерді қысқартуға мүмкіндік беретін көрінеді. Холдинг өз штатын 20%-ға кемітіп те үлгеріпті. Ары қарай кезең-кезеңмен тағы 25%-ға қысқарту қарастырылуда.

Үшінші бағыт барлық про­цесті автоматтандыруға бағдар­ланған. «ҚазАгроның» қарыз алу­шыларының 70%-ы – ауыл­дағы жұмысты, егін егіп, мал ба­ғуды жалғастыруға 4 миллион тең­геге дейін несие алатын фер­мерлер. Холдинг олардың кредит туралы өтінімін қарау уақытын 30 күннен 3 сағатқа дейін азайтуды мақсат етуде. Сондай-ақ ауылдық бизнесмендерді саналуан анық­тама жинап, қаптаған кеңселердің табалдырығын тоздыруға мәж­бүрлеу тәжірибесін де тоқтату қа­жет. Белгіленген мақсатты меже мынау: фермер «ҚазАгро» құ­рылымдарына тек жеке куәлі­гімен келіп, мемлекет ұсынып отыр­ған кредитті алуға 3-ақ саға­тын жұмсауы керек.