Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада Ұлттық банкке теңгенің айырбас курсына деген қоғамдық сенімді нығайтуды тапсырған. Ол үшін халықаралық деңгейде мойындалған ұйымдармен бірлесіп жаңа зерттеу жүргізуді ұсынды.
– Ұлттық банк өзі жүргізіп отырған валюталық бағам саясатына деген халық пен бизнестің сенімін арттырып, ашықтықты қамтамасыз етуі қажет. Еліміздің қаржы жүйесі, әсіресе, банк секторы ауқымды реформаға мұқтаж... Қаржы қауымдастығының өкілдері жеке амбицияларын шетке ысырып, халықаралық ұйымдар мен сарапшыларды тарту арқылы қай режим бізге қолайлы екенін анықтауы керек, – деді Президент Ұлттық банк төрағасына.
«Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстанның ұлттық валютаның еркін айналымынан бас тартуын меңзеген болуы мүмкін» деп жазды Халықаралық Reuter агенттігі. Ақпарат саласының алыбы осындай долбар жасаса, соңғы кездері тәуелсіз сарапшылар да қазіргі валюталық бағам саясатын сынға алып жүр. Мысалы, өткен жылы экономист Рахым Ошақбаев ұлттық валютамыздың еркін айналымға өткенін «сәтсіз тәжірибе» деген. Сарапшының айтуынша, импортқа тәуелді біз секілді ел үшін бұл жүйе тиімсіз. Жыл сайын халықтың нақты табысының төмендеуі де осы себептен көрінеді.
Бірақ олқылықтардың орнын толтырса, қазіргі жүйе әлдеқайда тиімді деушілер де жоқ емес. Мысалы, Мұхтар Тайжан бекітілген валюта курсы көлеңкелі нарықтың кең етек жаюына ықпал етіп, алтын-валюта қорына зардабын тигізеді деген ойда. Оның айтуынша, валюта бағамына қатысты мәселе әкімшілік әдістер, яғни Ұлттық банк немесе Үкімет шығарған қаулы арқылы шешіле салмайды. Ол үшін, шын мәнінде, жұмыс істейтін құрылымдық реформа қажет.
Егер инфляциялық таргеттеу дұрыс жүзеге асырылатын болса, онда бізде де ипотекалық қана емес, басқа да тұтынушылық немесе бизнеске берілетін несиенің болсын, пайыздық мөлшерлемесі төмендейтін еді. Бұл халық үшін өте қолайлы.
Ресейдің Орталық банкінің 2017 жылғы «Деньги и кредит» атты журналында еліміздегі валюталық бағам саясатына қатысты ғылыми мақала жарияланған. Зерттеу қорытындысына сүйенсек, валюта еркін айналымда жүрсе, Қазақстандағы экономикалық процестер әртүрлі макроэкономикалық шоктарға икемді келеді екен.
Ал экономист Мақсат Халықтың айтуынша, қаржы реттеушінің қазіргі саясатының кемшін тұсы жоқ емес. Бірақ халыққа тиімді тұсын да жоққа шығаруға болмайды.
– Еркін айналымға 2015 жылдың тамыз айынан бастап өттік. Бұл анализ жасайтын уақыт, оған қарап қаншалықты тиімді болғанын анықтауға болады. Бір мәселе бар, еркін айналымға көшкендегі негізгі мақсат – инфляциялық таргеттеу саясатын жүзеге асыру. Бұл саясаттың әлеуметтік астары бар. Шынын айту керек, бүгінге дейін ол кәсіпкер азаматтарға тиімсіз болып келді. Неге десеңіз, олар инфляция төмен деңгейде болса, тауар мен қызмет ақысын өсіре алмайды. Сондықтан да олар ынталы емес. Өйткені табыс аз түседі. Бір жағынан жұмыссыздық та көбейіп кетуі мүмкін. Себебі, кәсіпкер жұмыс орындарын қысқарту арқылы табысын үнемдеуге тырысады, басқа амалы болмайды. Бұл инфляциялық таргеттеу саясатының кері әсер еткен тұсы деуге болады, – дейді ол.
Төмен деңгейлі инфляция неге керек?
Сарапшының айтуынша, мұндағы көздеген мақсат басқа, яғни 2020 жылдан ары қарай инфляция деңгейін 4 пайыздық дәрежеге жеткізу. Егер бұл режимді доғарып, басқа режимге көшіп кетсек, онда Ұлттық банк тағы да, халықтың алдында бос уәде берген болып қалады.
Бізге төмен дәрежедегі инфляция неге қажет? Өзіңіз білетіндей, ел арасында батыстағы аз пайызбен берілетін, мысалы 3-4 пайыз ипотекалық несие туралы жиі айтылады. Неге бізде ол 10 пайыздың үстінде, тек арнаулы мемлекеттік бағдарламалар арқылы ғана 7 пайызға беріледі? Егер инфляциялық таргеттеу дұрыс жүзеге асырылатын болса, онда бізде де ипотекалық қана емес, басқа да тұтынушылық немесе бизнеске берілетін несиенің болсын, пайыздық мөлшерлемесі төмендейтін еді. Бұл халық үшін өте қолайлы. Қазір валюталық бағам режимі түбегейлі ауысатын болса, осындай мүмкіндіктерден бас тартқандай, қайтадан бастапқы нүктеге оралғандай боламыз. Алда бір жыл ғана уақыт қалды. Ұлттық банктің миссиясына мүмкіндік беру керек сияқты. Егер сол мақсатқа жетпесе, онда талапты орындай алмадыңыздар деп, басқа бағытқа көшуге болады.
Сарапшы бұл мәселе әлі де көп талдауды қажет ететінін, оны арнаулы тұлғалар ғана емес, тәуелсіз сарапшылар, екінші деңгейлі банк өкілдері мен қаржыгерлер бірігіп арнаулы фокус топта талқылау қажет деп санайды.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл
– Валюталық бағам саясатын жүргізудің әлемде бекітілген жүйеден бөлек, тағы бір жолы бар ол – аралас жүйе. Ақышев төраға болып тұрған кездің өзінде инфляциялық таргеттеуге үлкен күш салынды. Бірақ Үкімет одан шет қалып жатты. Қазір Ұлттық банктің төрағалығына үкіметтің адамы келгені де содан болуы керек. Инфляцияны ауыздықтау мәселесі кешенді жұмысты талап етеді. Бір ғана Ұлттық банкке жүктеп қарап отыруға болмайды. Әрине, экономикаға ақша массасын азайту, базалық мөлшерлемені бақылауда ұстау секілді қаржы реттеушінің құзырындағы дүниелер тікелей әсер етеді. Десек те, экономикалық өсім елдегі өндірісітің, жаңа жұмыс орындарының ашылуына тікелей тәуелді. Ал оған жауапты – Үкімет. Ол мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы арқылы ел экономикасын әртараптандыруға күш салады, – дейді экономист.
Ұлттық банк жақында қаржы сарапшыларымен кездесу өткізіп, базалық мөлшерлеменің 9 пайыздық деңгейде сақталғанын талқылаған. Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Виталий Тутушкин халықтың нақты ақшалай кірістерінің өсуі жалғасып отырған, ол ағымдағы жылғы қаңтар-мамырда 5,5%-ды құрағанын айтты.
– Сондай-ақ тұтынушылық кредиттеу кеңеюде. Осы жылғы мамырда банктердің тұтынушылық кредиттеу портфелі жылдық көрсеткіш бойынша 14,8%-ға ұлғайды. – Ағымдағы факторлар инфляция үшін қолайлы болып қалып отыр. Алайда орташа мерзімді кезеңде белгілі бір тәуекелдер бар, біз оларды тамыз-қыркүйекте болжамдық раунд жүргізу кезінде барынша жан-жақты бағалаймыз. Инфляцияның ағымдағы деңгейі біздің бұдан бұрынғы болжамдарымызға сәйкес қалыптастырылады. Маусымда инфляция – 0,2%, ал жылдық көрсеткіш бойынша 5,4% болды, бұл ағымдағы жылғы 4-6% нысаналы дәлізге сәйкес келеді, – деп хабарлады ол.
Енді Ұлттық банк пен Үкімет 1 қарашаға дейін теңгенің айырбас бағамының қалай құралатыны турасында терең талдау жасап ұсынуы қажет. Естеріңізге сала кетейік, соңғы кездегі құлдырай түскен мұнай бағасы мен әлсіз Ресей рублі ұлттық валютамыздың құбылуына себеп болып тұр. Мысалы, банкаралық нарықта теңгенің бағамы 1 АҚШ долларына шаққанда 384,96 теңгеге жетті. Бұл – 2016 жылдың қаңтарынан бергі ең төмен көрсеткіш.
Кәмила ДҮЙСЕН