Түркістанда да, Арыста да құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Қазақстан Президентінің тапсырмалары Түркістанды дамытуға тың серпін береді. Сондықтан қасиетті қаланы дамыту жұмыстары одан ары жандана түсетінін жеткізген облыс әкімі мемлекетіміздегі ең көп нысандар салынып жатқан Түркістан облысы бойынша 2537 пәтер пайдалануға берілгенін айтты. Мәселен бүгінде Түркістан қаласында 28 нысанның құрылысы жүріп жатыр және оның бірқатары жыл соңында пайдалануға берілмек. Бұл туралы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс қырық бірінші сессиясында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс қырық бірінші сессиясының жұмысына Қазақстан Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Серік Қожаниязов, облыс әкімдігінің мүшелері, басшылар, ардагерлер және зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Сессияда сөз алған Өмірзақ Шөкеев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары бойынша нақты жұмыстар қолға алынатынын айтты. Президент бақылауында тұрған Түркістан мен Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарына тоқталды.
40 депутат қатысқан облыстық мәслиxаттың сессиясында Өмірзақ Шөкеев алты айда атқарған жұмыстары жайлы мәлімдеді.
Жиында Өмірзақ Естайұлы өңірге инвесторларды көптеп тарту керектігін де атап өтті.
Сессия барысында белгілі болғаны, Түркістан облысында 2019 жылдың жарты жылдығына өнеркәсіп өнімінің көлемі 5,1 пайызға артқан. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 4,7 пайызға артты. Жалпы өңірлік өнім өсімі 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда +4,8 пайызды құрады. Оның айтуынша, өңірдегі шағын орта бизнес субъектілерінің саны 138 мыңға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 8,5%-ға өскен. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы қаласынан кейін 2-орында тұр. Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 133,7 млрд теңгені құрап, 39,6%-ға артты. Бұған Түркістан қаласының құрылысы әсер етіп отыр.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру барысында облыста 70,8 млрд теңгеге 207 жоба қарастырылған. Бүгінгі таңда 9,1 млрд теңгені құрайтын 6 жоба екінші деңгейлі банктермен мақұлданып, қаржыландырылуда. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы өңірлер арасында көш бастап тұр.
Жалпы өңірде құрылыс өте қарқынды. 52,2 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нақты көлем индексі 116 %-ды құрады. 6 айдың қорытындысымен 298,2 мың шаршы метр тұрғын үй (2537 пәтер) пайдалануға беріліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 47,4%-ға артты.
«Биыл әкімшілік-іскерлік орталықтағы 16 нысанның 7-еуі пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Олар: облыс әкімдігінің ғимараты, медиа орталық, «Нұр-Сұлтан» алаңы, қалалық саябақ, музыка мектебі, халыққа қызмет көрсету орталығы, олимпиадалық резервтегі спорт мектебі. Рухани-мәдени орталығында 11 нысанның 4-еуі, яғни, амфитеатр, әуенді субұрқақ, шығыс моншасы және неке сарайы жыл соңына дейін тапсырылады деген сенім бар», – деген өңір басшысы Арысты қалпына келтіру мәселесі де басты назарда екенін айтты.
Бүгінде Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары 17 секторға бөлініп, атқарылып жатыр. Әрбір секторға республикалық маңызы бар қала мен облыстарды бекітіп, оған қоса облыстың аудан, қала әкімдеріне жүктелген.
Арыста 7 мыңнан астам жеке, 104 көпқабатты тұрғын үйлерді, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды жөндеу қажет. Қайта салынатындары да бар.
Бүгінде 5 646 тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары басталып, оның 1100-ден астамы қалпына келтіріліп, 3 тұрғын үйдің құрылысы жаңадан жүргізіліп аяқталды. Қалпына келтіру жұмыстарына 200-ге жуық құрылыс компаниясы мен жұмысшылар тартылған.
Арыстық 4000 оқушыны және 2000-дай ардагерді демалыспен қамту, тұрғындарға 100 мың теңге өтемақы беруге құжат жинау жұмыстары да жоспарға сай атқарылып жатыр. Арысты қайта қалыпқа келтіру үшін Үкіметтен 14,9 млрд теңге бөлініп отыр. Осылайша жақын арада қала жанданған жаңа кейіпке енбек.
Өңір басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген 9 бағытқа негізделген тапсырмаларға жеке-жеке тоқталды. Сол тапсырмаларды сапалы орындау үшін бес орынбасары мен аппарат басшысын жауапты етіп бекітіп, әрқайсысына міндеттер жүктеді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кәсіпкерлікті дамыту, бизнеске қолайлы жағдай жасау, ел табысын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, елді баспанамен қамту, білім беру, медицина, өңірлерді өркендету және өзге де мәселелер жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Біз инвестиция көлемін биыл 20 пайызға арттыруымыз қажет. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында, жиһаз, тамақ, тоқыма салалары бойынша іске асырылатын жобаларды көбейтіп, жаңа жұмыс орындарын құруымыз керек. Кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытатын боламыз. Ауыл шаруашылығы жер телімдеріне аудит жүргізуді және жер кадастрының ақпараттық жүйесін цифрландыруды, бюджет қаржысын қадағалауды, мемлекеттік мекеме басшыларының жауапкершілігін күшейтуді тапсырамын. Жалпы, әрбір тапсырманың орындалуы бойынша қадамдық жол картасы әзірленіп, тапсырманың орындалу мерзімі, атқарушы органдар мен олардың жауапты мамандары бекітілетін болады. Бұл тапсырмалардың орындалуын тікелей бақылауда ұстаймын», – деді Ө.Шөкеев.
Сессияда кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Қайнар Абасов пен облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжехан Төлебаев Арыстағы жағдай тұрақтағанын айтып, өңір басшысының ұйымдастырушылық қабілеті мен жұмысына оң баға берді.
Түркістан облысы бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының директоры Дінмұхаммед Әбсаттаров кәсіпкерлікті қолдау мәселесін қозғаса, «Алтын алқа» иегері, білікті ұстаз Майра Исраилова Президентіміздің ұстаздар мәртебесін көтеру жөніндегі бастамаларына ризашылығын білдірді. Студенттік құрылыс жасағының белсендісі Ернар Құдайберген Түркістанды түлетуге жастар да дайын екенін жеткізді.
Сессияға қатысушылар облыс басшысының жұмысына оң баға беріп, Түркістанды түлету бағытындағы жұмыстардың талапқа сай атқарылатынына сенім білдірді.
Түркістан облысы