Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент жүзден астам этнос өкілдерін бауырына басқан еліміздегі ірі қалалардың қатарында. Шымкент қаласы өткен жылдың 19 маусымында республикалық маңызға ие мегаполис мәртебесін алғаны белгілі. Бүгінде облыстан бөлініп жеке шыққанына 1 жыл толған қалада барлық мекеме қайта құрылып, жұмысын жандандырып жатыр. Соның бірі – Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы осы уақыт аралығында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында мақсатты жұмыс атқарып келеді.
Ассамблеяда алдымен оның қызметін қамтамасыз ететін «Қоғамдық келісім» мекемесі құрылып, қала аумағында әрекет ететін 15 этномәдени бірлестік қайта тіркеуден өтті. Осылайша, қалалық ассамблея жанындағы қоғамдық келісім, аналар және медиация кеңесі, ғылыми-сарапшылық топ, журналистер мен блогерлер клубы, ақпараттық-насихаттық топ, қалалық ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығы, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы қалалық штабы сынды құрылымдар жұмысын бастады. Бүгінде Шымкенттегі 130 мектептің 50-і – қазақ, 1-еуі орыс, 4-еуі өзбек тілінде білім береді. Ал 75 мектепте білім аралас тілде оқытуда.
«Татулық пен бірлікті ту еткен түрлі этнос арасында жыл басынан бері ассамблеяның қайырымдылық күнтізбесіне сай қайырымдылық бағыттағы Сарқыт, Сыбаға, Шашу, Асар, Қамқор, Тоқымқағар сынды іс-шаралар ай сайын өткізіліп келеді. Славяндардың «Масленица», «Славян жазбасы мен мәдениеті күні», корейлердің «Сольналь», татар-башқұрттардың «Сабантойы» сынды ұлттық мерекелер ұйымдастырылып, Алғыс айту күні Шымкентте апта бойы аталып өтті. Ассамблея мүшелері сыбаға үлестіріп, қала аумағын тазалады. Көршіге ізет көрсетіп, ұстаздарды құрметтеді. «Қазақтану» жобасы аясында ұйымдастырылған «Наурыз керуені» шарасы жұртшылық тарапынан жылы қабылданды. Сонымен қатар жоғары оқу орындарымен бірлесіп, 2 халықаралық ғылыми-практикалық конференция (ОҚМУ-де «Ұлы дала өркениетінің маңызы мен құндылықтары», ал Silk Way университетінде «Ұлы дала құндылықтарын жаңғырту – білім мен ғылымды дамытудың негізгі факторы» тақырыптарында) өткіздік» дейді Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары М.Қалмұратов.
Атап өтейік, ассамблея ғимараты жанынан этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді оқыту курсы ашылған. Бүгінде мұнда 40-қа жуық азамат бастауыш және базалық деңгейдегі топтарға бөлініп, қазақ тілін оқып-үйренуде. Тыңдаушылар әр жексенбіде бас қосып, еркін форматта қазақша сөйлесуді меңгеріп жүр.
Ассамблея Төрағасы бастамаларын іске асыру үшін Nur Otan партиясы қалалық филиалымен, жастар тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарды ілгерілету үшін қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасымен әріптестік меморандум түзілген. Сондай-ақ этнос өкілдері жинақы тұратын тұрғын алаптарында ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жүйелеу және этносаралық кикілжіңдердің алдын алу мақсатында қалалық полиция департаментімен бірлескен іс-шаралар жоспары қабылданып, соның аясында жұмыстар жүреді.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы дауларды сотқа дейін реттеу мақсатында медиация жұмыстарымен де айналысады. Бүгінде осы саланы дамытуға жауапты қалалық 6 құрылым (қалалық ҚХА, қалалық сот, қалалық әділет департаменті, қалалық «Кәсіподақтар орталығы», қалалық адвокаттар алқасы, қалалық нотариалдық палата) арасында меморандум түзілген. Келешекте «Мектеп медиациясы» жобасын дамыту бағытында шымкенттік 130 педагог-психолог медиация курсынан өткен. Ал 51 кәсіби емес медиатордың біліктілігін көтеру бағытында 5 семинар ұйымдастырылыпты.
Үшінші мегаполис ассамблеясы бүгінде қайырымдылық шараларына ерекше ден қойған. Мәселен, жыл басында «Сарқыт» іс-шарасы аясында этномәдени бірлестіктер жанындағы аналар кеңесінің мүшелері №6506 әскери бөліміне жаңадан қабылданған 40 сарбазға сарқыт табыстап, концерттік бағдарлама ұсынса, 1 ірі қараның еті мен жеті түрлі азық-түлік салынған себеттер 40 азаматқа (ардагерлерге, көпбалалы аналарға, жас отбасыларға) сыбаға ретінде үлестірілді. Наурызда «Шашу» іс-шарасы аясында аз қамтылған отбасылардан шыққан 10 бала сүндетке отырғызылып, олардың сүндет тойы өткізілген. Әр балаға қысқы-жазғы киімдер мен велосипед табысталса, сәуір айында «Асар» іс-шарасы жүзеге асыпты. Ассамблея мүшелері жалғызбасты көпбалалы ананың үйіне барып жөндеу, әрлеу, тазалау жұмыстарын жүргізген. Бұл отбасы жыл бойы ассамблеяның қамқорлығында болады. Мамырда «Қамқор» іс-шарасы аясында Ұлы Отан соғысының 8 ардагері мен тыл еңбеккерлеріне сый-құрмет көрсетілсе, маусымда «Тоқымқағар» деп аталатын шара барысында 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай аз қамтылған отбасылардан шыққан 150 балаға сыйлықтар табысталып, концерттік бағдарламалар ұсынылған.
Ерекше тоқталып өтетін жайт, Арыс қаласында болған жарылыс барлық қазақстандықты бейжай қалдырған жоқ. Орын алған төтенше жағдайға байланысты Қазақстан халқы ассамблеясының тапсырмасымен Шымкент қалалық және Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеяларының бірлескен штабы құрылып, Арыс қаласы тұрғындарына жүйелі көмек беру бастамаларын іске асыруды бастап кетті.
Шымкент қаласында ашылған 56 эвакуациялық бекетке 39 мыңнан астам арыстық тұрғындар орналастырылып, жарылыстан зардап шеккендерге бүкіл ел азаматтары жәрдемдесіп, көмектесті. Оған ассамблея мүшелері де лайықты үлес қосты.
Атап айтқанда, ассамблея тарапынан 24 маусым күнінің өзінде 840 мың теңгенің көмегі көрсетіліп, зардап шеккен азаматтарға 4 мың ас суы, азық-түлік өнімдері мен бірінші кезектегі тауарлар, көрпе-төсектер жеткізілді, ыстық тамақ ұйымдастырылып, 700 адамға жатын орындары дайындалды, тұрғындарды эвакуациялауға 3 автобус пен 2 жүк көлігі жіберілді.
Шымкент қаласында ашылған 56 эвакуациялық бекетке 39 мыңнан астам арыстық тұрғындар орналастырылып, жарылыстан зардап шеккендерге бүкіл ел азаматтары жәрдемдесіп, көмектесті. Оған ассамблея мүшелері де лайықты үлес қосты.
Бұл жұмыстарға қалалық, облыстық корей, славян, ұйғыр, өзбек, түрік, татар-башқұрт этномәдени бірлестіктері белсене қатысты. Өзбек және корей этносының өкілдері 150 адамды жатын орындармен қамтамасыз етіп, ыстық тамағын ұйымдастырды.
Келесі күні тағы да арыстық ағайындарға 13 млн теңгеден астам қаржының көмегі көрсетілді. Оның ішінде өзбек этномәдени бірлестіктерінің «Дустлик» қауымдастығы облыстық және қалалық өзбек этномәдени бірлестіктері мен қалалық және облыстық түрік этномәдени бірлестіктері әрқайсысы 3 млн теңгенің көмегін көрсетті. Славян, корей, шешен-ингуш, иран, тәжік, қарақалпақ, татар-башқұрт, грузин, ұйғыр, армян, әзірбайжан және еврей, жалпы барлық этномәдени бірлестіктерінің өкілдері бұл қамқорлықтан тыс қалған жоқ. Тіпті қалалық ассамблея жанындағы Аналар кеңестерінің мүшелері де қолында барын әкеліп беріп жатты.
Қарағандылық армян, атыраулық шешен-ингуш, алматылық күрд, жамбылдық түрік этносының өкілдері де үлес қосты. Ал еліміздегі республикалық ұйғырлар этномәдени бірлестігі 2 жүк көлігімен Арысқа құрылыс материалдарын, киім-кешек жөнелтті. Республикалық әзірбайжан этномәдени бірлестігі мен Алматы қалалық түрік этномәдени бірлестігі Арыс тұрғындарына көмек ретінде әрқайсысы 2,5 млн теңгеден аударды. Нұр-Сұлтан, Орал, Петропавл, Қостанай, Семей қалаларындағы этномәдени бірлестіктер өкілдері мүмкіндігінше көмектерін ұсынып, Қазақстан халқы бірлігінің жарқын үлгісін көрсетіп отыр.
«Бүгінге дейін Қазақстан халқы ассамблеясы бағыты бойынша арыстықтарға көрсетілген көмектердің жалпы соммасы 54 841 227 теңгені құрайды. Оның 41 639 300 теңгесі азық-түлік, ыстық тамақ, киім-кешек, гигиеналық заттар, дәрі-дәрмектер мен киім-кешек және т.б. түрінде болса, 13 078 427 теңге қаражаты «Түркістан» коропоративті қорына, орталық мешіттің есеп-шотына және Шымкент қаласындағы даму қорына аударылды.
Арыс тұрғындарына түскен салмақ бәріміз үшін үлкен сынақ болды. Халқымыз бұл қиындықтан ұйымшылдығымен, жанашырлығымен аман-есен өтіп келеді. Арыстық ағайынның қиыншылығын бөлісіп, көмегін аямаған барша ассамблея мүшелеріне ризашылығымызды білдіреміз», – дейді Мұратәлі Оразәлұлы.
Жалпы, ассамблея этнос өкілдері жинақы тұратын шағынаудандар мен тұрғын үй алаптарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, этносарлық кикілжіңдердің алдын алу жұмыстарын жүргізеді.
Осылайша, ынтымағы ырысты, бірлігі бекем Шымкент қаласының этнос өкілдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тату-тәтті өмір сүріп келеді.
Е.МҰРАТБЕК,
Шымкент қаласы