Бас қаланың коды басқаша болады
Бас қаланың коды басқаша болады
514
оқылды

Мәртебелі мекеме – ЮНЕСКО шешімімен 1998 жылы Нұр-Сұлтан қаласы «Бейбітшілік қаласы» деген атауға лайық деп танылып, арнайы медальмен марапатталған болатын. Бразилияда өткен дүниежүзілік байқауда әлем бойынша 12 жас қаланың ішінен Астана ең жоғары атақты иеленді. Нұр-Сұлтан – Азия елдерінің ішіндегі солтүстікте орналасқан қала. Әлемдегі екі елдің астанасы Солтүстік Мұзды мұхит бассейнінде орналасқан. Моңғолия астанасы Ұлан-Батор қаласы Енисей, ал Нұр-Сұлтан Есіл өзенінің бойында еңсе тіктеген.

Астанамыз – жас қала. Тәуелсіз қазақ елінің бас қаласы. Нұр-Сұлтан қаласы – сұлу қала. Со­нымен бірге, әлемдегі ең суық ас­таналардың қатарына жатады. Елордамыз Ұлан-Батор қаласынан жылырақ, ал Оттаваға қарағанда суықтау.

Айтайын дегеніміз бұл емес. Ұшақпен сапарлаушы әр азамат жақсы біледі: осы уақытқа дейін Астана бағыты билетте TSE деген кодпен белгіленіп келді, бұл баяғы Целиноград қаласының қысқар­тыл­ған атауы; елордамыздың тұр­ғызылғанына жиырма жылдан асса да осы код еш өзгеріссіз қалған болатын.

Бұл туралы кезінде «Айқынға» арнайы мақала да жазғанбыз. Еліміздегі авиация комитеті ләм-мим деп үн қатпаған-ды. Астана­мыздың атауы өзгерді, ал халық­а­ралық код сол күйі тұр.

Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі күні кеше жа­ғымды бір жаңалықты хабарлады. Олардың берген ақпаратына қарағанда биыл халықаралық код өзгереді. Нұр-Сұлтан қаласы әуе­жайының үш әріптік кодын өзгерту туралы шешім қазан айында Жо­лаушылар стандарттарының кон­ференциясында (Passenger Standards Conference – PSC) қабылдануы мүмкін.

Бұл мәселе азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Лас­таев пен Қазақстан, Қырғызстан, Өз­бекс­тан және Тәжікстан бойын­ша халықаралық әуе көлігі қауым­дастығының (ИАТА) аймақтық менеджері Фунда Чалишир мыр­заның кездесуі кезінде талқыланған көрінеді.

Баспасөз қызметінің хабарында «Азаматтық авиация комитеті ас­таналық әуежайдың кодын өзгерту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бұған дейін Нұр-Сұлтанға рейстерді орындайтын авиакомпаниялар елорда әуежайының кодын өз­гертуді қолдап, мақұлдады. Талғат Ластаев пен Фундаза Чалишир арасында өткен кездесу қорытын­дысы бойынша үш әріптік кодты өзгерту мәселесін бірлесіп пысық­тап, үйлестіру, сондай-ақ тарифтік саясат, ұшу қауіпсіздігі және авиа­циялық қауіпсіздік мәселелері бойынша белсенді ынтымақтастық орнату туралы келісімге қол жет­кізілді» деген мазмұнда ақпарат берілген.

Азаматтық авиация комитеті халықаралық әуе көлігі қауым­дас­тығымен тығыз жұмыс істеп жат­қанға ұқсайды. Өзара ынтымақ­тастықтың нәтижесі күзге таман белгілі болады. Сол кезде елорда­мыздың халықаралық коды – NUR деген үш әріппен белгіленуі мүмкін.