Көп арманымыздың бірі – көбею. Бұған мүмкіндігіміз мол бола тұра, әлі межеге жете алмай келеміз. Халық денсаулығын сақтау жылдан-жылға дамып келеді. Көпбалалы отбасыларға бөлінетін әлеуметтік жәрдемақы көп елмен салыстырғанда көш ілгері. Ал онда көбеюге не кедергі? Осы сауалды алдымызға көлденең тартып көрдік.
Дүдәмал ой тастауымызға бірнеше фактор себеп болып тұр. Мәселен, осыған дейін қазақтардың 1930 жылдардағы аштықтан ең көп жапа шеккен халық екенін айтып келдік. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, 1926 жылы қазақтың саны өзбектен 10-15 пайызға көп болған. Тіпті түркі халықтарының ішінде Осман империясынан кейін саны жағынан қазақ ұлты екінші орынды алатын. Белгілі демограф, марқұм Мақаш Тәтімов ағамыздың: «Егер аштық болмағанда, біздің санымыз қазір 32-35 миллионнан асып, оның 28-30 миллионы Қазақстанда тұратын еді…» – деген өкініші де есімізде. Иә, сөйтіп, Екінші дүниежүзілік соғыстың салдары мен тың игеру жылдарындағы қиындықтар қазаққа үлкен қасірет әкелді. Алайда тәуелсіздік бізді осы бір ғасыр бойы бастан өткерген қиындықтардан құтқарды емес пе? Онда неге азбыз?
Енді осы жерде еңсемізді басып, басымызды көтертпей отырған бірнеше мәселенің ұшы шыға бастайды. Оның алғашқысы – экологиялық ахуал. Бірде елордада бас қосқан танымал ғалымдар мен қоғам қайраткерлері экологиялық проблемаларды ортаға салды. Олардың айтуынша, қазақтың көбеймеуіне экологияның бұзылып, қоршаған ортаның ластануы үлкен әсер етіп жатыр. Белгілі ақын Олжас Сүлейменов ұрпағымыздың азаюына табиғаттың бұзылуы себеп деп, нақты мысалдар келтірді. «Қазақ халқы репрессиядан бөлек 40 жыл бойы Семей полигонының қасіретін шекті. Оның залалы әлі де сезіледі» деді ол. Оның үстіне, ұзақ уақыт үздіксіз мұнай мен жер қойнауынан қазбалы байлық өңдеуден де табиғат әбден ластанған. Мұның бәрі тұрғындардың денсаулығына кері әсер етеді. Экологияның бұзылуынан қазір елімізде ұрпақ сүйе алмай жүрген жастар да, жарымжан болғандар да көп. Ал қоғам қайраткері Амангелді Айталы халықтың басым бөлігі осы қалыптасқан жағдайға келісетінін айта отырып: «Сондықтан дер кезінде экологиялық мәдениет қалыптастырып, қолдағы барлық мүмкіндікті пайдалана білу маңызды» деді. Бұл – бір.
Екіншіден, бұрын әр қазақтың шаңырағында кемі 5-6 қара домалақтан дүниеге кеп жатса, бүгінде ондай отбасылардың санын саусақпен санайтындай күйге жеттік. Денсаулық пен біз әңгіме еткен экологиялық жағдайды алға тартатындарды айтпағанның өзінде, бұған әлеуметтік жағдайдың қатты әсер етіп отырғанын аңғарамыз.
«Баламыз көп болса, оларды жеткізсек» деп, көбеюді мұрат тұтып қосылатын жастар жағы азайды. Үйленбей жатып, үйінің іргесін сөгетін, жауапкершілігі аз отағасылар көбейді. Баланы бірінші орынға қойып, тек соның жолында бәріне дайын аналар азайды. Мойындасақ та, мойындамасақ та қоғамның шындығы – осы. Өйткені дәл қазір ажырасудан ТМД елдері арасында алғашқы ондықтамыз. Стастистика комитетінің мәліметінше, былтыр Қазақстанда 137 мыңнан астам жас шаңырақ көтеріпті. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 5 мыңға аз. Керісінше, ажырасушылар көбейген. 2010 жылы 146 мыңдай неке тіркеліп, 41 мыңдай отбасы ажырасса, былтыр бұл көрсеткіш 137 мыңға бір-ақ түсіп, оның 55 мыңға жуығының шаңырағы шайқалған. Некеге тұру дерегі бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары көш басында. Ал ажырасудан керісінше, солтүстік облыстардың тұрғындары тұр. Енді қараңыз, 2018 жылы Қазақстанда 137 797 неке тіркелген. Бірақ олардың 55 мыңға жуығы, яғни 40 пайызы ажырасып кеткен. Қазақстанда ажырасу ең көп тіркелетін аймақтарды Павлодар облысы бастап тұр. Мәселен, былтыр мұнда 5 мыңдай отбасы шаңырақ көтерсе, 3 мың отбасы ажырасып үлгерген. Солтүстік Қазақстанда 3 жарым мың неке тіркеліп, 2 мың отбасы ажырасқан, Қостанай облысында да 5 600 шаңырақтың 3 100-і шайқалған. Ақмола, Шығыс Қазақстан облысының көрсеткіші де көштің басында. Мамандар қанша дегенмен қазақы қаймағы бұзылмаған өңірлерде ажырасудың аз болатынын айтады. «Менің бұған маман ретінде айтарым көп. Оңтүстік өңірдің халқы балаларын ерте үйлендіруге асығады. Тұрмысқа шықпай жүрген қызының қамын жейді. Ол жақта некелесу көп, ажырасу салыстырмалы түрде аз. Ал солтүстік аймақта заңды некеге тұру аз болғанымен қоймай, бір-бірімен қол бұлғасып қоштасатын жастардың қарасы көп. Бұл дерекке осы солтүстік өңірлердегі азаматтық неке деген желеумен бірге тұрып, бірақ некелеспей-ақ ажырасып кететін қаншама отбасын қосыңыз. Олардың арасында бала болмайды. Олар алдымен өз жарастықтарын сынайды. Ал ажырасатындар көбіне бір-екі баламен екіге бөлінеді де, одан ары қарай қайтадан отбасын түзіп, бірнеше баланы өмірге әкелуге бел буа бермейді. Әсіресе, қыздар жағы тіпті тұрмысқа да шықпай қалып қояды», – дейді әлеуметтанушы Ерлан Бошай.
Қасіреті сол, некені бұзу туралы өтініш беретіндердің 83 пайызы әйелдер екен. Британдық Economist басылымының статистика мәліметтеріне сүйенсек, ажырасу саны жағынан көрші қырғыз елі әлем бойынша – 48-орында, 1 миллиардтан астам халқы бар Қытайда мың адамға шаққанда ажырасу көрсеткіші 1,8 пайыз болса, ал 17 миллион ғана халқы бар Қазақстан алғашқы ондыққа кірген (мың адамға шаққанда ажырасу көрсеткіші – 2,8%). «Ажырасудың дені 25-35 жастың аралығында болады. Одан үлкен жастағыларды да көріп жатырмыз. Әр отбасының әртүрлі себептері бар. «Мұның себебі – осы» деп ешкім тап басып айта алмайды» дейді медиатор Салтанат Әбдіқадырова.
Стастистика комитетінің мәліметінше, былтыр Қазақстанда 137 мыңнан астам жас шаңырақ көтеріпті. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 5 мыңға аз. Керісінше, ажырасушылар көбейген. 2010 жылы 146 мыңдай неке тіркеліп, 41 мыңдай отбасы ажырасса, былтыр бұл көрсеткіш 137 мыңға бір-ақ түсіп, оның 55 мыңға жуығының шаңырағы шайқалған.
Дегенмен «негізгі мәселені жоқшылық пен жетіспеушілікке жаба салуға тағы да болмайды» дейді мамандар. Ажырасу эпидемиясының себебін тым әріден іздейтіндер бар. «Біздің бүгінгі мүшкіл халімізге 90-жылдардың аяғы мен 2000 жылдың басындағы дағдарыстың да әсері бар. Сол уақытта көп әке арақ ішіп кетті, жұмыссыз жүрді. Көп отбасы сол кезде ажырасты. Ал сондағы әкесіз өскен балалар бүгінде әке болып жатыр ғой. Мәселені көрдіңіз бе? Әкенің тәрбиесін көре алмағандар үшін баланы әкесіз қалдырып кету де оңай. Бүгінгі күні өздерінің әкелік міндетін толық орындамай жүргенінің себебі сол. Өйткені өзі әкенің махаббатын, әкенің барын сезе алмады», – дейді «Әкелер қауымдастығы» РҚБ төрағасының орынбасары Арыстанғали Сансызбаев. «Сонда бүгінгі әкесіз жүрген балалар алдағы 15-20 жылда осы көрсеткішті тағы көбейтеді деп ойлайсыз ба?» деген сауалымызға ол: «Өкінішке қарай…» – деді...
Иә, біз көбеюдің жолын жан-жақты қарастыруымыз керек-ақ. Бала мемлекеттің басты байлығы десек, отбасы – сол баланың бақытты мекені. Дін мамандары болмашы нәрселер үшін шаңырақ шаттығын бұзуға болмайтынын айтады. Ислам діні ерлі-зайыптыларға бір-бірінің кемшілігін теруге емес, жақсылығын көруге кеңес береді. «Отбасы құрып, ұрпақ көбейту – Ислам дінінде қасиетті де ардақты іс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үйленіңдер және көбейіңдер! Қиямет күні үмметімнің көптігімен мақтанамын» деп үйленудің қаншалықты маңызды екенін айтады. Біз қазір көбеймеудің ғана емес, өмірге келген баланың бір шаңырақта ата-анасымен бірге бола алмай жүруінің жолына түстік. Бұл – қоғамның қотыры. Көзге бадырайып көрінбегенмен, көңілімізді түсіріп, көбеюімізге кедергі боп отырған жайт осы – ажырасу мен азаматтық неке», – дейді теолог Елдос Қырықбаев.
50-жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 80-жылдары – әрбір төртінші, ал 90-жылдары әрбір үшінші отбасында ерлі-зайыптылардың жолдары екі айырылатын болған. Сенат депутаты Динар Нөкетаева ажырасуға алаңдай келе, «Шаңырақтың шайқалуы, яғни ерлі-зайыптылардың ажырасуы – тек сол отбасы үшін моральдық зардап қана емес, ел демографиясына төнген қатер деп қабылдануы керек. Осы мәселенің заңдылық өлшемін, қоғамдық жауапкершілігін нақты айқындау қажет деп есептейміз» деген болатын. Өзіміз демографияға дем сала алмай отырған қоғамда оған қауіп төндіріп отырған бұл бірінші мәселенің шешімін Үкімет қолға алмаса, енді бір бес жылда кешігіп қалуымыз да мүмкін.