Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина саласының күрмеулі мәселелерін шешеді деген бағдарламалардың орындалу барысын сараптаған алқа мәжілісін өткізіп, елең еткізер мәлімдемелер жасады. Осы жылдың алғашқы алты айында атқарылған жұмыстар көңіліне қонбады білем, министр облыстық денсаулық сақтау басқармаларын облыс әкімдерінен алып, министрлікке бағындыру мәселесін көтерді. Ол қызды-қыздымен Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетіне қарайтын күрежолдардағы медициналық-құтқару бекеттерін де өзі басқаратын министрлікке алуға мүдделі екенін білдірді.
Министрдің айтуынша, халық денсаулығын сақтау мен медициналық көмек сапасын арттырудың негізгі мәселелері жергілікті атқару органдар құзырында, бұл мақсатта бөлінген қаражат та жеткілікті, сөйте тұра, мемлекеттік бағдарламалар өңірлерде орындалмай отыр.
«Жабдықтауға 49 млрд теңге бөлінеді. Кейбір әкімдіктер жылына 1-6 млрд теңгені ғана материалдық жабдықтауға жұмсайды. Қаражат пен нормативті-құқықтық база бар, ЖОО бар, бірақ атқару тәртібі жөнінде мәселе туындай береді. Олай болса, денсаулық сақтау басқармаларын Денсаулық сақтау министрлігіне қайта бағындыру мәселесін көтереміз. Мұны Үкімет пен Президент әкімшілігіне дейін жеткіземіз. Келесіде мемлекеттік бағдарламалардың неге орындалмағаны туралы сіздерден сұрап отырғымыз келмейді. Денсаулық сақтау басқармаларының басшысын министрлік тағайындайтын бұрынғы жүйені қайтару керек», – деді Елжан Біртанов алқа мәжілісінде.
Министр өңірлердегі басқармалар жұмысынан бөлек, жол бойындағы құтқару бекеттерінің жұмысын да сынға алып, бұл бекеттер облыстық денсаулық сақтау басқармаларына, оның ішінде жедел жәрдем стансаларына берілуі тиіс деп санайды. Егер бұл ұсыныс жүзеге асса, қаржыландыру мәселесін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп шешпек ниетте. Министр жол бойындағы медициналық-құтқару бекеттерінің аты ғана қалғанын айтып, өзі ат басын тіреген бекеттердегі көргендерін «нағыз деградация» деп атады.
«Көліктері қираған, мамандары әлсіз, тіпті ауруды басатын және әсері күшті препараттарға лицензиясы жоқ. Шокқа қарсы шараны қалай жасайтындары түсініксіз», – дейді министр.
...Біз, әдетте, емханаға тіркелу кезінде күтпеген келеңсіздікпен жиі кездесеміз. Мәселен, басың ауырып, балтырың сыздаса, емделу үшін емхананы бетке аласыз. Ал ондағылар сіздің басқа қалада тіркеліп тұрғаныңызды айтады. Ол жақтан тіркеуден шығып, тұрғылықты қаланың емханасына тіркелемін дегенше 2-3 күн жоғалтуға тура келеді. Мұны естігенде қан қысымыңыз көтеріліп, дүние төңкерілгендей күй кешесіз. Бірден министр мен министрлікті кінәлап, жеті атасын түгелдеп шығасыз. Ең қызығы, Денсаулық сақтау министрі де дәл осындай жағдайды бастан кешіпті. Мұны естігенде не күлерімізді, не күйінерімізді білмедік.
«Біз қағаз жүзінде тіркеуден бас тарттық, себебі онда кемшілік көп болды. Тұрғындардың өзіне айтпай, сыртынан тіркеп жіберетін сәттер болды. Өзім де сондай оқиғаның құрбаны болдым. Мені басқа облысқа тіркеп қойған», – деген министр енді емханаға тіркелу арқылы халық бірнеше мәселені қатар шеше алатынын айтады.
«Әрбір емханада халықтың E-gov арқылы тіркелуіне көмектесетін адам отырады. Ол адамдар электронды цифрлық қолтаңбаны қолдана алмайтындар мен емханаға тіркелуде көмек сұрағандарға көмектеседі. E-gov порталына кірсеңіздер, «Электронды құжат» терезесі пайда болады. Онда қай емханаға, қай дәрігерге тіркелгеніңізді көре аласыз. Әзірге жылына екі рет қайта тіркелу мүмкіндігін беріп отырмыз», – деді Елжан Біртанов. Емханаға тіркелуге екі рет мүмкіндік беру емделуші үшін тиімді. Себебі, қыркүйек-қараша арасында тіркеліп үлгермегендер тіркелу үшін келесі жылдың қыркүйегін күтуге мәжбүр болатын. Бұл мәселе оң шешілгені жөн болған.
Алқа мәжілісінде айтылған мәйіт донорлығына қатысты ақпарат та елең етерлік. Шыны керек, бүгіндері бақилық болған адамның ағзасын донор ретінде пайдалануға марқұмның туыстары үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Келісім берушілер ілуде біреу ғана. Енді бұл мәселені кез келген адам көзі тірісінде нақтылай алады. Алдағы уақытта электронды денсаулық паспортына донорлық туралы арнайы баған енгізіледі. Яғни, емханаға тіркелерде кез келген адамнан қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісімі сұралады. Бас тартса, жауабы электронды құжатта көрсетіледі. Донорлықтан бас тарту үшін адамдар емханаға арнайы келуі тиіс екен. Егер мәйіт донорлығына келісім берсе, ол адам қайтыс болғанда, туыстары ешқандай дау шығара алмайды, оған құқы да болмайды.
Сонымен, электронды денсаулық паспортындағы жаңа бағанға қандай жауап жазасыз, мәйіт доноры болуға дайынсыз ба?