Тағдырдан теперіш көріп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кесірінен емес, әлеуметтік көмек үшін әдейі ажырасатындардың саны көбейді.
Жәрдемақы, жеңілдікпен баспана, тегін жер телімін алу үшін шаңырағын шайқалтатындарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тоқтау салу керегін айтты. Ажырасудың көбейгеніне алаңдаған Президент: «Атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетті. Үкімет пен Президент әкімшілігіне алаяқтыққа тосқауыл қою үшін цифрландыру жүйесін енгізуді жеделдету тапсырылды. АӘК – мұқтаж азаматтарға берілетін мемлекеттің жәрдемақысы» деп көмектің кімдерге тиесілі екенін нақты айтты. Бірақ күні кеше Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова: «Әлеуметтік көмек алу үшін әдейі ажырасады. Екі мыңға жуық қазақстандық заңсыз атаулы әлеуметтік көмек алған. Өкінішке қарай, елде жақсы бір іс қолға алынса, артынша-ақ соның арқасында пайда көріп қалғысы келетіндер табыла кетеді. Олар да жақсы көмек алғылары келеді. Кейде табысын жасырады, кейде жалған ажырасады, тағысын тағы...» деп басталмай жатып, бөлінген қаражаттың тиесілі отбасыларға жетпей жатқанына қынжылды.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев әуел бастан-ақ «Тұрмысы төмен отбасылардың бірыңғай базасы жасақталады. Цифрлы технологияның көмегімен алаяқтыққа жол жоқ» деген еді. Десе де, әлеуметтік көмек беріле бастағаннан бері кедергіден көз ашпай келе жатыр. Министрдің айтуынша, 2018 жылы атаулы әлеуметтік көмек көлемі 40-50 пайызға өссе, биыл 70 пайызға көбейіп, 20 789 теңгеге жетті. Осы атаулы көмекті республика бойынша 830 мың адам алуы тиіс. Бастамасында «атаулы көмекті алу үшін құзырлы органдар қажетсіз құжаттарды талап етіп, халықты әуре-сарсаңға салмасын» деп қатаң тапсырма берген еді. Сондықтан, жәрдемақы алу үшін жалғыз ғана жеке басының куәлігімен барса, жеткілікті болды. Жыр болған жәрдемақы беріле бастаған 4 айдан соң министр ел аралап, 11 жиын өткізді. Шалғай аймақтың тұрғындарымен жүзбе-жүз кездесіп, хал-жағдайын білді. «Министрліктің жанынан мемлекеттік органдармен бірлесе құрылған жұмыс тобы бар. 4 айда 160 мың отбасы, яғни шамамен 806 мыңдай адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 10 мың отбасыға АӘК тағайындалған жоқ. Себебі, олар бекітілген талаптарға сәйкес келмейді. Яғни, отбасылық табысы белгіленген көрсеткіштен көп болып тұр», – деді Бердібек Сапарбаев.
Ал «Спутник Қазақстанның» жазуынша, Президент айтқан жоспарлы түрде ажырасатындардың көбейгені жайлы мәселені ең бірінші Шымкент қаласының соттары көтерген. Ақпарат көзінің дерегінше, «Аптасына 10-15 арыз түседі. Әкелері мемлекеттен көмек алу үшін балаларынан бас тартып жатыр. Көпбалалы аналар әлеуметтік көмек алу үшін соттың алдын бермейді». Ал қазақстандықтар ажырасудан әлемнің назарын аударып отыр. Британдық The Economist басылымының зерттеуінше, әлемдік рейтингте біздің ел ажырасу саны бойынша 10-орында екен. Статистика комитеті былтыр 54,8 мың ажырасу дерегін тіркеген. Ол 2017 жылмен салыстырғанда 0,3 пайызға көп. Бізде 2030 жылға дейін отбасылық жағдайды жақсартуға арналған арнайы бағдарлама да бар. Ақыл айтып, кеңес беретін акция, конференциялар ажырасқандардың аз-көптігін айтумен шектеледі. Ұзақ жылғы орындалмайтын бағдарламалардан не пайда, не қайыр?.. Ажырасқандар жәрдемақыға оңай қол жеткізе ме деген мәселенің анық-қанығын мамандардан сұрадық.
Қайрат ІЗБАСАРОВ,
Шымкент қаласы Еңбекші аудандық
сотының судьясы:
Әдейі ажырасып, әлеуметтік көмек ала алмайды
– Біз ажырасамыз деп арызданып келген отбасыларға жәрдемақы үшін «ажырасудың әлеуметтік көмек алуға ешқандай пайдасы жоқ» деп түсіндіріп айтамыз. Көбісі арыздарын қайтадан алып кетеді. «Жалғызбасты ана» статусымен баспана аламыз деп ойлайды. Ажырасқан әйел жалғызбасты анаға жатпайды. Бала туғаннан бастап әкесі жоқ болса ғана «жалғызбасты ана» деп есептеледі. Ажырасуға келгендердің көбі «мінезіміз жараспайды» деп арызданады. Отбасы болған соң, жанжал, ұрыс-керіс болмай тұрмайды. Ойлануға уақыт береміз. Татуласып кетіп жататындар бар. Кейбірі бір айда татуласады. Кейде керісінше жағдайлар да кездеседі. Практикада тұрмыстық жанжалдардың себептерін жиі кездестіреміз. Отбасындағы үлкендері ерлі-зайыптылардың арасына түскеннен жиі жанжалдасады. Өкінішке қарай, сый-құрметін жоғалтпай, дұрыс қартая алмайтын кісілер де бар. Тұрмыстық кикілжіңнің зардабын ерлі-зайыптылардан бұрын балалар тартады. Сондықтан екі тарапқа ажырасқаннан кейінгі кездесетін проблемаларды жан-жақты түсіндіреміз. Көбінесе, 40 жасқа дейінгілер шағымдануға бейім. 50 жастан асқандар немерелі болған соң, ажырасу үшін арыздануға уақыты жоқ. Соттың негізгі мақсаты – ажырастырмай, отбасын сақтап қалу.
Серікгүл САЛИҚЫЗЫ,
психолог:
«Мен де алып қалайын»
деген масылдық көзқарас басым
– Қаржылай көмек беру халықты масылдыққа тәрбиелеп жатыр. Жалпы, адамның психикасы бала кезден қалыптасады. Бала күннен тежеу, кемсітуді көп көрген бала жасық болып өседі. Әлеуметтік тежеулер балабақшадан соң мектепте жалғасады. Өзіне тиесіліден шетқақпай көрген баланың санасы негативке толады. Адам қоғамнан дараланып жеке өмір сүрмейді. Сондықтан есейгенде қоғаммен араласып кете алмайды. Өз іс-әрекетінің әлеуметке тигізер пайдасы мен зиянын ажыратып біле алмай, екіұдай күй кешеді. Қоғамның жегі құрт сияқты бөлігі болуы – заңдылық. Бірақ олардың үлесі америкалықтардың зерттеуінше, ешқашан бес пайыздан аспайды. Олардың санасын емдей алмаймыз. Себебі, психология бала күннен қалыптасады. Ата-ана баласын жақсы болсын деп тәрбиелейді. Бірақ тәрбиеден кемшілік кетпей тұрмайды. Содан баланың психикасы дамымай қалып қояды. 18 жастан ары қарай ол психика ешқашан ары қарай өспейді. Сана бала кезден қалыптаспаса, өмірбақи жоқ болып кетеді. Ересек адамның денесінде кішкентай бала сияқты өмір сүріп жүре береді. Қоғамда солай өскен бір топ шоғыр адам бар. Оларда іс-әрекеті пайдалы немесе зиян екенін сараламайтын обыр ауруы сияқты эгоизм басым. Ол өзін ғана емес, өзгені де ойлау керек дегенді түсінбейді. Біз сананы қалыптастыратын алтын жіпті үзіп алдық. Тәрбиенің тізгіні босады. Бұрын бала тәрбиесі бесіктен басталып, бүкіл қоғам атсалысатын.
Ақша үшін ажырасудың астарында эгоизм жатыр. Ол – «тек қана менде болу керек, көрші алған жәрдемақыны мен де алайын» деген жаман пиғыл. «Менде болған нәрсе өзгеде болмауы керек» деген ой. Қоғамда «айналаның бәрі жемқор, сыбайласып мемлекетті талап жеп жатыр» деген сыңаржақ пікір жаппай таралған. «Бәрі мемлекеттің қаржысын жеп жатыр, мен де қалам ба?» деп дүрмекке ілеседі. Таза еңбекпен күнін көріп жүргендер мұндай әдеттен аулақ.
Наразылыққа шығып жүргендердің елу пайыздан көбісінің кредиттік қарызы бар. Өз өмірін өзі саналы түрде қиындатып алған. Белшесінен қарызға батқан. Олардың енді істерге ісі жоқ. Онсыз да былыққан өмірді жоқ қылып жібергісі келеді. «Бәрін қайтадан бастасам» дейді. Бірақ оған өзі себепкер екенін қаперге алмайды. Оған «қоғам, мемлекет кінәлі» деп көрсету қолайлы. Біз наразы азаматтарға зерттеу жасағанда көбісінде тұрақтылық жоқ екенін байқадық. Жұмыссыз жүрген кісілерге жұмыс тауып берсең, істемейді. Себебі, олар өзін бір жерде тұрақты қалыптастырып үйренбеген. Байыппен бір жерде бір жылға дейін де жұмыс істемеген.
Тағы бір себебі, мемлекет адамдарды тұрмысына қарай екіге бөліп тұр. «Жағдайы жоқтарға көмектесеміз» дейді. Қоғамды екіге бөліп қарағандықтан, бөлінудің ішіне ілесіп кету – даму деңгейі төмен адамдарға өте қолайлы. Кез келген дамыған мемлекетті алып қарасаңыз, дәл бұлай бөліп қараған емес. Балаға берілетін жәрдемақы барлық балаға беріледі. Отбасылық жағдайына қарамастан, алалау жоқ. Бала санының көптігі мен аздығына қарай отбасыларды бөлмейді. Халықты бай мен кедей деп бөлуге болмайды.
Еркен ОТАРБАЕВ,
Шымкент қаласы Абай аудандық сотының судьясы:
Ажыраспай-ақ алимент өндіріп алуға болады
– Мемлекет тарапынан берілетін арнайы әлеуметтік көмекті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі нақтылаған белгілі бір санаттағылар ғана ала алады. Әдейі ажырасып, әлеуметтік көмек аламын деу – бекершілік. Сотқа «ажарасамын» деп келген адамдардың арыз-шағымын, бүкіл дәлелін, дерегін түгел жинап, зерттейміз. Мысалы, алты айда жалпы 564 шағым түскенімен, 348 іс қаралған, қалғаны райынан қайтқан. Оның 81-і медиация әдісімен татуласқан. 94 адам арызынан сот процесіне дейін бас тартқан. Сотқа ажырасуға арызданып келетіндерді мүмкіндік болса, отбасын сақтап қалуға тырысамыз. Бірақ тұрмыстық әлімжеттіктен мүгедек болған, ауыр жарақат алып, денсаулығына қасақана зиян келтіретін отбасылар заңды түрде ажыраса алады. Соңғы кездері отбасын тастап, өзгеге кетіп қалған, құмар ойын ойнатын, жұмыс істемейтін, ішімдікті шектен тыс көп пайдаланатын еркектердің әйелдері арызданып келеді. Мәселен, табыс тауып, табысын өз отбасына әкелмейтін еркектерге шағымданатын әйелдер күйеуінен ажыраспай-ақ, алимент өндіріп алуға болатынын көбі білмейді. Ішімдікке әуес күйеуін мәжбүрлі түрде емдетуге болатынын айтсаң да, ондай қадамға бармайды. Оның әртүрлі әлеуметтік себебі бар. Көбісі «күйеуім бұрынғыдан бетер ұрады» деп қорқақтайды. Ажырасу – оңай шаруа емес. Әр отбасының тәрбиесі әртүрлі. Біздің басты мақсат – тірі жетім балалардың санын көбейтпей, ерлі-зайыптыны достастыру. БАҚ арқылы түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізгендіктен, соңғы жылдары аса қиын жағдай болмаса, жаппай ажырасу азайды.
Мәнсия САПАРҒАЛИҚЫЗЫ,
әлеуметтанушы:
Бірнеше рет алған жәрдемақының сұрауы бар
– Әдейі ажырасатындардың көбеюі – белең алып тұрған құбылыс. Адамдардың белгілі бір бөлігі жеңілдікті пайдаланып қалуға жаппай ынталы болып отыр. Жолдасының табысы көп болмауы да мүмкін. Бірақ екеуін қосқан кезде атаулы әлеуметтік көмекті ала алмайды. Бұл дұрыс емес. Бәрі заңды жолмен болуы шарт. Екіншіден, бұл жағдай алып отырған әлеуметтік көмектің бір отбасының балаларын асырауға жеткіліксіз екенін де көрсетіп отыр. Кейбір отбасы жәрдемақы алуға мәжбүр. Екінші бір отбасы пайдаланып қалғысы келеді. Басқа аймақтан да, бас қаладан да көмек алғысы келетіндер көп. Бұл жайт адамдардың ниетінің дұрыс еместігін көрсетеді. Пайда тауып, Үкіметті алдағысы келеді. Қадағалаудың әлсіздігі деп есептеймін. Мәселені шешудің жалғыз жолы – бірыңғай әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардың деректер базасын құру. Цифрлы экономикаға көшіп жатырмыз. Табысы, отбасының барлық дерегі, көшіп-қонғаны көрініп тұруы қажет. Сонда түсінбеушілік болмайды. Осы мәселенің төңірегінде жүрген мамандардың да біліктігін көтеру керек деп ойлаймын. Халыққа жылдам қызмет көрсетуді ойластырған жөн.
Көпбалалы отбасылар қалалық жерге көшіп келіп, жағдайын нашарлатып алып жатыр. Ауылдағы үй-жайын, малын сатып, үлкен қалаға жоспарсыз көшіп келеді. «Тегін жер алып қалайын, бір күнімді көрермін» дейтіндер де кездеседі. Зерттеуді қажет етеді. Қара жұмыс істеуге келіп, тұрмысын қиындатудың пайдасынан зияны көп. Алматының «Шаңырақ» ықшамауданы сияқты құжатсыз алған жері заңсыз болып шығады. Осындай жүйесіздіктен келіп, «Мемлекет неге маған көмектеспейді? Тұрмыс қажытты» деген мәселе туындайды. Өз жағдайын қолдан қиындатып алғандарды бақылау керек. Үйін, жерін сатып жіберіп, ажырастым деп басымдыққа ие болғысы келетіндердің әрекетін құзырлы органдар қатаң қадағаласа деймін.
P.S.
Жауапты министрлік, жергілікті атқарушы органдар тиесілі жұмыс жүргізіп жатқанымен, Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова айтқан әдейі ажырасу, түрлі кедергілер әлеуметтік көмек алуы тиіс отбасыларға кедергі болып отыр. Бердібек Сапарбаевтың «Кейбір өңірлерде заңсыз алғандар бар. Біріншіден, табысы дұрыс есептелмейді. Екіншіден, жұмысқа орналаспайды. Атаулы әлеуметтік көмектің негізгі талабы – әлеуметтік келісімшартқа тұру. Соған сәйкес, жұмысқа орналасуы керек. Егер жұмысқа орналаспаса, онда біз ертең атаулы әлеуметтік көмек беруді тоқтатамыз. Талап сондай, заң солай. Ең негізгі мәселе, біз масылдыққа жол бермеуіміз керек. Мұқтаждық пен масылдықты ажырата білуіміз қажет. Жұмыс істемей, үйінде жатып, атаулы әлеуметтік көмек алғысы келетіндер біріншіден, өздері масыл болады. Екіншіден, өсіп келе жатқан балаларын жалқаулыққа үйретеді» деп күйінетініндей бар.