«Қазақстанда жасалған» ба?
«Қазақстанда жасалған» ба?
492
оқылды
Тіп­­­ті, шетелге де отандық өнім­дерді экс­­порттай бастадық. Ауыз толтырып ай­­та­тындай дүниелер бар­шылық. Де­ген­мен өндірістегі қа­зақ­­стандық өнер­табыстың үлесі қан­дай? Қазақтың озық ойлы оқымыс­ты­лары жыл сайын ғылыми жаңа­лық ашып, патент алып жа­­тады. Көп жағ­дай­да отандық өнер­та­­бысқа әлем­­нің маңдайалды ғалымдары таң­­­дай қа­ғып, тәнті болады. Елдегі инно­ва­ция­лық идеялар өндіріске енгізіліп жатыр ма? Шикізатқа бейімделген эко­номикамен даму даңғылына түспейтінін түсінген Үкімет 2003 жылдан бері индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асырып келеді. Елбасының бұйрығымен қолға алынған мем­лекеттік бағдарлама иннова­циялық экономиканың тамырына қан жүгіртіп, өнеркәсіпті техно­логиялық тұрғыдан жаңғыртуды және ғылымға сүйенген өндіріс орындары арқылы экспорт әлеуе­тін арттыруды көздейді. Бірақ тақыр жерге ештеңе өспейді ғой. Сондықтан шенеуніктер бұл ша­руаны «отандық автокөлік», «отандық тікұшақ», «отандық пойыз», «отандық планшет» сияқты өнімдерді Қазақстанда құрастырудан бастады. Түп-тұ­қияны шетелдік болғанымен, олар «Қазақстанда жасалған» деген жапсырмамен шығады. Бірақ шын мәнінде солай ма? Мысалы, KazSat жерсеріктерін қарастырайық. Ішкі құрылысы мен сыртқы құ­ры­лымы түгел франциялық. Элек­троникасы мен өзге құрал-жабдығы Қытай, Жапония, АҚШ-та жасалады. Сонда оның қай жері қазақстандық? Отандық автокөлік мәсе­лесі – өз алдына ауқымы бөлек әңгіме. Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, көлік құрастыру – ең қарқынды даму үстіндегі сала. 2019 жылы елімізде 50 мыңнан артық автомобиль жиналыпты. Ал 2020 жылдың 4 айында бұл көрсеткіш 22,9 мың дананы еңсерген. Министр Қос­танайда қосалқы бөлшектер өн­дірісі жолға қойылатынын мәлім­деді. Осы арқылы Қа­зақ­станда құрастырылатын автомо­бильдердің отандық үлесін 70 па­йызға жеткізу межеленіп отыр екен. Алайда кейбір сарапшылар машина құрастыру ісін отандық автоөндіріс деп атаудың өзі күлкілі дейді. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесіне қарап, қазіргі деңгейін бағамдау қиын емес. Мәселен, Қа­зақстанда бұл сала ЖІӨ-нің 0,06 пайызына тең болса, Ресейде – 2,3 пайыз, Өзбекстанда – 6,6 пайыз. Елдегі жеңіл көлік өндірісі Еу­ра­зиялық экономикалық одаққа, әсіресе ресейлік үлгілерге тікелей тәуелді. Құрастырылатын бөл­шектердің басым бөлігі сырттан тасымалданады. Автоөнеркәсіп әлі күнге дейін субсидия мен мемлекеттік дотацияға мұқтаж. Жақында «Қазақстанның Даму Банкі» жеңіл­дікпен автокредит беру бағ­дар­ламасын қаржыландыру мақ­сатында банктерге 20 млрд теңге транш таратты. Екінші деңгейлі банктер осы ақшаны халыққа 4 пайыз мөлшерлемемен автонесие ретінде үлестіруі керек. Несие 7 жылға беріледі. Ең қызығы, қар­жы­ның қомақты бөлігін Ресей банк­терінің еншілес ұйымдары алған. Нақтырақ айтқанда, 20 млрд теңгенің үштен бірі соларға бұйырған. Транш аясында бөлінген 20 млрд теңгенің 13 млрд теңгесі Ресей банктерінің еншілес ұйымдары – «Сбербанк» АҚ (8 млрд теңге) мен «Банк ВТБ» АҚ-на (5 млрд теңге) аударылған. Ал ForteBank АҚ – 5 млрд теңгені, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ 2 млрд теңгені місе тұтқан. Осыған байланысты қазақстандық банктің бір топ-менеджері: «Ұлттық бағдарламалар шетелдік банктер арқылы қаржыландырылады қызық. яғни, біз Ресейден авто­бөлшек сатып алу үшін ресейлік банктерге субсидия бөліп отыр­мыз» деп қынжылған. 2019 жылы Қазақстан ғалам­дық инновация индексінде 126 елдің ішінде 79-орынды иеле­ніп­ті. Бұл – 2018 жылмен салыс­тырғанда бес саты төмен көр­сет­кіш. Рейтинг жасау кезінде он­даған параметр ескеріледі. Па­тент алуға түсірген арыз саны, инно­вацияны ойлап табу мен оны өндіріске енгізуге жұмсалған қаражат сынды жайттарға назар аударылады. Қазақстан үкіметтік онлайн-сервистерді дамытуға жұмсалатын қаржы бойынша 32-ші, бағдарламалар жүйесі бойынша 120-шы, білім саласына бөлінетін қаржы бойынша 105-орынды місе тұтқан. Посткеңестік кеңістікте Ресей (46-орын), Украина (47-орын), Грузия, (48-орын) Молдова (58-орын), Армения (64-орын) Беларусь (72-орын) бізді артқа тастапты. Швейцария бірнеше жыл бойы бірінші орынды бермей келеді. Неге? Жауабы қарапайым ғана. Жан саны аз, жері кіп-кішкентай мөлтек мемлекет ғылым мен бизнестің әріптестігін бірінші кезекке қойған. Инновация жаңа­лықтарын дереу өндіріске енгізуді үйреншікті үрдіс қылған. Бізде жағдай керісінше. Кәсіпкерлер инновацияға қаржы құюға құ­лықсыз. Олар өнертапқыштарды қол­дағанша мейрамхана немесе ойын-сауық орталығын ашқанды жөн көреді. Ал шетелде, оның ішінде Жапония мен Кореяда ақшасы барлар инновациялық бизнестің тасын өрге домалатуға тырысады. Себебі шетелдік кәсіп­керлер инновациялық бизнес арқылы ұлттық экономиканың дамуына үлес қосуды абырой санайды. Бірқатар мамандардың пайым­дауынша, экспортқа бағыт­талған және бәсекеге қабі­летті эко­номиканың көшін алға жылжыту үшін отандық кәсіп­керлер инновациялық бизнеске бет бұруы керек. Бизнес өкіл­дері дәстүрлі экономиканы ин­но­вациялық экономикамен ұш­тастырып, заманауи техника мен технологияның тілін табуы қажет. Германияда жүздеген шағын және орта инжинирингтік компаниялар Daimler, BMW, Volkswagen сынды атынан ат үркетін компанияларға автокөлік бөлшектерін, ал Siemens компаниясына электроника әзірлейді. Дәл осы инжинирингтік компаниялар нарыққа IT саласы мен био және нанотехнологияға қатысты жобаларын да шығарады. Финляндия, Дания, Ирландия мемлекеттеріндегі шағын және орта бизнес өкілдері де осындай іспен айналысады. Ұлыбритания өз азаматтарын кәсіпкерлікке мектеп жасынан баулиды. Қытай да қарап отырған жоқ. Соңғы 15 жылда шығыстағы көршіміз шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 60 пайызға арттырып, инновациялық бизнеске серпін берді. Белгілі ғалым Мұрат Жұры­нов­тың ойынша, біздегі кәсіп­орындардың көбі шетелдік ин­весторлардың қолында, ал олар қазақстандық ғалымдардың жетістігін енгізуге мүдделі емес. Себебі трансұлттық комп­а­ния­лардың өз елінде жекеменшік зерттеу институттары бар. Көпшілік IT салаға қатысы бар өндіріс орнын немесе заманауи техникамен жұмыс істейтін кәсіпорынды инновациялық бизнес деп біледі. Шын мәнісінде бұл – инновациялық бизнес емес. Біз сөз етіп отырған кәсіп­тің технологиямен, ғылым­мен, қаржымен, жаңа тауар түр­лері­мен, экспортпен тікелей байла­нысы болуы керек. «Ғылым қоры» АҚ президенті Әнуарбек Сұл­танғазиннің сөзінше, инно­ва­циялық бизнес идеядан басталады. – Озық ойды бизнестің бір бөлшегіне айналдыру үшін кә­сіпкерлер жаңару мен жаңғыруға жол салуы тиіс. Түсінік таяз, та­ным тар болса, кәсіпкерлер инно­вациялық бизнесті жіктей алмайды. Осының кесірінен олар инновациялық бизнестің техникалық, технологиялық, ұйым­дастыру-басқару, ақпарат­тық-талдау және әлеуметтік жауап­­кершілік сынды тармақтары бар екенінен бейхабар, – дейді сарапшы. Қазба байлыққа сүйенген экономика көсегемізді көгертпесі анық. Қазірдің өзінде білім жүйесі шикізат секторына бейімделген мамандарды қаптатып жіберді. Сондықтан өзіміз ойлап тауып, өзіміз өндіретін инновациялық бизнеске иек артқанымыз абзал. Сонда экономика қарыштайды, табыс еселенеді, импортты экпорт алмастырады.  

еркебуланЕркебұлан НҰРЕКЕШ